«Зекет» қорының директоры садақа мен зекет қаржысына қол сұққан ба?
«Зекет» қайырымдылық қорының директоры қорға түскен садақа есебінен отбасы мүшелеріне жоғары айлық тағайындап, жеке қажеттілігіне жаратып келген, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Мекеменің ішкі жағдайы мен қаржылай «заңсыз» әрекеттері туралы айтып берген қордың бұрынғы қызметкері есімін көрсетпеуді өтінді.
ЖҰМЫССЫЗ ӘЙЕЛІНЕ АЙЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАҒАН
«Зекет» қайырымдылық қоры – зекет пен садақаны қабылдап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысатын ұйым. 2011 жылы құрылған қордың құрылтайшысы – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы. Бір қызығы, садақа көлемі мен ашықтығын сұраған журналистерге қор басшылығы ашық есеп берген емес. Аталған қорда алты айға жуық жұмыс істегенін айтқан С.есімді азаматтың (аты өзгертілді – ред. ) айтуынша, қор басшысы Талғат Омаров жиналған зекетті өз есебіне жұмсап қана қоймай, қорға өзінің туысы мен қызын жұмысқа алған, оған қосымша үйде отырған әйеліне де жоғары айлық тағайындаған.
«Ол кісінің (Талғат Омаров – ред.) былықтары көп, «Зекеттен» де жейді, садақадан да түседі. Өз отбасы мүшелеріне айлық тағайындап қойған. Ойымды жинақтай алмай отырмын. Негізі айтқым келетін нәрсе көп еді», – деді С. есімді азамат бізге берген сұхбатында.
Жұмысқа қабылданған күннен бастап ол басшылық тарапынан көптеген заңсыздықтарға куә болғанын, ал қызметкерлердің оған амалсыз көнуіне тура келгенін айтты. Сөзіне дәлел болуы үшін ол бізге қор жұмысына қатысты бірнеше фото-айғақтарды да көрсетті. Онда директор Талғат Омаров биыл мамыр айында туған қызы Әмина Омарова Талғатқызына 252 мың 600 теңге, әйелі Султанова Гулбаршын Мельсовнаға 380 мың теңге, туыс қарындасы Гулер Кәусар Саянқызына 252 мың 600 теңге жалақы тағайындағаны көрсетілген. Мұндай жалақы директордың орынбасары Нұркен Ділмұханов пен оның әйелі Нұрия Ділмұхановаға да берілген.
Фото жеке архивтен алынды
«Мұнда рамазан кезінде көмектескен адамдарды да қамтыды. Директор өзінің әйелі, қыздарына айлық беріп отырған соң, орынбасарының да отбасына көмектескісі келген. Біз директордың үйіне барып жеке шаруаларына көмектесетін болғандықтан үй-ішін түгел танимыз», – деп түсіндірді ол.
ҚОРДЫҢ ЕСЕБІНЕН ТАМАҚ ІШЕДІ
Оның айтуынша, қор басшысы садақадан жиналған қаржыны түрлі жолмен шығарып, қажетті шығынды екі еселеп өндіріп отырған.
«Басында тұрақты істейсіңдер ме деп сұрады. Алты ай жұмыс істеп жүріп, біраз шаруаларын атқардық. Ең алғаш 60 мың теңге аванс сұрағанымда, директор кассадан 160 мың теңге алдыртты. 60 мың теңгені қолыма беріп, 100 мың теңгені өзіне алып қалды. Қор жұмыстарына керек шығындарды үнемі осылай екі есе артығымен жаздыртып отырады. Өзінің жеке қажеттілігіне жұмсаған қаржыны бухгалтерге айтып, жапқызып тастайды. Мысалы, Алматыға барып бір күнге семинар өткізу керек болса, жалдап алған қонақ үйде бір апта жатып, қыдырып жүреді. Енді жүрген жері бал ғой. Тамақ ішкенді өте жақсы көреді. Қордың ақшасынан үнемі тамақ ішеді», – дейді.
ТУҒАН ҚЫЗЫ МҰҚТАЖДАР ТІЗІМІНДЕ
Қор басшысының туысы мен туған қызын мұқтаж адамдар тізіміне қосып, үнемі ақша аударып тұратынын айтқан ол дәлел ретінде мына суретті көрсетті. Мұнда қор директоры Фатима Омарова есімді қызына емдік мақсатта 150 мың теңге көмек көрсеткен.
Фото жеке архивтен алынды
450 ДҮКЕНГЕ САДАҚА ЖӘШІКТЕРІ ОРНАТЫЛҒАН
Одан бөлек, басшылық оларға қорға садақа түсіру үшін кәсіпкерлермен жұмыс істеу керектігін айтқан. Ірі көлемде садақа беруге үгіттеген күнде, оның 10 пайызы бонус ретінде беріледі деген ауызша келісім болған. Қордың екі қызметкері қаладағы 450-дей дүкенге садақа салатын жәшік орнатып шыққан.
Оның жұмыстан шығуына директормен сөзге келіп қалуы себеп болған. Айтуынша, басшының әкесі қайтыс болған кезде оны ет әкелуге жұмсаған көрінеді.
«Тапсырманы уағында орындай алмай қалып, телефонмен ұрысты. Арыма тиетін сөздер айтқан соң, ашуланып кеттім. Дінде қаншама жыл имам боп жүрген адам ғой. Ауыр сөздер айтып, тұтқаны қойып тастады. Дүйсенбі жұмыстан көрмейтін болайын деді. Сол күні кешке барып, осы құжаттарды суретке түсіріп алдым», – деген ол ұжымдағы өзге қызметкерлердің жазығы жоқ екенін, тек дін атына кір келтіріп жүрген басшылық әрекеті тексерілсе деген ойды қайта-қайта өтінді.
«Бұл жерде айтқанын орындап құл боп жүре беретін едім. Бірақ шыдамай кеттім. Қордың жұмыстарынан да тыс былықтары көп. Оны ұжымдағы бәрі біліп отыр, өзара сөйлескенімізде мұның дұрыс еместігін өзге қызметкерлер де айтып отыр. Отбасын асырау керек болғандықтан шыдап жүр. Менің кесірім өзге қызметкерлерге, жалпы дін жолындағы адамдарға тиіп кеткенін қаламаймын. Мұндай қадамға мәжбүрліктен барып отырмын, өйткені шындық айтылмаса халықтың садақасын шашып, тайраңдап жүре бермек. Зекеттің осылай шашылып жатқанына ішім ашып кетті. Осы мәселені тиісті орындар назарға алып, тексерсе жақсы болар еді», – деді ол.
ҚОР ДИРЕКТОРЫ НЕ ДЕЙДІ
Осы ретте біз қайырымдылық қорының басшысы Талғат Омаровқа хабарласқанымызда, ол жоғарыдағы деректердің ешқайсысын растамады. Өз отбасыңызға қор есебінен жалақы тағайындағаныңыз рас па деген сауалымызға былай деп жауап берді.
«Жоқ, ондай жоқ. Қызметкерлер өздеріне көрсетілген айлықтарын ғана алады. Қордың астанадағы филиалында 6 қызметкер, Алматыда 3 қызметкер істейді»,– деген қор директоры қорда отбасынан ешкім жұмыс істемейтінін, ал әйелінің жұмыссыз үйде отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, қорға айына қанша теңге садақа түсетінін де әдеттегідей жұмбақтап жеткізді.
«Әртүрлі. Мынанша деп нақты айта алмаймыз. Жетім балалардан өтініш түссе оларға көмектесеміз. Белгілі бір түрде нақты сома түседі деп айта алмаймыз. Кәсіпкерлерді қолданып садақа сұраған емеспіз. Барлығы есепшотқа қалаған сомасын аударады. Қолға деген жоқ. Бірнеше ай бұрын Kaspi Gold картасын қолдануды да тоқтатқанбыз», – деп жауап берді қор директоры Талғат Омаров.
«Зекет» қайырымдылық қорының директоры Талғат Омаров
Ол Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің 2008 жылғы түлегі. Қор басшылығына келместен бұрын ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы болған.
«ЗЕКЕТ» ҚОРЫ КІМГЕ ЕСЕП БЕРЕДІ
Белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан қор қызметтеріне мемлекеттік құқық қорғау органдары өз бетінше тексеріс жүргізе алмайтынын, тек жеке азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда арыз негізінде қаралатындығын жеткізді.
«Өйткені мемлекеттің мүддесі тұрғысынан арыз-шағым болған жағдайда ғана тексере алады. Ал жеке азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда, сол қорға ақша салған жәбірленушілердің арызы негізінде тексеріс жүргізуге міндетті болады. Бұл жағдайда заңға қайшы деректердің жария болуы жеткіліксіз. Бір топ жәбірленуші прокуратураға арыз-шағым түсіргені жөн. Себебі прокуратура тергеу реттілігін анықтай отырып, белгілі бір органға тапсырады», – деді заңгер.
Ал мешіттердегі аудит жүргізу тәртібі туралы сұрағанымызда жеке қордағы қаражаттың мақсатты пайдаланымын мемлекет өз еркімен тексере алмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты қор ашықтығын көрсету мақсатында өз еркімен аудитқа тапсырыс беруі тиіс.
«Бірақ тапсырысты өздері беріп отырғандықтан қаншалықты әділетті жүргізілетіндігі күмәнді. Қазір түрлі қайырымдылық қорлары көбейді. Мәселен, «Эйр Астана» компаниясы белгілі бір қорға қайырымдылық мақсатта қаржы аударып, қолма-қол ақшаға айналдырып алады. Мұны біліп отырғанның өзінде ештеңе істей алмаймыз», – деп түсіндірді Абзал Құспан.
Бұл орайда ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлына хабарласқанымызда, жол жүріп бара жатқандықтан сұрақтарымызға жауап бере алмайтынын айтты.
«Біз ондай сұрақтарға телефонмен жауап бермейміз. Бұл үлкен мәселе ғой, ресми сауал жолдаңыз», – деді ол.
Кей мәліметтерде жыл сайынғы міндетті пітір-садақаның есебін «Зекет» қайырымдылық қоры жүргізетіні жазылған. Ресми ақпар бойынша, Қазақстан халқының 70 пайызына жуығы ислам дініне сенеді. 2021 жылы бекітілген пітір мөлшері жан басына 420 теңге болып бекітілді. Ulysmedia.kz Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Зекет» қорына соңғы рет қашан аудит жүргізгені, оның нәтижесі жайлы сауал жолдады. Жауабы алдағы уақытта жарияланады.
Еске сала кетейік, қазір ел аумағында «Зекет» қорының 17 өкілдігі бар. Қордың ресми сайтында «қор мақсаты – шариғат үкімдеріне сәйкес Қазақстан мұсылмандарының зекетін ашықтық принциптеріне сәйкес жинап, таратуды жүзеге асырады», делінген. Қор Заратказы Нурпиисов есімді азаматтың атына тіркелген. Оның атына қордан бөлек «Fattah travel» ЖШС, «Eurasian Eco food» ЖШС, «Fattah International company» ЖШС, «Fattah finance» АҚ тіркелген.