Ілеспе газды ұқсату механимін меңгеруіміз қажет
Айтар ой
Негізінен, ілеспе газды пайдалану тұрғысында әлемде бірнеше тәжірибелер бар. Мысалы, Қытай мұнаймен бірге шығарылған ілеспе газды арнайы қондырғыда ұстап, оны бөлшектеу немесе жинақтау арқылы кәдеге жаратады. Норвегия ілеспе газды пайдалануда газды кенішке кері айдау тәсілін қолданады. Ал кейбір мемлекеттер газды сұйық көмірсутегіне айналдыру арқылы пайдаға асырып отыр. Міне, «Сан-саққа бөлінген шетелдік тәжірибенің Қазақстанға қайсысы тиімді?!» деген сұрақ төңірегінде қазір мамандар арасында түрлі пікір туындап та үлгерді. Тіпті «ілеспе газды жағу көлемін қысқартып, пайдалану деңгейін арттыратын болса, мұнай сапасы күрт төмендеп кетуі де мүмкін» дейтіндер де бар.
Өз басым, ілеспе газды жағу көлемін қысқартса, мұнайдың сапасы нашарлап кетеді деген пікірмен келіспеймін. Бұл бізге пайда келтірмейтін шетелдік инветорлардың айтатын сөзі. Еліміздегі шетелдік мұнай өндіруші компаниялар тек мұнай өндіріп өз пайдаларын шешіп алуды ғана біледі. Ілеспе газды іске жаратудың мехнатын көргісі келмейтіндер бірнеше жыл қатарынан оны ауада жағып келді. Газды ауада жағу арқылы олар «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға нұсқан келтірді. Мысалы, ілеспе газды ауада жағу экономикамызға ғана зиян тигізіп қойған жоқ. Ол экологиямызға қып-қызыл шығын әкелді. Экономикамызға қосымша әлеует беруі тиіс байлығымызды осы уақытқа дейін ысырапсыз пайдаланып келдік. Елдің әл-ауқатын арттыруға тиіс ел байлығы қажетті жұмсалудың орнына халық денсаулығына, аң-құстарымызға зиян тигізіп жатыр. Сондықтан бізге ілеспе газды ұқсату механизмін жеделдетіп қолға алғанымыз жөн.
Ұсыныс
Жалпы, өз басым газды ұқсату үшін алдымен мынадай жайттарға басты назар аударған қажет деген ойдамын:
а) Газды тазартуда технологиялық қондырғылар орнату керек;
ә) Газды әрі қарай сатуда магистральдық құбыр желілерін орналастыруды қолға алу қажет.
б) Бұған қосымша газ саласын дамыту үшін отынның осы түріне деген халық мұқтажын, кәсіпорындардың сұранысын өзіміздің табиғи және сұйылтылған газ ресурстары толық есептен өткізген жөн.
в) Жаңа технологияның тілін біліп алмай, техниканы меңгермей ілеспе газды әжетке жаратып аламыз деу де тым асығыстық. Сондықтан техника тілін меңгеруге де мән берілуі тиіс.
Міне, ілеспе газды кәдеге жарату үшін осы мәселелерді кезең-кезеңмен жүзеге асыру қажет.
Жалпы, бұл тәсілдің тиімділігі барын ескеріп, біздің Үкімет қазір ілеспе газды ұқсату туралы заңнамалық шешім қабылдады. Сарапшылар «ілеспе газды ұқсату экономикамыздың әлеуетін арттырудың бір амалы» деген тұжырымда. Олардың ойынша, жылу энергия көздерін ілеспе газға алмастыру өз газымызды өзіміз пайдаланып, артылғанын сыртқа сатуға да мүмкіндік туғызбақ. Егер магистральдық құбыр желілерін қайта жаңғырту ісіне қуатты инвестициялық жобалар ойластырсақ, ілеспе газды пайдалануда «мәртебеміз биіктей береді» деген болжам да жоқ емес.
Жұмаділда Баяхметов,
экономист-ғалым