ҚТЖ өкілдері мереке күндері неліктен пойыз билеттері қымбаттайтынын түсіндірді
"Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдері мереке күндері неліктен пойыз билеттері қымбаттайтынын түсіндірді. Сөйтсек, темір жолмен жүру ақысын робот реттейді екен, жасанды интеллект қандай баға қоярын өзі шешеді екен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Портал редакциясына алматылық Мұрат Әлиев хабарласқан. Ер адам "Жолаушылар тасымалы" сайтындағы (Bilet.railways.kz) билеттердің бағасын салыстырған. Ол Алматы-2 - Петропавл бағытындағы 705Т нөмірлі пойызының билет құнына назар аударған. 30 желтоқсанда купемен жүрудің ақысы 25 251 теңге болса, 31 желтоқсанда - 18 650 теңге, ал 1 қаңтарда - 16 650, 22 қаңтарда - 9 750 теңше. Ол арзан болсын деп билетті бір ай бұрын алуды ойлаған.
"Басқа қаладан келетіндер 30 желтоқсанда қайта бастайды, ал сол күні билет қымбат. Осы күн мен бірінші қаңтардағы билет құнының айырмашылығы 10 мың теңгеге жуық, мұның не мәні бар? 22 қаңтарды мен әдеттегі күндерде билет қанша екенін көрсету үшін жай таңдай салдым", - дейді Мұрат.
"Жолаушылар тасымалы" ресми өкілі Диас Ахметшәріп тілшімізге билет құнының неге құбылмалы екенін түсіндірді. Ол компанияның 37 бағытының әлеуметтік маңызы барын, оны мемлекеттің субсидиялағанын айтып берді. Тағы 10 бағыт коммерциялық екен, оларды акционерлік қоғам қаржыландырады. Бірінші айтылған пойыз түрінде 2018 жылдың қыркүйегінен бастап динамикалық тариф басқару бағдарламасы (ДТБ) жұмыс істейді екен.
Маманның айтуынша, бұл бағдарламаны барлық жерүсті және әуе тасымалдаушылары қолданады.
"Билеттің сатылымы пойыз жолға шығатын күннен 45 күн бұрын басталады. Билетті қаншалықты ерте сатып алсаң, соншалықты үнемдей аласың. Бағдарлама бағаны өзі реттейді: кету уақыты жақын болған сайын оған сұраныс та артады, сондықтан қымбат. Алайда әлеуметтік маңызы бар бағыттардың құны 25 пайызға ғана қымбаттайды, мұны мемлекет реттейді", - деп түсіндірді Диас Ахметшәріп.
Ал коммерциялық пойыздарда табысты басқару жүйесі жұмыс істейді. Ол жолақыны сатып алу мерзімі мен сұранысына қарай базалық мөлшерлемеден 35 пайызға дейін қымбаттатуы мүмкін. Мұрат Әлиев айтқан 705 нөмірлі пойыз осы санатқа жатады.
"Мереке күндері сұраныс артып кетеді де, бағдарлама бағаны "құбылта" бастайды. 7 мың теңге тұратын билет 10-12 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Ал базада екі қосымша вагон пайда болса, баға төмендейді, себебі бағдарламаның міндеті - барлық орынды сату. Билеттерді тез арада сатып ала бастаса, баға өседі. Мұны машина шешеді, адам факторы толықтай алып тасталған. Коммерциялық пойыздардың табысы қызметкерлердің жалақысына, вагондарды сатып алу мен жөндеуіне, жинамалы жұмсақ инвентарьға және тағы басқа қажетке жұмсалады, яғни бәрі де компанияның дамуына жұмсалады", - дейді Ахметшәріп.
"Сондықтан билетті пойыз жүрерге дейін 45 күн бұрын алып қою керек", - дейді ол.
Сондай-ақ, Диас Ахметшәріп қоданушылардың назарын "Күту қағазы" деген жаңа қызметке аударып отыр. Мұның арқасында өзге жолаушылар билетті қайтарған жағдайда билет алуға кезекке тұру мүмкін болады.