Қазіргі келін анекдот тыңдап, сәлем салады...
Клиент тарту бәсекесінде, көзге көрінбесе де, асабалар айқасының жүріп жатқанын біз жақсы білеміз. «Мен мықтымын» дегенді олар қазақ дәстүрін келеке-шоуға айналдыру арқылы «дәлелдеп» жүрген сыңайлы. Әсіресе, келіннің бетін ашқыштар ештеңеден қымсынып-қымтырылатын емес. Азын-аулақ ақша үшін рулас қарындасының бетін аша салуға, келін алдында қайын атасын не енесін келеке етіп, бір емес, бірнеше рет ортаға шақырып, қалтасының түбін «қағып алуға» үйренісіп алған. Оқтау ұстаған жігітті «әрі тұр да, бері тұр» деп ел алдында мазақ етіп, сәлемін арнаған келіннің алдына ізет ете келген ағайынның жүріс-тұрысын әжуа етіп, күлдіремін деп, бүлдіріп жатқан асабалар да аз емес. Ақ жаулығын жамылған келінге мағыналы өсиет айтып, әулеттің игі жақсыларын таныстырудың орнына, бісімілләсін анекдот айтумен бастайтын «күлдіргіш» асабалар бағзы дәстүрімізді бүлдіріп барады. Елді бір «қызыққа» батырайын деп, беташарды былай жиыстырып қойып, қайта-қайта анекдот айтып, келіннің екі иығын селкілдетіп, дәстүрді оп-оңай «ойын-сауық отауына» айналдыра қоятын асабалардың ойлағаны не екен сонда?
Елде келін бетін ашуды кәсіп еткісі келетін ақын қалмаған соң, мұндай миссияны той қуалап жүрген жаттама-асабалардың иеленіп алғанын несін жасырайық...
Ілгеріде бет ашушы ақынның сөзі:
– Нан тілесе, май берген.
Бай кісі мен байғұсты
Бәрін бірдей тең көрген.
Шөлдеп келген кәріпке,
Бал, қант қосып шай берген,
Жомарт байға бір сәлем! – деп келуші еді, қазіргілер:
– Әр жерден тиын құрап тұр,
Майда таппай жылап тұр.
500 теңге берші деп,
Жеңешемнен сұрап тұр, – деп сырғытады.
Бұған тоқтау салмасақ, таяу болашақта келін бетін MS сияқты рэп айтушылар ашып, ал келініміз билей жүріп сәлем салар заманға тап болып жүрмейік, ағайын...