Абай нәр алған асыл арналар
Бүгін еліміз ұлы ойшыл, философ, қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаевтың туған күнін атап өтеді. Айтулы күнге орай Семейдегі Абай атындағы әмбебап кітапханада «Абай нәр алған асыл арналар» атты кітап көрмесі ашылды. Бұл шара кемеңгер ақынның 166 жылдығына арналып отыр. Көрмеге кітапхананың сирек қорынан алынған, заманында Абай Құнанбайұлы оқыған кітаптар қойылды.
Мұндағы ең көне кітап – 1786 жылы жарыққа шыққан Михаил Херасковтың екі томдық эпостық жырлары және 1790 жылы басылған Витрувий Полонийдің «Архитектура» атты еңбегі.
Еліміздегі ең көне кітапханада ашылған көрме ақын Абай оқыған дүниелерді қамтығандығымен маңызды болып отыр. Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкері Анар Оспанованың айтуынша, ұлы ойшыл Семейдегі алғашқы қоғамдық кітапхананың оқырманы болған. Ол туралы Америка журналисі Джордж Кеннан Сібір түрмелерін зерттеу мақсатында 1885 жылы Семей өңіріне жасаған саяхатынан жазған кітабында атап өткен.
Ақынның туған күніне орай кітапхана қызметкерлері сирек қорда сақталатын кітаптар көрмесін жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Көрмеде Абайдың белсенді қоғамдық қызметпен айналысқандығын да дәлелдейтін құнды құжат бар. Ал «Абай және әдебиет» бөліміне Абай сусындаған Шығыс пен Батыс, орыс әдебиетінің шығармалары қойылыпты. Кітапхана ұйымдастырған көрмеде Пушкиннің, Толстойдың, Жуковскийдің, Крыловтың шығармалары және Гетенің, Гейненің, Шиллердің, яғни Батыс Еуропа классиктерінің үздік шығармалары да көрермен назарына ұсынылып отыр. Кітапхананың алтын қорында кемеңгердің қытай, корей, қырғыз, өзбек, ағылшын, араб және орыс тілдеріне аударылған еңбектері бар. Осы жолғы көрмеге 50-ден астам кітап қойылды. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, ұлы ойшылдың туған күніне орай өтетін бұдан басқа да түрлі шаралар тамыз айының 23-іне дейін жалғаспақ. Ал Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы ақынның туған күнін тамыздың 23-і күні атап өтпек. Бұл күні киелі қара шаңырақта әдеби кеш, тағы басқа түрлі шаралар өтеді деп жоспарланған.