Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында австриялық композитор Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балеті сахналанады. Даңқты қойылымның 144 жылдық тарихы бар.
Үш актілі балет желісі Мигель де Сервантестің әйгілі романындағы мейрамханашы Лоренцоның өз қызын ұзатпақ болған тұсы бойынша өрбиді. ҚР халық әртісі Гүлжан Тұтқыбаева жетекшілік ететін балет труппасының әртістері көңілді оқиғаны би тілімен баяндап, көрерменді интеллектуалдық өнердің ғаламат әсеріне бөлейді. Спектакльде Бауыржан Жақанов, Ержан Ахметоллаев, Ғалым Серікұлы, Гүлвира Құрбанова, Әсет Мырзақұлов, Рахым Даиров, Орынкүл Нұржанқызы сияқты әртістер ойнайды. Музыкамен сүйемелдейтін симфониялық оркестрдің дирижері – Мұхтар Қалдаяқов. Балет жексенбі күні сағат 17:00-де басталады. Л.Минкустың танымал шығармасы ең алғаш 1869 жылы Мәскеудің Үлкен театрында қойылған. Желтоқсанның 14-інде спектакльге 144 жыл толады.