Жаһандық терроризмнің философиясы мен психологиясы
Халықаралық лаңкестік – XXI ғасырдағы адамзат тағдырына төнген қауіп-қатер. Террор –бұл жаппай үрей мен қорқыныш сезімін ояту арқылы қоғамдық сана мен қоғамдық психологияға әсер ету. Террор –зорлық пен күш көрсету арқылы мақсатқа жету және қоғамдық пікір тудыру жолымен өзімен санасуға көндіру. Терроршылардың идеологиялық ұстанымы үрей мен қорқыту жолымен діндер мен өркениеттер арасында сенімсіздік пен өшпенділік отын жағу. Адамзат тарихында террорлық әрекет уақыт пен кеңістік аясында әр қилы пішін мен мазмұнда болды. Адамзат тарихында террор ұлттық, діни, саяси, экономикалық, әскери мүдделерге жету жолында пайдаланылды. XX ғасырдың басындағы социалистік бағыттағы төңкерістер салдарынан ақ террор мен қызыл террор миллиондаған адамдардың өмірін жалмады. Қазіргі алмағайып заманда террор-алпауыт елдердің геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің шиеленісуі нәтижесінде ықпал жасау мен қоқан-лоққы көрсетудің жаңа құралына айнала бастады.
Терроризм идеологиясының-саяси, ұлттық, діни, нәсілдік, қылмыстық түрткілерінің арасынан соңғы жылдары діни сеніммен байланысты көрінісі жиілеп кетті.
2019 жылы наурызда Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітте жасалған және Шри-Ланкадағы үш шіркеуде болған террорлық қылмыс индивидуалды түрде жасалды. Бұл қылмыстар діни сенімді бет перде ретінде қолданатын трансұлттық топтардың әрекеттері туралы пайымдауға негіз. Діни түрткідегі террорлық идеология фанатизм және ксенофобтық өшпенділіктен туындайды.
XXI ғасырда да діни сенімнің ғибадаттық және сыртқы (имидж) белгілерінің діни мораль мен құндылықтық өлшемнен басым түсіп отырғандығын көрсетеді. Таяу Шығыстағы мұсылмандар мен иудейлер, Солтүстік Ирландиядағы протестанттар мен католиктер,Үндістандағы индуизм ұстанушылары мен мұсылмандар, Мьянма, Шри-Ланка, Филлипин елдеріндегі дінаралық қақтығыстар терроризмнің діни түрткілері туралы зерделеуге негіз болады. Діни түрткідегі терроризм идеологиясының мәні-о дүниедегі мәңгілік эвдемонизм (жанаттағы бақыт) және мәңгілік гедонизм (жанаттағы ләззат) жолында өзі мен өзгелерді құрбан ету. Лаңкесшінің мінез-құлқының түрткісі бұл дүниелік құндылықтар емес, о дүниелік бақытқа жетелейтін – борышқа адалдық таныту. Жанкешті терроршы үшін-құрбан болу өмір мәндік кредо. Жалған діни идеологияны ұстанушылар азап шегу мен бұл дүниені тәрк ету жолымен құрбан болуды экзистенциялық борыш деп қабылдайды. Псевдодіни ұйым мүшелерін оңалтуда адам өмірінің мән-мағынасы және адамның өзі мен отбасы, қоғам алдындағы борышы туралы дүние көзқарасын қалыптастыру маңызды мәселе.
Контртеррорлық операция жүргізудің себептерін қоғамға дұрыс түсіндіру, қоғамда дүрбелең туғызуы мүмкін жалған ақпараттардың таралуына тосқауыл қою, әлеуметті тыныштандыру, террорлық шабуылдан зардап шеккендерге құқықтық, медициналық, психологиялық және басқа да көмек беру. Еуропа елдерінде террорлық қылмыс жасағандар арнайы оқшау ғимараттарда жазасын өтейді. Израиль мен Ресейде терроризм бабымен сотталғандар мерзімінен бұрын босатылмайды. Терроризммен тиімді күресу үшін қоғам тарапынан қолдауға ие болу өте маңызды. Террорлық идеологияның алдын алу мақсатында идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру және лаңкестікке қарсы насихат іс-шарасының кешенді әдістемелік жүйесін жетілдіру өзекті. Бұл мақсатта тұлғаның дүниетанымдық, өмір мәндік көзқарастарын қалыптастыру және саяси-әлеуметтік позициясын орнықтыру керек. Лаңкестік идеологиясының алдын-алу жұмысында мемлекет үкіметтік емес сектордың қолдауына сүйеніп және азаматтық қоғам институттарымен әріптестік қатынас орнатуы тиіс. Терроризмнің алдын алу және күресте азаматтық қоғаммен бірлескен іс-шаралар - мемлекет және жеке сектор әріптестігінің үлгісі болып табылады. Дерадикализациялау және діни экстремизмнің алдын алу шараларына діни бірлестіктердің мүшелері және беделді дін лидерлерін тарту да жемісті болмақ. Шет елдік тәжірибені саралау, антитеррорлық жұмыстың озық технологиясы мен тың деректерді жинау, жанкештілердің психологиялық бейнесі мен түрткілік ерекшеліктерін анықтау, индивидуалды және топтық террорлық қылмыстардың әдіс-тәсілдерін бағалау және талдау радикалды топтардың іс-қимыл әдістерін және террорлық ұйымның нақты мақсатын анықтауға мүмкіндік береді. Антитеррорлық сана қалыптастыру-ең алдымен адамзаттың өмірмәндік экзистенциялық борышы пен асыл құндылықтардың әмбебаптық парадигмасын айқындаудан басталуы тиіс. Адамның өмірдің құндылықтық және философиялық мән-маңызын ұғынуы-өзгенің өмір сүру және таңдау еркіндігін қабыл алудан басталады. Дәстүрлі діндер адамды екі дүниеде бақытқа жетуінің жолы мен кілтін адамзатқа ортақ құндылықтар жүйесімен ұсынады.Діннің әлеуетін қоғамдық сана мен ұлттық дүниетаным мен қоғамдық моральдық өнеге мен ұлттың рухани өрлеуіне қызмет етуге бағыттау қажет. Жаһанданған адамзаттың қоғамдық санасы мен психологиясына, қоғамдық өмір мен адамға діннің және діни институттардың ықпалы өсуде, демек зайырлылық пен діндарлықтың өзара әріптестігінің әділетті заманауи тетіктерін даярлау қажет.
Зайырлылық қағидасы бойынша мемлекет діни бірлестіктердің әрекетіне араласпауы тиіс. Дегенімен, діни саладағы әлеуметтік қозғалыстарды өздігімен жіберсек мемлекетімізде клерикалистік саясат басынып кетуі мүмкін, ал оның жалғасы – дін аралық қақтығыстарға, тіпті соғысқа әкеліп соғуы қаупі бар. Сол себепті «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» бойынша халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын ақпараттандыру жіне түсіндіру жұмыстарын Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының «мониторинг және талдау» орталығының ұйымдастыруымен жүрізіліп жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы – мемлекеттік саясаттың түрлі аспектілері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында мемлекеттік мекемелердің халықпен жұмыс жүргізу формасының бірі.
Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы елдегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауаттылығын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды іске асыру тәсілінің бірі болып табылады.