Асбест өндірісінің ағзаға зияны бар ма?
Хризотил-асбест өнімінен жасалатын құрылыс материалдарын тұтынып жүрміз. Оның онкологиялық ауруларға себеп болатынын білеміз. Құрылыс материалдарын шығаруда осы химиялық зат залалсыздандырыла ма?
Нұрлан ДЕРЕЕВ, Қарағанды қаласы
Бұл сұраққа Қазақстандағы «Хризотил қауымдастығы» ұйымының өкілдері жауап береді:
– Жіңішке талшықты минерал – хризотил өндірісі ұзақ уақыт адам ағзасына зиян деп есептелінді. Бірақ жуырда грек және оңтүстікафрикалық ғалымдар жүргізген зерттеудің нәтижесінде бұл шикізаттың зияндылығы туралы мәлімет расталмады. Грекияның Салоники университетінің ғалымдары асбестцемент өндірісіне тартылған 317 жұмысшының ағзасын зерттеді. 1968 жылы ашылған кәсіпорын 2005 жылға дейін жылына 2000 тонна хризотил өңдеп келген. Жұмысшылар ауруларының тарихын жеке-жеке тексеріп, зерделеген ғалымдар олардың бірде-біреуінің мезотелиома, яғни асбест әсерінен болуы мүмкін өкпе рагымен ауырмағанын анықтады. Бұдан дәрігерлер «хризотил-асбест адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейді» деген қорытынды шығарды. Мұндай мәліметті оңтүстікафрикалық ғалымдар мен кейбір ресейлік мамандар да қолдап отыр.