Жалғыз жүрек, сан сауал: Қажеттілік туындамай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймас
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК:
– Өзге тілде сүйреңдеп,
Жарылғанда ағынан.
Өз тіліңді үйрен деп,
Кімге қалай жалынам?
САН САУАЛ
– «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, ұлттық тәрбиенің ауқымына сиятын барлық құндылықтарымызды бесіктен, балабақшаға кірген есіктен қолға алғанымыз лазым. Бұлақ лайланбай ағуы үшін бастауының тұнық болуы керек сияқты, ұлттық санамыз таза, рухымыз биік болсын десек, тәрбиенің көзі талбесіктен екенін естен шығармайық. Баланың қалыптасуына, меніңше, мына қоғам немесе араласатын ортасы емес, ең алдымен ата-ана жауапты. Ұлтын сүйіп, жұртым деген әке-шеше ғана ұрпағының болашағын ойлай алады. «Баяғы жартас сол жартас» деп санасына сыналап сіңіп қалған, кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың шырмауынан шықпай, құлдық психологиядан арыла алмай жүргендер ғана сыныққа сылтау іздеп «Қазақ мектептерінде білім жоқ» деп өз кемшіліктерін өзгеден көру арқылы өзінше жол тауып жүр. Сонда немене, қазақ мұғалімдері адамның қоры ма екен? Жоқ, әлде, бір ауыз сөзбен дауды шешіп, жаудың бетін қайтарған қазақ елі ұлттың соры ма екен? Осынау ұлан-ғайыр даланы бізге қаптаған қарақытай немесе ормандай орыс әперген жоқ. Бұл даланың топырағында бабамның қаны мен анамның көз жасы сіңгенін естен шығармаңдар рухы шалажансар шалақазақтар. Қазақта «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыс бар. Өзің білмегенмен қоймай, ұрпағыңның білгеніне қарсы боламын деп қарғыс арқалап кетпеңдер. «Орыс тілін білмесең, күнкөре алмайсың» деген саясаттың құрбаны болған біздің көптеген зиялы қауым ұл-қыздарын жаппай орыс тілді мектептерге бергені рас. Әрине, ешбір пенде болашағын болжайтын көріпкел емес. Сол заманда компартияның жалауын көтеріп, коммунизмге жетеміз деп ойлап қалған шығар. Бірақ, Алла тағала қазақтың тағдырына құлдықтың қамытын сыпырып тастайтын күннің алда екенін өз уақытында бірақ білдірді. Кеш те болса бақыттың келгенін сезгендер бармақтарын тістеді. Ендігі жерде ұрпағым адаспасын деп: «Тіліңді біл, дініңді сақта, діліңе берік бол»; – деп ақылдарын айта бастады. «Өз баласына жеткізе алмаған өсиетті өзгеге айтып, өзеуремей-ақ қойса қайтеді» дегендей, кекесін таныттық. Өз қолыңды өзің кесесің бе? Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қазақпыз ғой. Олардың сөзінен өзінің баласы жіберген қателігін өзгенің баласы істемесін деген жанайқайы деп ұғайық. Біреудің кемшілігіне кешіріммен қарап, түзетуге көмектесу арқылы ғана олқылығымыздың орнын толтыра аламыз деп түсіністікпен қарап келеміз. Бірақ көбісі біз ойлағандай болмай жатыр. Яғни, кеңестік қоғамның «ұртоқпағымен» жүріп, үйреніп қалған сияқты. Ендеше, бізге де осы амалды іске асыру керек шығар. Неге десеңіз, қызыл үкіметтің тұсында орыс тілсіз күн- көру мүмкін болмады. Олай болса, бізге де қауқары күшті, талабы қатты заң керек. Сол заң күшіне еніп, қажеттілік туындамай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймас. Сонда ғана өзге ұлт түгілі өз қазағыңа «тіліңді үйрен, тіліңді үйрен» деп сүйреңдегенді қоямыз. Әйтпесе «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген ескі әуенімізге салып ыңылдап жүргеніміз-жүрген.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015).