Ақынның әкесі кім болған?
Көптеген кітаптарда Мағжан Жұмабаевтың өзі туралы айтылады да, әкесі туралы деректер кездеспейді. Ақынның әкесі кім болған?
Ербосын Ғабиденұлы, Алматы облысы
Мағжан туралы зерттеп жүргендердің бірі Еламан Шалбаевтың келтірген деректері бойынша, Мағжанның әкесі Бекен Жұмабаев кезінде елдің солтүстігіндегі Сарыайғыр уезінің болысы қызметін атқарған. Ол сөз өнерін жетік меңгергенімен қоса, айтыс ақыны да болған. Мағжанға ақындық әкесінен дарыған болса керек. Мағжанның әкесі 1934 жылы Петропавлдағы қазақ-татар зиратында жерленген. Ұзақ жылдар бойы оның зиратын көздің қарашығындай етіп сақтап келген ақын туыстары Бекен қарт жерленген жерді зерттеушілерге дәл көрсеткен. Бүгіндері бұл жерде үлкен бәйтерек тамырын жайған. Мағжанның артында қалған туыстары әкелеріне ескерткіш орнатылатын күнді 20 жылдан астам уақыт күткен дейді. Ақынның анасы көз жұмарда көрегендік танытып, немерелерінің бірінің атын Тасболат қойыпты. Ондағысы «әлі де заман оңалар, Бекеннің басына тасты осы немерем қояр» деген ырымы екен. Бүгіндері ақын анасының сол көрегендігі келді дейді ақын туыстары. Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекеновтің айтуынша, олар әкелерінің басына тас қоюды ұзақ жылдан бері армандап жүріпті. Мағжанның өзінің зираты жоқ, қай жерге жерленгенін ешкім білмейді. «Нағыз немересі, отау иесі болған менің әкем мен шешем – Сәлімжан мен Бибізайып. Олар да осы ескерткішті көруді армандап кетті. Шешем 1999 жылы қайтыс болды. Сонда «балам, енді артында қалдың ғой, тым болмаса бір ескерткіш орнатқыз» деп Бекеннің зиратын көрсетті. Жұма сайын барып, Құран оқып отырдық» – дейді Тасболат Бекенов. Бұл ескерткішті орнатуға қаланың зиялы қауым өкілдері 800 мың теңге қаражат жинапты. Темір қазықтар қағылып, жез шынжырмен қоршалған мәрмәр ескерткіш Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдығы қарсаңында орнатылды.