"Жалғыз жүрек, сан сауал": Қазіргі қазақ тілінің жағдайы бұлт артынан енді-енді шығып келе жатқан Күн сияқты, бұлт сейілер, күн шығар...
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК:
– Келбеттері сұрықсыз,
Мінездері құлықсыз.
Жастарды көрсем ұрықсыз,
Санама сіңер суық сыз. Неге?
САН САУАЛ
– Неге десеңіз болашақтың тұтқасы бүгінгі жастардың қолында. Ертең ел басына келетін жастарымыз тілін білмесе, елдігіміз қайда қалмақ. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, бабаларымыз қорғаған жер, сол жердің асты мен үстінде жатқан байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетері сөзсіз. Онсыз да арқамыздан қағып қойып, байлығымызды алып қойып жатқандар да жетерлік. Тілінің қасиетін білген жас ұрпақ қана елі мен жерінің қадіріне жете алады. «Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген Қадыр ақынның өлеңі кеңестік дәуірде туса да, бүгінгі күнге дөп келіп тұр. Бірақ сөздері сұрықсыз, өздері құлықсыз жастар бұл өлеңнің қадірін қашан біле қояр екен? Ағылшынша сөйлегенде айды аспанға бір-ақ шығармаса да, орыс тілінде орқояндай орғып тұрған олардың ана тілін ас үйде пайдаланатыны жанға батады. Жеке мұрағатымды ақтарып отырып Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың «Қазақ тілінің мұңы» деген мақаласынан қиып алған мына бір жолдарды оқығанда жаным ауырып кетті. Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған мақаланың бүгінгі күнге тура келгенін қараңызшы. Жарайды, кеңес дәуірі салтанат құрып, соның бодандығында өткен жетпіс жылды алып тастағанның өзінде, жиырма жылдан бері Міржақып айтқан мұңнан арыла алмай келе жатқанымыз өкінішті. Ана сүтін арда емген арысымыз былай дейді: «Мен заманымда қандай едім. Мен ақын, шешен, тілмар бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын, жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім? Маған әкеліп шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Азар көменес болып кетсең де ата-бабаң қазақ еді ғой. Мен солардың тілі едім ғой. Не жазығым бар? Ая мені!». Ендеше, мұңға батқан тілімізді шыңыраудан шыңға шығаратын уақыт әлдеқашан жетті. Міржақып «Оян қазақ, аш көзді, көтер басты», – деп рухымызды оятып, намысымызды жанып кетсе, Мағжан ақын: «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда», – деп жүрегімізге үміт отын жағып, үлкен сенім артып кетті. Сондықтан мойнымызда қандай аманат бар екенін естен шығармайық, кейінгі ұрпақ! Менің бұл мақалада айтпағым, қара аспанды төндіріп, қара жамылдыру емес, керісінше басқаның қасиетсіз қылығына бой алдырып, ессіз желігіп жүрген жастардың намысын қамшылау. Бірақ олардың бұл жазғанымды оқиды дегеніне күмәнім бар. Оқыған ойлы азамат сіздер жеткізіңіздер. Өйткені қазақ тілі қазаққа ғана керек. Біздің тарихы терең, ерлігі ерен, төзімі берік ел екенімізді танытатын асылымыз, басты құндылығымыз – ана тіліміз. Осы мақаланы жазып отырғанда ашынған жерімде өзімді-өзім сабырға шақырып, күпірлік еткен болсам, шүкірлік қыла отырып көңілге түйгенім осы болды. Қазіргі қазақ тілінің жағдайы бұлт артынан енді-енді шығып келе жатқан Күн сияқты. Солай-ақ болсын. Бұлт сейілер, Күн шығар.
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК:
Туған тілім барына,
Мен жасайын қанағат.
Жас ұрпақ сенің арыңа,
Ана тілім аманат.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015).