Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы: Банктердің ахуал
Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты занның жұмыс істей бастағанына бір айдан асты. Осы аралықта азаматтардан 45 223 өтінім келіп түскен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Соның 9 816-сы қарастырылып жатса, 4 905 өтінімге мақұлдау берілген. 30 436 өтінім қабылданбаған. Өтінімдердің басым бөлігі Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Алматы мен Астана қаласынан келіп түскен.
Осы орайда жеке тұлғалардың банкроттығына байланысты қарыз портфеліндегі есеп-қисабы біраз өзгеріске ұшырауы мүмкін екінші деңгейлі банктерге сауал жолдадық.
Банктердегі «нашар» займ көлемі қанша?
«Банк ЦентрКредит» баспасөз қызметінің хабарлауынша, банктің займына қатысты соттан тыс банкроттық аясында келіп түскен бір өтінім мақұлданды (2023 жылдың 3 сәуіріндегі жағдай бойынша). Сот банкроттығы бойынша да 1 іс қозғалып, соның қорытындысы бойынша банкроттық процедурасы қарастырылмақ. Қазір бұл банктегі төленбегеніне 90 күннен асқан берешек көлемі (NPL) жалпы қарыз портфелінің 2,1 пайызын құрайды.
«Заңға сәйкес банкроттыққа борышкер өз еркімен өтінім бере алады. Бұл ретте борышкер сәйкес келуге тиіс талаптар бар. Олар – кешіктірілген берешектің болуы, кешіктірілген қарызды реттеуден банктің бас тартуы, соңғы 12 айда төлемнің болмауы. Алайда «Tazalau»-дағы (банкроттыққа өтінім беретін платформа) деректерге қарасақ, борышкерлерден келіп түскен өтінімдер заңдағы талаптарға сәйкес келмейді», деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
«ВТБ Қазақстанның» хабарлауынша, заң аясында келіп түсіп жатқан өтінім саны аз. Олардың негізгі бөлігі соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша өтіп жатыр екен.
«Jusan Bank» баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, соттан тыс тәртіпте банкрот деп тану туралы арыз берген 30 443 азаматтың 1 990 азаматы Jusan Bank-тен қарыз алған. Олар алған қарыз сомасы 2 472 млн теңгеге тең. Бүгінде «Jusan Bank»-тегі қарызы 496 мың теңгеге жететін 2 қарыз алушы бойынша соттан тыс банкроттық рәсімдеу үдерісі басталыпты.
Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, «соңғы 12 айда төлемнің болмауы» критерийі бойынша жеке тұлғаның банкроттығын банктің 15 754 қарыз алушысы пайдалана алады.
«Банк балансында жеке тұлғалардың 90 күн мерзімі өткен берешегі 47 млрд теңгеге тең. Банк кешіктірілген несие бойынша 225% мөлшеріндегі резерв қамтуының жоғары деңгейіне (90+) ие. Сәйкесінше несиелік тәуекел деңгейі төмен», деп жауап берді «Jusan Bank».
«Нурбанк» баспасөз қызметінің бізге ұсынған дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша NPL 90+ көлемі 5,21 пайызды құрайды екен.
Ал Freedom Bank клиенттеріне қатысты банкроттық рәсімдерін қолдану туралы хабарламалар келіп түспеген. Банктегі 90 күннен асқан берешек көлемі – небәрі 0,01 пайыз.
«Банктің стрестік активінің жалпы көлемі 0,01 пайызды құрайтындықтан, банкроттыққа өтінім беретін клиент саны өте аз болады немесе мүлде болмайды деп пайымдаймыз», делінеді банк жауабында.
Заңда қандай кемшілік бар?
«Нурбанк» басшылығының айтуынша, қолданыстағы заңда бірқатар кемшілік бар.
«Осы заңда кредиторлардың құқықтарына нұқсан келтіретін және борышкерлердің жосықсыз бөлігі өз міндеттемелерін орындау бөлігінде жауапкершіліктен жалтару үшін пайдаланып кетерліктей кемшіліктер байқалады. Осындай кемшіліктердің біріне төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары қамтуы мүмкін шаралар бөлігінде диспозитивті норманы жатқызуға болады. Негізі, бұл шаралар міндетті түрде қолданылуы керек деп есептейміз, атап айтқанда:
борышкер мүлкінің бір бөлігінің сатылымы;
борышкер мүлкінің мүліктік арендаға берілуі;
борышкердің дебиторлық берешегін өндіріп алу;
борышкердің баспанасын (автомобилін) төмен бағадағы баспанаға (автомобильге) ауыстыру;
борышкердің тұрғын үйін (автотранспортын) кейіннен құны төмен тұрғын үйді (автотранспортты) сатып ала отырып сату;
борышкерді жұмысқа орналастыру.
«Сонымен бірге кредиторлардың борышкерге қатысты заңда көзделген рәсімдердің бірін қолдану туралы өтініш беру мүмкіндігін шектеу дұрыс емес деп санаймыз. Соның ішінде борышкердің кепіл нысанасы болып саналмайтын жалғыз баспанасын өндіріп алуға қатысты мүмкіндігі де бар. Өйткені бұл мүмкіндіктердің болуы кредиторлардың талаптарын көбірек қанағаттандыруға, сондай-ақ адал емес борышкерлер тарапынан заңсыз әрекеттерді азайтуға ықпал етер еді», деп мәлімдейді банк басшылығы.
Freedom Bank өздерінің аталған заң жобасын талқылауға Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы құрамында қатысқанын айтады. «Талқылау барысындағы ескертпелер мен ұсыныстар әзірлеушіге Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы тарапынан ұсынылды», деп мәлімдеді қаржы институты.
«Jusan Bank» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңын әзірлеуге қатыспаған.
«Банк ЦентрКредит» те заң жобасын талқылауға Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы арқылы қатысқан. «Кез келген заңнамалық акт секілді бұл заң да алдағы уақытта екінші деңгейлі банктердің ұсынысы негізінде өзгеретін болады», деп мәлімдеді банк.
Еске сала кетейік, соттан тыс банкроттыққа Egov және Tazalau порталы арқылы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтінім беруге болады. Сот банкроттығына өтінім беру үшін тұрғылықты жер бойынша сот мекемесіне жүгіну керек.