Қасқырдың жағын қарыстырған бала
Қасқырдың жағы қалай қарысты
1987 жыл. Маусым айының басы. Жайлауға қонғалы көп бола қоймаған. Мал аяғы баспаған жонның шөбі шүйгін. Гүл, бәйшешек, қойжуаның иісі мұрынды жарады. Түрлі-түсті көбелектер гүлден гүлге қонып, рахаттана ұшады. Шұрқыраған жылқы, арқыраған айғырлар. Өлеңді жерді қуалай жайылған өгіздер. Сарқыраған тау өзені. Мөлдіреген тас бұлақтар. Осындай бір ғажайып шақта Ортасайдың басын жайлап отырған едік. Қыстай мал баққан, көктемде төлмен алысқан малшы ауылдың арқасы кеңіп, бар ауыртпалық балаларға міндеттелген кез.
Менің міндетім бір күні қой, бір күні қозы бағу. Үшінші күні ала таңнан биелерді байлап, сол күні бие сауғызу. Ат шаптырым биебау, күлдір-күлдір кісінеген ноқталы 17-18 құлын. Құлынына түскен мама биелер. Екі сағат сайын сауын уақыты келеді. Биелердің басын сауғызып, аяғына жеткенше бір сағат зулап өте шығады. Қымызға қызара бөртіп, тағы сауынға шығамыз. Төртінші күні ғана толығымен демалатынбыз. Ол күні тек балық аулауға, қымыз қыдыруға, асау үйретуге, тойға баруға болады. Жаз маусымы осылай өте шығатын.
Сайды өрлеп 4-5 ауылдың қойлары өретін. Қойшылар кілең балалар. Қойды жіберіп қойып, көлдің жағасында жарыс салып, көкпар тартып, жанторсықтағы қымыздан ішіп, әңгіме-дүкен құрып жатамыз. Бір көзіміз үнемі баққан малымызда болатын. Уақыт деген тез өтіп кететін. Сондай күндердің бірінде күнгейді қапталдап, қыратттың асуына жеткен қойлар дүр етіп үрікті. Көзіміз жеткенмен жағалауда жүрген біз алыстамыз. Анық көрдік. Бір қасқыр қуып келеді.
Атымызға мініп, айғайлап тұра шаптық. Шауып келеміз, айғайлап келеміз. Бір кезде қасқыр шұңқырға түсті де жоқ болып кетті. Екі бала алдымен жеттік. Келсек қасқырымыз бір қойды басып алыпты. Жағы ашылмайды. Бізді көрді де тұра қашты. Қыратты асыра қуып қайттық. Артымызда қалып қойған балалар да жетті. Қойды жемепті деп қуанып шулап жатырмыз. Не болған дейміз? Не болған десек, қасқыр қойға шабуылдап тұра ұмтылған сәтте қасымыздағы бір бала тымағының бауын бірнеше түйіп байлап, түйілген бауды аузына тістеп алған екен. Қазақтың ырымы. Оған әкесі үйреткен. Сол кезде қасқырдың жағы қарысып қалған көрінеді. Бұл өз көзіммен көрген, басымнан өткен оқиға.
Кейде біз, қазақтың ырым-тыйымдарына сенбей жатамыз ғой. Сену керек деп ойлаймын. Өйткені, қазақ дала заңын жетік білген дана халық!…….
Ербол БЕЙІЛХАН