Қазақстанның сиырлары суалып кеткен бе?
Төскейінде төрт түлікті төлдеткен қазаққа әсте құрғақ сүтті пайдаланған жараспаса керек-ті. Әрине, қолдан сауылған құнарлы сүт тұрғанда құрғақ ұнтақты алып, ақымақ болыппыз ба?Табиғи сүт тапшы болғаннан кейін шетел асып келіп жатқан құрғақ сүтті алуға мәжбүрміз. Сарапшылар еліміздің құрғақ сүт бойынша импортқа тәуелділігі 97%-ды құрап отырғанын айтады. Тапшылық тек қалада ғана емес, бүгінде ауылдар да сиыр сүтіне сусап отыр. Ертеректе ауылда ағарған деген сатылмайтын. Әрбір үйі сиыр ұстап, айран, сүтті қанып ішіп, құрт-майымен дастарқанын жайнатып келген далалықтар бүгінде көрші-қолаңнан бір кесе сүтін сатып алып ішуге дағдыланып бара жатыр.
Бұл күндері ауылда тұрып, мал ұстамайтын қазақтың сылтауы көбейді. «Жайылым жоқ» дейді, қораға түсетін ұрылардан қорқады. Әйтеуір, түрлі себептермен тігерге тұяғы жоқтар да ауылда тұрып жатыр.
Алайда сарапшылар Қазақстанның сүт өнімдерімен ішкі сұраныстан бөлек, 150 миллионнан аса халқы бар үштік – Кедендік одақтың 25%-ын қамтамасыз етуге қауқары бар дегенді айтады. Ол үшін ауылдардан сүт қабылдау мен оны өңдеу орындарын ашып, асылтұқымды сүтті сиырларды өсіруді, шаруашылықтарды ірілендіруді қолға алу керек. Әйтпесе Корея мен Сингапурдан жеткізіліп, Ресей арқылы бізге экспортталатын құрғақ сүттен әсте құтыла алмасымыз анық. Құрғақ сүтті шайға, түрлі пісірілімдерге, тіпті кейбіреулер балалардың ботқасына да қосып отырады. Айтқандай, жуырда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева дүкенде сатылып жатқан сүт өнімдерінің сапасына алаңдаушылық білдірді. Ғалымдардың пікірін алға тартқан Дариға ханым құрғақ сүтті пайдалану түрлі сырқатқа шалдықтыратынын айтты. «Бюджеттік мекемелер болса, оларды көптеп сатып алып, балабақша, мектептер мен ауруханаларда қолданады. Осыдан кейін ұлт денсаулығы туралы қандай сөз қозғауға болады?» деп налыды халық қалаулысы. Бүгінде нарықта сүт өнімдерінің 27 түрі саудаланады. Оның 8 түрі шетелден әкелінеді. Отандық өндірушілер арасында да құрғақ сүттен өнім шығаратындары бар. Сондықтан депутат жауапты тұлғалардан дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерін қатаң қадағалауға алуды сұрады. Жайбарақат отырған Ауыл шаруашылығы мен Денсаулық сақтау министрлігін шұғыл шараларды қолға алуға шақырды.
Көршілердің дабылы!
Көрші Ресей өз халқының денсаулығына алаңдап, құрғақ сүттің дабылын қағып жатқанына біраз уақыт болды. Олар дүкенде сатылатын сүт өнімдерінің арасынан ағзаға қатерлі улы заттарды тауып, мұндай өнімдердің бәрін тиісті сараптамадан өткізуде. Меламин деп аталатын ұнтақ күнделікті тұтынатын сүт өнімдерінің арасынан табылып жатыр. Химиялық қоспасы көзге ақ ұнтақ түрінде шалынатын осы меламин дегеніңіз, шынтуайттап келгенде, кәдімгі пластмасса жасайтын ұнтақтың өзі екен. Бұл сүтке қосылғанда оның көлемі ұлғаяды, дәмі аздап өзгергені болмаса, таза сүт сияқты әсер береді екен. Бүгінгі таңда Ресей сарапшылары зерттеп-зеделей келе, осы қатерлі өнімнің аса кең көлемде таралып кеткенін анықтап отыр. Көршілер оны анықтап қана қоймай, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шұғыл шараларын да қолға алып жатыр. Олар құрамында меламині бар өнімдердің бәрін нарықтан алып тастау туралы шешім қабылдады.Осындай шұғыл шараларды әлемнің басқа да бірқатар елдері қабылдай бастады. Жақында ғана Еуроодақ құрамында құрғақ сүт ингредиенті бар балаларға арналған кез келген Қытай өнімін бірлескен елдерге алып келуге тыйым салды. Осы тектен-тек жасалып отырған шара ма? Ал Ресейдің бас санитарлық дәрігері құрғақ сүтке қатысты барлық Қытайда өндірілетін азық-түлік атаулыны елге әкелуге тыйым салуда. Қазір Ресейдің бірқатар қалаларында, атап айтқанда, Хабаровскіде және Томскіде Қытайдан жеткізілген құрғақ сүт өнімдері тәркіленіп жатыр. Таяуда ғана Хабаровскіде осындай 2 тонна құрғақ сүт табылды. Бүкіл Ресей елі бойынша қазір ірі қалаларда арнайы тексерістер жүруде.
Лаура БАЙҚОНЫСОВА, Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ОҚО бойынша департаментінің ғылыми қызметкері:
– Құрғақ сүттің сақталу мерзімі табиғи сүтке қарағанда жоғары және тоңазытқышта сақтауды қажет етпейді. Алайда дұрыс емес жағдайда (жоғары ылғалдылықта және қоршаған ортаның жоғарғы температурасында) сақталған құрғақ сүттің тағамдық құндылығы төмендейді. Құрғақ сүттің басты кемшілігі – оның майлылығында. Ол қаныққан май қышқылдарына жатады. Нәтижесінде құрғақ сүтті артық мөлшерде пайдаланған жағдайда белок, май, көмірсу алмасуы бұзылуына және де майдың мөлшерінің жоғары болуына байланысты холестериннің түзілуіне алып келуі мүмкін.Халықаралық стандарттарға сәйкес, сүтті термиялық өңдеудің бірнеше түрлері бар. Атап айтқанда, төменгі температурада, орташа және жоғарғы температурада сақтау. Төменгі термиялық өңдеуден өткен құрғақ сүттің құндылығы жоғары болады, мұндай сүт «төменгі температурада өңделген сүт» деп аталады.
Артық болмас білгенің...
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, біздің еліміздің әр тұрғыны шамамен жылына 260 литр сүт өнімін пайдаланады. Салыстырып көрсек: Франция және Германия тұрғындары – 430 литр, Скандинавия елдерінде сүт тұтыну 500 литрден асады. Қазақстандықтар қышқылдар мен минералдарға бай, ағзаны дәруменмен қамтамасыз ететін құнарлы өнімді өзгелерден екі есе аз пайдаланады екен.
Статистикалық деректерге сүйенсек, жылына біздің бір сиыр 2 мың литр сүт береді екен. Салыстыру үшін айтсақ, әлемдегі ең сүті мол голштин сиырының көрсеткіші – 5-7 мың литр.
1 л сүттің бағасы:
Астана – 200 теңге, Алматыда – 150 теңге, Шымкентте – 120 теңге, Көкшетауда – 124 теңге, Атырауда – 167 теңге, Өскемен – 110 тенге, Ақтауда – 230 теңге, Қызылорда – 128 теңге.
Керек дерек
Қазақтар құрғақ сүтті қалай дайындаған?
Құрғақ сүтті біздің ата-бабаларымыз осыдан бірнеше ғасырлар бұрын ешқандай сүт зауыттарынсыз-ақ қарапайым тәсілмен жасаған екен. Небір қиын-қыстау, жаугершілік-зобалаң уақыттарды бастан кешірген халқымыз ел шетіне жау шапқанда қазақтың үдере көшке дайын, жүктері түюлі, етек-жеңі түрулі, түйелері қомдаулы болған. Міне, осындай кездерде көген тартып, қой саууға, бұзау салып, сиыр саууға еш мүмкіндік болмағаны белгілі. Ағарған сұрап қыңқылдаған балаға құрғақ сүтті қайнаған сумен араластырып беріп, қоректендіріп отырған. Майлары қарында немесе бүйенде, құрттары қоржында болған қазақ сүттің де ебін тапқан. Ол үшін соғымға сойылған түйенің мойнақ терілерін жинап отырған. Сол терілерді қырып, күйдіріп әбден тазалаған да қазандағы сүтке салып қайнатқан, бұл қайнату қазан үлкендігіне қарай екі-үш күнге созылатын болған. Содан сүт әбден қоюланып, буға айнала отырып қазандағы мойнақ теріге (құйқаға) жабысып тері қалыңдай береді. Сүт таусылған кезде құйқаны қазаннан шығарып алып, кептіріп сақтап қоятын болған. Міне, қысылтаяң шақ туғанда сол теріден алақандай кесіп алып, үстіне қайнаған су кұйғанда кәдімгі сүтке айналып шыға келген. Біздің дана әжелеріміз балғындарын жаугершілікте де сүтсіз қалдырмаған екен.