Адам өлмесе, ақшаны қайдан аламын?

Адам өлмесе, ақшаны қайдан аламын?

Ауылда жұбы жазылмаған құрдастар Қоқым мен Түгелбай тағдыр айдауымен қалаға келгенде де бір-бірінен ажыраған жоқ. Екеуінің жұмыс іздеп ашпаған есігі, кірмеген тесігі, тоздырмаған табалдырығы қалмады. Құрдастар жасынан аз жұмыс істеп, көп пайда табуға дағдыланған болатын. Жоқ, жоқ, бұлар жатыпішер жалқаулар емес. Айлакер де пысық, жүрек жұтқан жігіттер. Пайда табу үшін неге болса да даяр. Жас кездерінде ауылда атақты ұры атанды. Олар бұл жолды ең алдымен Тәкі атаның бағындағы алма, қауын ұрлаудан бастаған. Көлденең жатқан кетпен, күрек, балта, айыр, басқа да кәкір-шүкірді сұрамай алып кету – бұлар үшін қызық кәсіп.

Кейін ауа жайылған тоқты-торым, ешкі-пешкі, қодық-модық болса, оны да қолды қылып кетер дәрежеге жетті. Пысық Қоқым оларды алушыларды тез таба қоятын. Бара-бара тайынша, сиыр, тай сияқтыларды да барымталауға көшті. Жоқ іздеген ауылдастары табанынан таусылып, сабылып жүруші еді. Жасөспірімдер ұрлық жасайды деген ой ешқайсысының басына келген емес. Аңдушы көбейді. Сондықтан ұрлық түрін өзгерту керек болды. Аса іздеушісі жоқ есек ұрлау аса тиімді еді. Енді олар шалдардың бос жүрген есектеріне қырғидай тиді. Алушы – аудан орталығындағы сыраханада шашылық сататын Тәшмат ака. Ол қанша есек айдап келсе де, бір түнде ылым-жылым құртып жібереді. Бір күні бұлар Тәшматтың есегін ұрлап, көшені бір айналдырып келіп, өзіне сатып жіберген. Тәшмат ертеңіне өз есегінің терісін танып, санын бір-ақ соққан.

Ұзын сөздің қысқасы, үш подельниктер  бір  жыл  бойы    сырақұмарларға есектің етін жегізген. Бұл жағдай созыла берер ме еді, қайтер еді, екі дос ұрлық үстінде қолға түспесе. Талай «қалқанқұлақтың» обалына қалған екі дос балаларды түзету колониясынан бір-ақ шықты. Үш-төрт жыл ботқа дәмін татқан достар ол жақтан едәуір тәжірибе жинап қайтты. Екеуі де өз ісіне адал берілген кәсіпқойлар еді. Күлмеңіз, ұрлық – нағыз жүрегінің түгі бар жігіттердің кәсібі. Екінің бірі жанын шүберекке түйіп ұрлық істей алмайды.

Заман өзгерді, бұлар да өзгеріп қайта құрылды. Енді олар қыз ұрлау кәсібімен айналысты. Сыпайылап айтқанда, ол «қыз алып қашу» деп аталады. Қазақта қыз алып қашу сөкет іс емес. Әрі пайдасы да көп. Үйіне келін түскен отағасы бұлардан ештеңесін аямайды. Қызға сөз айта алмайтын, болбыр, былжыр баласына әйел әкеліп берген жігіттердің қалтасын ақшаға толтырады.

Екеуінің даңқы жер жарды. Әйел ала алмай жүрген босбелбеу жігіттер, тіпті, кейде оң жақта отырып қалған кәрі қыздардың өзі бұларға «заказ» береді. Біреуі «пәлен қызды басып алып қашайық» десе, екіншісі «мені жаңылыстым деп, пәленшеге апарып бер» дейді. Кейде «менің таңдауым бұл қыз емес» деп, ат-тонын алып-қашқандар да болды. Сөйтіп, ол қыздарды өздері алуға мәжбүр болды.

«Қоқым мен Түгелбай келе жатыр» деген хабар естісе, бойжеткен қыздармен қоса, бойы ұзындау, кеудесі толықтау жасөспірім қыздарға дейін безек қағып, тығыларға жер таппайтын.

Қалай дегенмен екі дос ауылда біраз тәртіп орнатты. Ел аңқаулықты қойып, есігін құлыптап отыратын болды. Бойжеткен қыздар бейсуат қыдырмайтын болды. Қысқасы, бәріне сақтанып жүруді үйретті. Ұзақ уақыт осылай дәурен сүрген жігіттер түкке тұрмайтын зат үшін тағы сотталды. Бұл жолы олар ауыл әкімінің жас тоқалының жайып қойған ішкиімдерін ұрлап қолға түсті. Кейін өсекші қулар: «Қоқым мен Түгелбайдың қорасынан жетпіс жеті әйел дамбалы, отыз екі ішкөйлек, жүз қырық пайдаланылған памперс табылыпты», – деп күліп жүрді. Шындығында, бұл санның жартысы ғана рас болатын.

Екеуі жұмыс сұрап, қайда барса да, алдарынан күрекпен, қолмен істейтін жұмыс шығады. Ол бұларға қол емес. Айтар сылтаулары да жоқ емес. Қоқым ауыр жұмыс істесе, ішектері түйіліп, асқазаны атказ береді. Буын-буынына сарысу үймелеген, қолын көтертпейді. Ал Түгелбай бала кезінде есек теуіп, басынан жарақат алған. Бас сүйегінде тонның түймесіндей тесік бар. Ауырлық түссе, миы сол тесіктен ағып кетуі мүмкін.

Екі әйел екеуінің күнде миын жеп, қарғап-сілейді. «Оң жақта өмір бойы отырып қалсақ та, сендерге бекер тидік. Жас кезімізде қайта-қайта сотталып кетіп, жар қызығын көре алмадық. «Осыларға  адал болайықшы» деп ел қатарлы ойнас та істемедік. Тосумен күніміз өтті. Енді аш-жалаңаш жүрісіміз – мынау. Қалаға кетіп, қарық қыламыз дегендерің қайда», – деп құлақтарының шеміршегіне дейін жеп қояды.

Бұларды Құдай қашанғы жылатсын, бір күні екеуінің де жолы болды. Түгелбай қаңғыбас ит, мысық аулайтын мекемеге атқыш-мерген болып орналасты. Мұның бірнеше рет сотталғанын естіген мекеме бастығы сөзге келмей, қолына қосауыз мылтықты ұстатып: «Елдің мазасын кетіріп жүрген ит пен мысықты қырып-жой», – деді. Ал Қоқым Жерлеу бюросында істейтін түрмеде бірге отырған досымен кездесіп қалды. Ол оны қаладан аулақтау жердегі белгісіз бір қорымға күзетші етіп тағайындады. Бұл «Наркомандар   мен алқаштар, қаңғыбастар ауылы» деп аталатын қорым екен. Камералас досы оған «пайданы тең бөлеміз» деді. «Бұдан не пайда таппақ?» деп Қоқым таңғалды.

Расында, мұнда пайда дегеніңіз шаш-етектен екен. Бұл пәниде мәңгілік ештеңе жоқ. «Біреу оттан, біреу судан, біреу анашадан, біреу арақтан» дегендей, клиенттер баршылық. Талқаны ертерек таусылғаны болмаса, алқаш та, наркоман да адам. Жақындары оларды әкеліп жерлеп жатады. Қала маңындағы бой көтерген сәулетті сарайлар, қабат-қабат коттеждер жердің бәрін жаулап алған. Оның арғы жағындағы қорымға екінің бірінің қолы жете бермейді, қымбат. Бұл жер арзандау. Сондықтан қалтасы жұқалар осы маңды жағалайды. Бұл жақта да нарық заңы бар. Жер сатылады. Ақкөңіл, пейілі кең Қоқым екі метр жерді екі мың теңгеге де бере салады. Ал таудағы осындай жер кемі екі мың Америка теңгесі екен деп естиді. Сөйтіп, жер бетінде жүргенде бай мен кедей болып бөлінетін екі тап жер астында да екі бөлек жай табады. Ана жақтағыларға қызыл граниттен ескерткіштер қойылып жатады. Бұл жақтағылар ағаш, темір шарбаққа да риза. Соған қанағат қылып, тып-тыныш жата береді.

Қоқымның күнде әкелетін уыс-уыс ақшасына Қатира жаман үйреніп алып еді. Аз ақша әкелсе, қоңылтақсып, настроениесі болмай, қабақ шытады. Жаңадан қазан көтермей, балалардан қалған қалдық асты, шеті тістелген нанды дүрс еткізіп алдына қоя салады. Ал ақша әкелмеген күні тамақ түгілі, шай да жоқ, теріс қарап жатып қалады.

Соңғы кезде Қоқымның үйде де, түзде де жолы болмай жүр. Наркомандар мен алқаштардың барлығын жер аударып жіберген бе, әлде наркобарондар түгел ұсталып, сотталып кеткен бе, «клиенттер» күн санап азайып барады. Өзіне ұсынған мың теңгені бетіне лақтырып жіберген Қатираның «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты». «Ақша таппай, шошқа тағалап жүрсің бе?» деп тепсінді. Қысқасы, адамды асылып өлуге мәжбүрлейтін уытты сөздермен тілдеп, сілікпесін шығарды. Қоқым байғұс басын тұқыртып жерге қарап отырып:

– Қатеке, адам өлмесе, мен ақшаны қайдан аламын? – деді күмілжіп.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста