Мешіттердің күмбезіне көз салсақ, құман мен Ай тұрғанын көреміз. Осы Ай қай кезден бастап және неліктен мұсылмандардың символы саналады?
Қазбек ЖЕКСЕНҰЛЫ, Орал қаласы
Алла тағала Айды түнде нұр шашып, жарық беріп тұру үшін ғана емес, пенделерінің Айға қарап жыл санауы мен уақыт белгілерін аңғаруы үшін жаратқан. Бұл жайында Аллаһ елшісінің (с.а.с) бірнеше хадистері бар.
Ал енді Ислам рәмізі ретіндегі Ай белгісіне келер болсақ, ол Осман дәуірінен бастап жалпы рәміздік сипат алыпты. Тарихи деректерге үңілсек, 1453 жылы Султан Мухаммад Фатиһ Византияның жүрегі саналатын Константинополь қаласына, яғни қазіргі Ыстамбұлға шабуыл жасайды. Шешуші күресті бастар алдында аспанда Айдың көрінуін күткен екен. Содан Ай туған шақта бастаған шайқас жеңіспен аяқталып, Константинопольді алады. Ол кезде Осман дәуірі халифалықты әлі алмаған болатын. 1516 жылы Сұлтан Салим бірінші болып ислам өлкелеріне үкім етуді қолға алады да, мешіттердің күмбезі мен мұсылман елдерінің туларына Ай белгісін енгізуге жарлық шығарады. Бүгінде Алжир, Пәкістан, Малайзия, Сингапур, Тунис және Өзбекстан, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан сияқты 13 мемлекеттің туында әлі күнге Ай белгісі сақталып қалған.