Ассамблея қашан құрылды?
Елімізде көптеген ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осыны қамтамасыз етіп отырған Қазақстан халқы ассамблеясы органының негізгі қызметі қандай?
Гүлбақыт Жолдасова, Астана
Қазақстан халқы ассамблеясы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 жылы 1 наурызда құрылған. ҚХА-ның негізгі қызметі – республикадағы оқиғаларға баға беру және саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы бірлікті қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ҚР Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу. Ассамблеяның 350-ге жуық мүшесі бар. Төрағасы – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Ассамблея мәжілістері арасындағы жұмысты ҚР Президентінің шешімімен Ассамблея кеңесі жүргізеді. ҚХА кеңесі ұлттық-мәдени орталықтар, Ардагерлер кеңесі өкілдерінен, Кіші ассамблея жетекшілерінен, сондай-ақ ассамблеяға мүше басқа тұлғалардан құралады. ҚХА Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық халықтардың мәдениетін, тілін дамытуға қолайлы жағдай жасау бағытында Қазақстан халықтарының фестивальдерін, тілдер фестивальдерін, жексенбілік мектеп окушыларының мемлекеттік тіл мен ана тілін білу дәрежесін анықтайтын байқауларын, тіл саясаты мәселелері бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар өткізеді.