Үйдің ішінен шыққан дыбыс, не дыбыс?
Таразға көшіп келіп, жалдап тұратын пәтер іздеп жүргенбіз. Бір күні ағайындарымыздың бірі өздерінің қаладағы екі бөлмелі пәтері бос тұрғанын айтты. «Қаласаңдар, көктемге дейін сонда тұра беріңдер. Ақы төлеудің керегі жоқ, үйді тоздырмай, бас-көз болып отырсаңдар жетеді», – деген соң біз оған қуана келістік. Қысқасы, сол күні-ақ әлгі пәтерге көшіп кіріп алдық.
Екі бөлмелі пәтерде «өзіміз би, өзіміз қожа» болып тұрып жаттық. Алғашында бәрі де тыныш болатын. Бір күні түнде тықырлаған дыбыстардан оянып кеттім. Төсегімізге ай сәулесі түсіп тұр екен. Әйелім көрпені тас бүркеніп: «Пыссымылла, пыссымылла», – деп күңкілдеп жатыр. Әлденеден сескенгендей болып, денем мұздап кетті. Сонда да сыр бергім келмей: «Әй, не болды? Жаман түс көрдің бе?» – деп едім, әйелім қуанғандай болып: «Қатып жатқан шығар десем, ояу екенсің ғой. Тыңдашы. Ылғи да осылай болады», – дейді.
Екеуміз де үнсіз тың тыңдай қалдық. Әлгі дыбыстар біресе тоқтайды, біресе қайта шығады. Біреу бөлме ішінде «баклашка» домалатып ойнап жүрген сияқты. Бірақ жарық болса да бөлме ішінде ештеңе көрінбейді.
Сөйтсем, мен мән бермей жүрген нәрсені әйелім осында көшіп кірген алғашқы күндерде-ақ аңғарған екен.
Қысқасы, сол түні мен шынында да ойланып қалдым. Әйеліме қорыққанымды білдіргім келмей, тұрып барып жарықты жақтым. Екі бөлменің ішіндегі де заттарды аударып-төңкеріп, қуыс-қуыстарды тексеріп көрдім. Күдік тудыратындай ештеңе жоқ. Сосын жарықты сөндіріп, қайта жатып едік, әлгі дыбыс тағы да естіле бастады. Жарықты қосып едім, тағы да тына қалды.
Арада екі-үш күн өткенде тап әлгіндей жағдай тағы қайталанды. Сосын мен жақын маңдағы мешітке жұма намазға барып жүретін бір кісіге жолығып, оған өзімізді мазалаған жай жөнінде айттым. «Сендерді мазалап жүрген шайтан шығар. Намаз, құран оқып тұрсаң, таза жүрсеңдер кетіп қалады», – деді ол кісі.
Үйде бейнемагнитофон бар. Сол күні қаладағы сауда нүктелерінің бірінен құран сүрелері басылған кассета сатып алдым. Соны кешке бір мезгіл қосып қоямын. Расында да оның жәрдемі тиді. Біраз күн бойы құлағымыз тынышталып қалды, түнде ұйқымызды ешкім бөлмейтін болды.
Сәйтіп жүргенде бір күні әлгіндей жағдай тағы қайталанды. Кассетаны қосып, құранды барынша дауыстатып қойып едім, әлгі пәле басымен қайғы болып қашып кеткендей, үйде тыныштық орнады. Бірақ арада бес-он минуттай уақыт өткенде енді қытырлаған дыбыс әжетхана ішінен шыға бастады. Біресе шығады, біресе тынады.
Қысқасы, арада көп өтпей біз әлгі пәтерден көшуге мәжбүр болдық. Ал қазір пәтер іздеген жандар көп. Өткенде әдейілеп барып, көршілерден сұрасам, онда бір жас отбасы тұрып жатыр екен. Мен оларға бұл арадан неге көшкенім туралы айтқан жоқпын. Кім тұрса да одан әлгіндей пәлекет аулақ жүрсе екен деп тіледім іштей.
Адамға жайсыз әсер ететін шайтан малғұнның бетін әрі етсін, әйтеуір.
Ә. НҰРБЕК.