Артық ақша қалай қайтарылады?
– Біздің мекемеде жұмыс істейтін қызметкердің әлеуметтік сақтандыру шотына артық ақша аударылып кетті. Бұл жөнінде біз Қостанай облыстық Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына бүкіл құжаттарды жинап, үш-төрт ай бұрын жібердік. Енді артық ақшаны қайтаруы үшін тағы не істеуіміз керек?
Айдос, Қостанай облысы, Амангелді аудандық ауруханасының есепшісі
Қостанай облыстық Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы мамандарының айтуынша, Төлеушінің (жұмыс берушінің) артық төлеген әлеуметтік аударымдар сомасын «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор) жұмыс берушінің өтініші негізінде қайтарады екен. Артық төленген әлеуметтік аударымды қайтару үшін өтінішті зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа (бұдан әрі – ЗТМО) жіберуіңіз керек. ЗТМО үш банктік күн ішінде аударылған әлеуметтік аударымдарды тексереді. Онан соң сол төлем бойынша деректемелерді қосып, Қорға жібереді. Қор өтінішті өңдеп төлем тапсырмасын жасайды, сонан соң үш банктік күн ішінде ЗТМО шотына ақша аударуды жүргізеді. Қайтаруға жатпайтын сома бойынша Қор ЗТМО-ға қайтарылмау себебін көрсетіп шешім жібереді. Бұл ретте өтініш Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21. 06. 2004 ж. №683 қаулысында көрсетілген өтініш түрінде толтырылуы қажет.