Инфляциялық қатер қайдан-ды...
Осы аптада Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко: «Ұлттық валюта нығайғанымен, инфляция бой берер емес», — деп мәлімдеген еді. Сөйтіп, ол биыл инфляцияның күшеюін болжаған болатын. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев 10-11 наурыз аралығында Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің форумында оның төрт себеп-салдарына егжейлі-тегжейлі тоқталып өтті. Оның айтуынша, инфляцияның күш алуына ықпал етуші бірден-бір фактор қаңтар айынан бастап, еліміз құрамына қосылған Кеден одағы болып табылады екен.
– Біз қазір 2010 жылғы инфляцияға жол беруші қауіп-қатерлерді анықтап жатырмыз. Оған Кеден одағының құрылуы да үлкен әсер етіп отыр. Сырттан әкелінетін тауарларға салынатын кедендік салық құнының қымбаттауы белгілі бір мезгіл арасында импорт өнімдері бағасының өсуіне ықпал етеді, – дейді ол.
Сонымен қатар Д.Ақышевтің айтуынша, осындай фактордың бірі – биыл жоспарланып отырғандай, бюджет саласы қызметкерлері жалақысының (25 пайыз), әлеуметтік жәрдемақылардың және зейнетақының өсуі.
– Құнсызданудың тағы бір себебі, 2010 жылы еліміздегі іскерлік қарым-қатынастың жандануы болып табылады. Мемлекеттің Дағдарысқа қарсы шаралар аясында жүзеге асырған істері нәтижесінде көптеген нарықта сұраныс туындауда, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
– Мемлекет экономиканы қорғау мақсатында «ақша шатырын» құрған болатын. Ол қазір Ұлттық банктің шотында тұр. Егер осы ақшаның бәрі несиелендіруге жұмсалатын болса, ол белгілі бір деңгейде ел экономикасына қауіп-қатер төндіреді. Бұл арада банк пен нақты сектор мүдделері арасында тепе-теңдікті сақтау керек. Қалай дегенмен де күткен қауіпті жағдай туындағанда, Үкіметтің де, Ұлттық банктің де оны реттейтін құралдары дайын әрі жеткілікті деп айта аламын, – дейді Д.Ақышев.
Осыған дейін айтылғандай, Қазақстан басшылығымен Дағдарысқа қарсы шаралар аясында экономикамызға мемлекеттік қордан және басқа да қаржы көздерінен шамамен 2,2 триллион теңге (еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызындай) бөлінген-тұғын. Сонымен қатар Ұлттық қордан 10 миллиард доллар шығарылған.
Сонымен, Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2010 жылы еліміздегі инфляция деңгейі 6-8 пайызды құрайды. Ақпан айының қорытындысы бойынша, ол 7,4 пайыз көрсеткішті қамтыған.
Ұлттық банк төрағасы орынбасарының нақтылауынша, инфляцияның күшеюіне ықпал етуші факторлар мыналар:
– 2010 жылы Қазақстан құрамына енген Кеден одағының іске қосылуы (сырттан әкелінетін тауарларға салынатын кедендік салық қымбаттайды, соған сәйкесінше, импорттық өнімдердің бағасы өседі);
– биыл жоспарланып отырғандай, бюджет саласы қызметкерлері жалақысының (25 пайыз), әлеуметтік жәрдемақылардың және зейнетақының өсуі;
– Дағдарысқа қарсы шаралар аясында бөлінген ақша негізінде 2010 жылы еліміздің іскерлік қарым-қатынасы жанданады;
– мемлекеттің ел экономикасын оңалту бойынша арнайы бағдарламалар аясында бөлген ақша массасы.