Ана құрсағындағы бала күле ме?
Таяуда аяғым ауыр екендігін білдім. Осыған байланысты кез келген мағлұматқа елеңдеп тұрамын. Құрбыларым «бала ана құрсағында жатқан кезеңде күле бастайды екен» деседі. Шынымен де, солай ма? Егер рас болса, құрсақта жатқан баланың күлгенін қай кезден бастап, қалай анықтауға болады?
Әсел САБЫРҚЫЗЫ, Ақмола облысы
Бұл сұраққа биология ғылымының кан- дидаты Салтанат Байқошқарова жауап береді:
– Бүгінгі таңда ультрадыбыстық УЗИ 3d, 4d деген тексеру жүргізетін заманауи қондырғылар бар. Бұл қондырғылар ана құрсағындағы баланың бүкіл қимылын байқауға мүмкіндік береді. Бала ана құрсағында 12-13 аптадан соң толықтай қалыптасады. Осы кезеңнен бастап ол сыртқы әлемді, анасының көңіл күйін, сырттан естілетін дыбысты сезіне бастайды. Осы сәттен бастап, ана өзінің мінез-құлқына, денсаулығына жете мән бергені жөн. Өйткені ананың көңіл күйі балаға беріледі. Яғни бала тәрбиесіне бала ана құрсағында пайда болған сәттен бастап көңіл бөлу керек.
Ана құрсағында жатқан үш айлық шарананың жүзінен езу тартып жатқандай көріністі байқауға болады. Мұндай көріністі жаңа туған баланың жүзінен бәріміз де күнделікті байқаймыз. Қазақта мұны «бала шалықтап жатыр» дейді.