Қыстың көзі қырауда жылусыз қалған оңай ма?
Өткен жылғы ақпан айында Кентауда жылу қазандықтары бірінен соң бірі істен шығып, 30 градус аязда жұрттың жылусыз қалғаны әлі есімізде. Содан ба, осы күзде төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко алдағы қыста Кентаудағы жылу маусымы май жаққандай өтеді деп уәде берген-тұғын. Шынында да, әзірге ол жақ тыныш.
Әлбетте, етек-жеңін қымтап, сақадай-сай отырған қалада (оның үстіне, «жарылғыш бір шұңқырға екі рет түспейді» деген де бар емес пе) ондай оқиға қайталана қоймас. Есесіне, өткен мейрам күндері алматылықтар біршама әбіржіп қалды.
Жылу желісіндегі ірі апаттың салдарынан 20 градус суықта оңтүстік астананың 22 мыңға жуық тұрғыны, бес балабақша, сегіз мектеп, екі емхана жылусыз қалды. Рас, бір тәулікке жетер-жетпес мерзімде апат салдары жойылып, жылу берілді.
Бір қызығы, құбыр жарылған аумақта жаз бойы жөндеу жұмыстары жүріп, құбыр ауыстырылып жатқан. Ал 1986 жылы төселіп, әбден тозығы жеткен мына құбырға кезек жетпей қалыпты. Мұның алдында қаланың тағы бір басында құбыр жарылып, он шақты үйді су басып, тоғыз адамның ыстық суға күйіп қалғаны және бар. Қарап отырсақ, қыстың ішінде жылу желісінің сыр беруі жыл сайын қайталанатын «дәстүрге» айналып барады. Қақаған қыстың ішінде құбырды «жаратын» бір ғана себеп бар. Оны «Алматы Жылу» холдингінің директоры Михаил Коржов та, қала әкімі Ахметжан Есімов те жасырмайды.
Михаил КОРЖОВ, «Алматы Жылу» холдингінің директоры:
– Алматыдағы жылу желісінің 60 пайызының тозығы жетіп тұр. Бірақ осы жылдан бастап жылу желісінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жағы біршама ұлғайтылды. Ал келесі жылдан бастап қалада тағы да құбыр ауыстыруға кірісеміз.
Алматыдағы жылу желісінің ұзындығы 1230 шақырымнан асады. Ал құбыр желісінің жарамдылығы – орта есеппен 25 жыл. Тозған 60 пайызды азайту үшін жыл сайын жылу желісінде 45 шақырым құбырды ауыстыру қажет. 2012 жылғы жоспар бойынша 17 873, 30 м желі ауыстырылады деп жоспарланған. Осы мақсатта республикалық және қала бюджетінен 6 млрд 950 млн теңге бөлінген.
Ресми дерек осындай. Сонда жыл сайын қаладағы жылу желісінің 45 шақырымы ауыстырылса, тозығы жеткен 60 пайызды (738 шақырым) жаңартуға 16 жылдай уақыт керек екен. Ал оны жаңартып біткенде қалған 40 пайызы да тозып үлгереді. Сондықтан жылу желісі сияқты маңызды мәселеде «тасбақа аяң» саясатын ұстану – қала тұрғындары үшін түсініксіз жайт. Тіпті су және жылу желісіне арналған арнайы трассаның салынбайтыны да көңілге қонбайды. Әлде апат болған сайын асфальтты қопарып, құбырды ауыстырған арзанға түсе ме?
Құбыр ауыстыруға байланысты екінші бір түйткіл бар. Соңғы жылдары қалыптасқан дағды бойынша, құбыр ауыстыру жұмыстары жаз шыға емес, шілденің ортасынан ауған кезде ырғалып-жырғалып әрең басталады. Содан жөндеу жұмыстары сонау қара күзге дейін созылады. Бұл – қаланың біраз бөлігі күздің қара суығында ыстық сусыз отырады деген сөз. Биыл тіпті жылу маусымы да кешіктірілгені белгілі. Мамандардың айтуынша, мұның себебі – тендерде. Себебі құбыр алмастыру жұмысын тендерде жеңіске жеткен мердігер кәсіпорын жүргізеді. Ал белгісіз себептермен тендердің өтуі кешіге береді. Одан кейін қаржы түскенше жөндеу жұмыстары тағы тежеледі. Сондықтан құбыр төсеу шаруасында түбегейлі өзгеріс болмайынша, әлгіндей түйіндерді шешу мүмкін емес.
Жалғыз Алматы емес, Риддер қаласында да 16-сынан 17-сіне қараған түні «Риддер-ТЭЦ»-тегі алтыншы қазандық істен шықты. Мұндайда жұрттың электр жылытқыштарына жармасатыны белгілі. Соның салдарынан жалп етіп жарық өшеді. Кейбір үйлерге екі тәулікке дейін жарық берілмеді. ХХІ ғасырда, ел аман, жұрт тынышта жылусыз, майшаммен отырғандарды көзге елестетудің өзі қиын.
Ал, шындығында, жылу маусымы басталарда коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекемелер «100 пайыз дайынбыз» деп есеп берген болатын.
Сөйтсе де, күзде Президент Әкімшілігі инспекторларының, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген тексерулерден кейін жағдайдың соншалықты мәз емес екендігі анықталғанын да еске түсіруге болады.
Биылғы маусымда сол баяғы Кентау, Теміртау және Семейдің қыс ішінде жылусыз қалуы мүмкін екендігі ескертілді. Сонымен бірге қатерлі аймақтар қатарында Қызылорда, Арқалық, Алматы және Арқалық аталған болатын. Бүкіл ел бойынша жылу желісінің ұзындығы екі құбырмен есептегенде 11,7 мың шақырымды құрайды. Оның 3,8 мың шақырымы немесе 32,6 пайызы – коммуналдық меншікте, 7,9 мың шақырымы немесе 67,4 пайызы – жеке меншіктің иелігінде. Осы жылу желісінің 63 пайызы жөндеуді қажет етеді. Желінің тозуы салдарынан жылу қуатының 17,5 пайызы немесе 11,6 млн Гкал жылу далаға кететін көрінеді.