Рухани құндылықтар қалай өзгереді?

Рухани құндылықтар қалай өзгереді?

Елді ел, ұлтты ұлт етіп құрайтын рухани құндылықтар бар. Ол мыңдаған жылдар бойы уақыттың тезінен, заманның талқысынан өтіп, сынға түсіп әбден қалыптасқан ұлттық қасиет пен салт-дәстүрдің жиынтығы. Бұл құндылықтар біз кездері ұлтты сақтау және жерді қорғау үшін ұлтты ұйыстыратын Конституцияның ролін атқарды. Жеке тұлға мен ауыл-аймақты, рулар мен ұлыстарды шашау шығармай жұмылдырып ұстап тұрды. Жетімін жылатпады, жесірін жұтатпады. Жалғыз бастыларды жұп қылды, өсіп-өрбуіне жағдай жасады. Тәртіпсізді тергеді, тәртіптіні үлгі қылды. Сөйтіп, ұлтты шоғырландырып, ұйыстырып, халық деңгейіне жеткізді. Ал сол құндылықтар қазіргі заман талабы мен ғылыми технологияның дамуына сәйкес өзгеріске түсуге тиіс пе? Иә, солай болады екен. Өзгеретіні бар, Толығатыны бар. Ол заңдылық.

     Қазақтың қайырымдылық қасиеті – рухани құндылықтың бірі. Қазақтың қайырымдылығы, әсіресе, Сталиндік жүйе саяси қуғын-сүргін, репрессия жасаған уақытта жақсы көрінді. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары Балтық жағалауы халықтары мен Кавказ тауын мекендейтін ұлттар мен ұлыстар Орталық Азия мен Сібірге күштеп көшірілді. Олар аяусыз қырғынға ұшырады. Бірақ, қазақ даласына келгендерінің басым көпшілігі аман қалды. Өйткені, әр ауылдағы қазақтар өздері тарығып отырса да барымен бөлісті. Тамағын да, жатын орнын да бөліп берді.

 Қазір, міне, сол халықтардың өкілдері қазақтың қайырымдылық қасиетін әлі күнге жыр қылып айтып, иіліп тағзым етуден талмай келеді. Оның ішінде «АЛЖИР» тұтқыны болған поляк қызы Гертруда Платайстың жазбалары көптеген шығарма мен кинофильмге арқау болды. Гертруданың жазбасында бір топ тұтқын әйел жұмыс орнынан лагерьге келе жатады. Жолда қарттар мен балалар кездесіпті. Балалар үлкендердің айтуымен әйелдерге қарай тас лақтыра бастайды. Күзетшілер "Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма!" деп мазақтап күледі. Тұтқын әйелдер «бұлар балаларына да дұрыстап тәрбие бере алмайды екен-ау» деп күйінеді. Тұтқынның бірі  әлгі тасқа сүрініп құлап түседі. Жерге бетімен құлаған әйел балалар лақтырған тастан  ірімшіктің исін сезіп қалады. Қолына алып тістеп көреді. Тас кәдімгідей дәмді екен. Жерде шашылып жатқан тастарды жинап қалтасына салып алады. Баракка келген соң тұтқындағы қазақ әйелдер бұл тастардың құрт деген қазақтың ұлттық тағамы екенін түсіндіреді. Осы оқиғаны Гертруда Платайс тәптіштеп жазған. Осы жазбаны оқыған Ақмола облысының тумасы  Раиса Голубева атты мұғалім «Құрт – қасиетті тас!» деген өлең жазды. Одан кейін бұл оқиға белгілі қазақ ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасына арқау болды. Сол оқиға желісімен деректі фильм жарыққа шықты. Қазақтың қайырымдылығына қатысты мұндай деректерді мыңдап келтіруге болады. Бұл рухани құндылық өзгеруге тиіс пе? Әрине, жоқ.

Қазақтың аса құнды қасиетінің бірі – қонақжайлық. Барша қазақ баласына тән қасиет бұл. Бұл қасиетті де бүкіл әлем мойындады. Осыдан екі ғасыр бұрын қазақ даласын аралап, аса құнды деректер қалдырған поляк зиялысы

 А. Янушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», - деп жазғаны бар. Иен даланы еркін жайлаған әрбір қазақтың кез келген қонаққа төрін ұсынып, барымен күтіп алатыны қанға сіңген қасиет. Бұның рухани құндылығы неде дейтін болсақ, үйінен қырық қадам шыққан жолаушы – бейшара дейтін түсінік бар. Бұл барша мұсылман жұртында бар ұғым. Ал қазақ оны тереңдетіп «құдайы қонақ» дейді. Яғни, қонақ – құдайдың жіберген адамы. Сондықтан оны дұрыстап күтіп алу ғана емес, қонақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де өз міндетіне балаған. Қазақтың қонағын құдайындай көретінін айғақтайтын деректің бірі – Атырау өңірінде тірлік кешкен Құныскерей Қожахметұлының тағдыры. Үйіндегі қонағын қызыл әскер тұтқынға алмақ болғанда, олармен қақтығысқа барып, ақырында өзі өмір бойы қуғын көріп «банды» атанып өткен ержүрек, батыр, мерген адам. Қазақтың ұлттық ерекшелігі болып табылатын осы бір қасиетті ұлттық құндылық демеске бола ма? Оны өзгертемін десең де қазақтың өзі көне қоюы екіталай.

   Қазақтың үлкенді сыйлауы, оған үнемі құрмет көрсетуі, ақсақалдың ақылын тыңдауы – бұл үлкен құндылық. Белгілі дінтанушы ғалым, этнолог Елнар Берікбаев: «Бұрын қандай оқиға, немесе жағдай болып жатса жастар ақыл сұрау үшін ақсақалдарға барып жүгінетін болған. Өйткені, олардың өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибесі бар, қазынаға бай. Қарты бар үйдің – қазынасы бар дейтіні сондықтан. Ақсақалдардың түйінді ойы, тұжырымды ақылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Отбасылар әрқашан да үлкендерді үлгі тұтып отыратыны сондықтан» деп жазады.

   Қазақ халқының салт-дәстүрі мен дініне, діліне, тіліне қатысты мұндай ұлттық рухани құндылықтары баршылық. Бірақ, оның ішінде заман талабына сай өзгеруге тиіс құндылықтар да аз емес. Мысалы, еркіндік – рухани құндылыққа па? Иә, бұл ең үлкен құндылықтың бірі. Ұлан-ғайыр далада көшіп-қонып жүрген қазақ баласы бұрын дала заңдарына ғана мойын ұсынды. Осыдан жүздеген жыл бұрын қазақ даласына келген саяхатшылар мен зерттеушілер қазақ халқының бойындағы еркіндікті ерекше атап өтетін еді. Бірақ, еркіндіктің есерлікке, еркеліктің даңғойлыққа ұласып кететін тұстары да аз емес. Осының бәрін біз ізге, бір қалыпқа түсіріп отыратын заң жүйесі дейтін дүние бар. Мемлекеттің азаматтарын атағы мен мансабына, жасы мен қартаңына, байлығы мен кедейлігіне қарамастан бір деңгейге түсіретін, тәртіпке салатын – сол заң жүйесі. Дамыған азаматтық қоғамға терең қадам басқан сайын заң мен заңдылықтың ролі арта береді. Яғни, мемлекет пен қоғам Конституция мен заң дейтін құндылықтың уысында болады. Сонымен қатар еркіндіктің шекарасы да заң баптарымен реттеледі. Бұл қажеттілік. Бұл құндылық.

     Дін – бір ұлттың ғана емес, жалпы адамзат баласының рухани құндылығы. Рас, оның өзіндік ерекшелігі мен заңдылықтары бар. Зайырлы елдерде дін мемлекеттен бөлінген. Бірақ, қоғамнан тыс бола алмайды. Бұрын қазақ халқы моноұлтты, әрі бірдінді қоғам болып келді. Сондықтан мемлекет жүргізетін діни саясатқа қажеттілік туған жоқ. Қазір Қазақстан Республикасында көптеген ұлт өкілдері мен ұлыстар тірлік кешіп жатыр. Олардың діні де әртүрлі. Қазақстан халқын ыдыратып алмау үшін, діни қайшылықтарға жол бермеу үшін баршаға ортақ діни саясат жүргізуге қажеттілік туды. Яғни, бұрын діннің өзі ғана рухани құндылық болса, енді ұлыстар мен діни конфессиялар арасындағы төзімділік деген құндылық туып отыр. Толерантность дейміз. Онсыз мемлекеттің тыныштығы бұзылып, діни қайшылықтың соңы қақтығысқа ұласып кетуі оңай. Бұл рухани құндылықтың өзгеруі ме? Бұл бұрыннан бар рухани құндылықты заманауи мағынамен байыту деген сөз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII-сьезінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құран, Інжіл, Таурат және басқа рухани кітаптардың адамгершілік пен бейбітшілік идеясына бастайтынына  тоқталды. «Бұл кітаптар әруақытта төзімділікті насихаттап, зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды тоқтатуға шақырады, сондықтан қазіргі уақытта осы құндылықтарды барша жұртқа жеткізу қажеттігі туып отыр» деп атап өтті Қазақстан Президенті. Осылайша, рухани құндылықтар заман ағымымен байып отырады екен.

Қазір біздің еліміз үшін ең үлкен құндылық бар. Ол –Қазақстан мемлекеті. Бірін бірі қорғап, асырап, жетелеп жүретін жаугершілік заманда ру мен рушылдық жүйесі үлкен құндылық болғаны анық. Өз басшысы мен биі, батыры мен сарбаздары бар бір рудың өзі ол кезде, өз малы мен жаны бар, өз жері мен өз әскері бар кіші-гірім ел сияқты болатын. Қазақ баласы халық болып қалыптасқалы бері бір рудың жері мен әскеріне, биі мен басшысына деген қажеттілік келмеске кетті. Енді қазақтың ұлт ретіндегі бірлігіне қажеттілік туды. Қазақ бүгін - мемлекет құрушы негізгі ұлт. Яғни, ұлттық құндылықтар басты орынға шықты. Жалпы, ұлт тарихын терең талқылап көрсек, қазақ баласы қашан да мемлекетті басты құндылық деп танып келгеніне көз жеткіземіз. Қазақ әуыз әдебиетінде мынадай бір аңыз бар: Абылай хан бозбала кезінде жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Арада біраз жыл өткен соң Қараменде би бастаған қазақтың көрнекті тоғыз биі жиылып жоңғар қонтайшысына арнайы барады. Сондағы қойған басты талабы: біздің ханымызды еліне қайтар! Жоңғар қонтайшысы Абылайға ұқсаған қырық жігітті бірдей киіндіріп, қырық қадам жерден әрі бері жүргізеді де: «Болашақ ханыңды танып тауып алсаң, қайтарамын!» деген шарт қояды. Қазақ билері сол сынақтан сүрінбей өтіп, Абылайды елге алып келіп хан сайлапты. Аңыз ба, шындық па, оның анық-қанығын кім анықтапты?! Бірақ, осындай аңыздың тууына себеп болып отырған сол жұдырықтай жұмылған мемлекетке, көшпенділерше айсақ хандыққа деген қажеттілік екені анық. Өз билеушісін бөтен ел басшысынан «тұтқынан босат» деп сұрап барған оқиға қазақтан басқа халықта бар ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ, бір осы оқиғаның өзі қазақ баласы үшін мемлекет ұғымының қаншалықты ұлы құндылық екенін анық көрсетіп тұр. 

Серік Ақынжанов

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста