Ғарыш ғаламаты
Ғарыш ғаламаты немесе Плутон жер серігінде жүрек тәрізді төбе қайдан жүр? Ғаламның ғажайып сырлары біткен бе? Сонымен қатар, ғарыш аймағындағы өзгешеліктер мен жұмбағы ашылмаған таңғажайыптар әлі күнге ғалымдар қызығушылығын арттырып келеді. Бұл ретте АҚШ-тың НАСА компаниясы аспан әлемін зерттеуде алдына жан салмауда. Көпшіліктің назарында жүрген тоғызыншы Плутон планетасы жайында көптен айтылып та жүр. Бір ғалымдар оны планета деп атамауға бірқатар себептер барын айтса, кейбірі оның планета болуға лайықты тұстарын талдап беріп жатты. Осы жерде кереғар пікір туындап, адам аяғы баспаған сонау бір алыс қашықтықта орналасқан нысанның жай-күйін зерттеуге НАСА қызметкерлері өздерінің аппаратын жіберуге тәуекел жасаған болатын. Күн жүйесінің сыртқы жағында айналатын ергежейлі ғаламшар барша ғалымдардың назарында. Күн мен Плутонның арасындағы қашықтық 7 миллиард 307 миллион шақырымға сәйкес. Күннен алыс болғандықтан Плутонда ауа райы -240° C пен -218° C арасында. Орташа температура -229° C құрайды. Ал Жермен салыстырғанда біздің ғаламшарымызда ең төменгі температура Антарктидада -89.2° C болған, айырмашылығын байқап қарауға болады. Ол күнді 248 жылда бір рет айналатын болғандықтан онда жыл ұзақ. 1992 жылы шуға айналған тақырып «Плутон неге планета емес?» деген сауал болатын. Бұл мәселенің қозғалуына да ергежейлі ғаламшардың басқа планеталарға қарағанда өзінің аймағында ғаламат нысан болып табылмайтындығы, яғни оның маңында осыған ұқсас бірқатар аспан денелері бар екендігі себеп болады. Жұртшылықтың болжамы бойынша, 2005 жылы Эрида деп аталатын Плутонмен аумағы шамалас транснептундық нысан табылған кезде, осы аспан денесінің де планета деген атқа лайықты болу ықтималдығы айтылады. Онда, «Плутонды планета деп атайтын болсақ, неге Эриданы да планета деп атамасқа?» деген сауал туындайды. Тап осы тұста Эриданың ашылуына орай астрономдық бірлестік біздің ұғымда әлі күнге дейін «планета» деген сөзге дұрыс анықтама берілмей келе жатқандығын ұғынды. 2006 жылы Халықаралық астрономиялық одақ Прагада өткен Жалпы ассамблеяда планетаны басқа нысандардан ажырату бойынша белгілерді талқылады. Аталған ассамблея мүшелері бірауыздан Плутонды планета деп санамауға шешім қабылдады. Қысқаша айтқанда, «нағыз планета» өзінің орбита маңайын өзге денелерден тазартып отыруы қажет болатын, ал Плутон мұндай міндетті атқара алмаған. Сондықтан да Плутонды зерттеу барысындағы жаңа космостық кезең 2006 жылдың қаңтар айында басталды. Бұл ретте ғарыш әлеміне НАСА-ның New Horizons аппараты ұшырылған еді. Бір дегеннен Плутонға жол тартқан аппарат 9 жарым жыл бойы аспанды шарлауда. Ал биыл ол шілдеде Плутонға барынша жақындады. New Horizons бұл паленатадан 12 500 шақырым қашықтықта ұшып өтті. Солай Жер тіршілігінің ергежейлі ғаламшармен кездесуі басталып та кеткен болатын. Ол Койпер белдеуіндегі ең ірі дене болып саналатындықтан ғалымдардың қызығушылығы уақыт санап арта түсуде. Ал астрономдардың айтуынша, New Horizons миссиясы аясында ергежейлі ғаламшардың салмағы нақты анықталды. Мұнымен қатар, жаңа мәліметтер Плутон тығыздығы біз ойлағаннан да төмен және онда мұзды төбелер көп екендігін көрсетті. НАСА New Horizons миссиясын жүзеге асыруға 600 миллион доллардан астам қаражат жұмсады, деп жазады El.kz сайты. Ондағы ақпарат бойынша, аппараттың бастапқы салмағы 478 кило, ал оның 77 килосы жанармай болып табылады. Плутонға жетер жолда станса бірнеше гравитациялық маневр жасап, бірқатар зерттеулер жүргізген. Мәселен, 2006 жылдың 13 маусымында аппарат 132524 APL шағын астероидынан 110 мың шақырым қашықтықта ұшып өтті. Сонымен қатар, аталған аппараттың анықтауы бойынша, бұлда әртүрлі рельефтер бар болып шықты. New Horizons Плутонды жағалай жүргенінде оның төбесінде жүрекке ұқсас бейнені тапқан. Оған болжанған Томбо аймағы деген атау берілді. Жүрекшенің сол жағы жазық мұздықты көрсетеді. Бұл ретте ғарыш ғаламаттарының бірі де осы екендігін айта отырып, NASA Twitter желісінде «Плутоннан махаббатпен!» сәлемін жолдаған болатын. Өзінің атауы айтып тұрғандай, New Horizons аппараты «жаңа көкжиектерді» табуы тиіс. Сонымен қатар, ол ХХ ғасырдағы ғалымдардың қолы жетпеген, бірақ барынша зерттеуге тырысқан Плутон мен оның серігі Харон жайында толыққанды мәлімет беруі қажет. Ол жақтан келетін жаңалықтың біздің планетаға жетуі үшін бірнеше сағаттар мен айлар кететінін ескерсек, толық деректер 16 айдың ішінде келіп жетуі тиіс. Әзірге шілденің ортасында жіберілген «Жаңа көкжиектің» мәліметтері осындай. Және де айта кетерлік маңызды жағдай, «ТВ Центр» ақпарат көзінің жазуы бойынша, аппарат бортында Плутонды ашқан ғалым Клайд Томбоның күлінің аздаған мөлшері салынған ыдыс пен америкалық монеталар және байрақ бар. Сонымен қатар, мүмкін болған жағдайдағы келесі әлем өркениетіне жолданған ықшам дискі қоса салынған. Мұны НАСА қызметкерлері белгілі мақсатта жасағаны айдан анық. Мүмкін белгілі ғалымның рухы осы істе шарапатын тигізер деген сенім болар. Десек те, қандай жағдай болмасын, «Жаңа көкжиекке» жұмысында ешқандай кедергілер туындамай, өз міндетін орындауда мүлт кетулер болмасын деп тілейміз.
Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу