Кедейліктің сыры немесе қарыздан қалай құтылуға болады?
Әлеуметтік желіден төмендегі хадисті оқып қалғанымда осыған дейін қаржы, бизнес, менеджмент, психология туралы оқыған кітаптарым мен тыңдаған аудио-видео дәрістерім есіме түсті.
Бiр күнi Расулуллаһ (с.ғ.с.) мешiтке кiрген бетте Әбу Умәмә есiмдi ансарлардан болған бiр кiсiні көрiп, оған: “Ей, Әбу Умәмә, сенi намаздың уақытынан тыс кезiнде мешiтте мына күйде отырғаныңды көретiндей не жағдай болды саған?”, – деп сұрағанында, ол: “Я, Расулуллаһ! Бұған себеп басымдағы қарызым мен күйзелiсiм” – деп жауап бердi. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): “(Ондай болса) таңертең және кешке (Аллаһ Тағаладан)
Я, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн) – деп дұға ет – дедi. Осы оқиғадан кейiн Әбу Умәмә былай дедi: “Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанындай қылдым. Алла Тағала уайымдап, абыржығанымды кетiрiп, қарызымды өтеуiмдi нәсiп еттi. Дұғаның оқылуы:
Аллоһумма! Инни әъузә бикә минәл-һамми уәл-хузни, уә әъузә бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә әъузә бикә минәл-жубни уәл-бухл, уә әъузә бикә мин ғоләбәтид-дайн, уә қаһрир-рижәәл.
Ең алдымен айтатын нәрсе, бұл хадистегі дұғаның ішінде байлық, сәттілік, олжа деген сөздер атымен жоқ. Ал енді қазір әлем бойынша сұранысқа ие болып жүрген бизнес-тренерлерді тыңдайтын болсаңыз, тура осыны айтпай ма? Байлық сәттілікке байланысты емес дейді. Және де ақшаны іздей бермей, ақша табудың жолын қарастыру керек, әйтпесе бар күшің мен уақытың ақшаны ойлауға кетсе, жұмыс істеуге не шамаң қалады?
Енді дұғада сұралған нәрселерге тоқталып көрейікші.
КҮЙЗЕЛІС. Бүгінгі таңдағы ең өзекті болып тұрған жайттардың бірі. Адамның уақытын жеп, күшін азайтатын фактор. Ісі жүрмей, қиналып жүрген адам осы күйзеліске душар болады да, қиындықтан шығу үшін алдымен осы күйзелістен арылуы керек екенін түсінбей де қалады. Сөйтіп, шырмауыққа одан сайын орала береді.
ҚАЙҒЫ. Бұл жердегі қайғы Абай атамыз айтатын «ер қорғаны» емес, керісінше сергек ойға кедергі болатын, жарықты қараңғы қылып көрсететін зиянды қайғы. Мойнында жауапкершілігі бар ер адам үшін қайғыға салынып, алға жылжымай отырып қалу жараспайды, өйткені бұндай қайғы жоғарыда айтылған күйзеліске апарады, ол күйзеліс бұл қайғыны күшейткен үстіне күшейте түседі.
ӘЛСІЗДІК. Адамның тәні тағам мен ұйқының, сондай-ақ көңіл-күйдің де бұзылуынан әлсірейді. Бірақ кейде жұмыстың дұрыс жүрмеуінен де адам бойкүйездікке салынып, өзін-өзі әлсіздікке мәжбүрлеуі мүмкін. Бұл басқаша айтқанда…
ЖАЛҚАУЛЫҚ. Иә, әлсіздік пен бойкүйездіктің әр жағында көбіне жалқаулық жатады. Өзіңіз ойлап көріңізші, сіз Алматыға немесе Астанаға қыдырып барғалы жатырсыз. Екі күннен кейін ұшаққа билет алып қойғансыз, жақындарыңыз аман-есен, алаңдайтын ештеңе жоқ. Осындай жағдайда сіз әлсіреп, шаршауыңыз мүмкін бе? Әлсіремек түгілі, түні бойы ұйықтай алмай шығасыз. Таң алдында ғана көзіңіз ілінсе де, таңертең сергек оянасыз.
Ал алдымызда ауыр жұмыс тұрса ше? Оның үстіне уақыт тығыз делік. Аяқ астынан шаршап, ұйқымыз келіп, көңіліміз бұзылып… Мүмкіндік болса ертеңге қалдырғымыз келіп тұрады. Солай ғой? Демек? Демек біз өзімізді өзіміз шаршатып, әлсіретеді екенбіз.
ҚАЖЫРСЫЗДЫҚ. Кез келген адам кәсіп бастай алады, бірақ ішіндегі бірнешеуі ғана дәулетке, байлыққа қол жеткізеді. Бұның себебі неде болуы мүмкін? Әрине, қажырсыздықтан. Кез келген іс, мейлі ол сауда болсын, құрылыс болсын, алғаш күннен бастап еш қиындықсыз өздігінен жүріп кетуі еш мүмкін емес. Міндетті түрде қиындық, тосқауылдар болады. Сондай өткелдерден шыдаммен, қажырмен өтіп кете алатын адам ғана жеңіске жетеді. Тіпті шағын, күнделікті жұмыстың өзінде солай емес пе?
САРАҢДЫҚ. Бұл жерде Алла Тағалаға жасалған дұға болғандықтан, адамның өз сараңдығы ғана емес, айналысындағылардың, басшылар мен байлардың да сараңдығы айтылып тұрған болуы мүмкін. Бірақ адамның (мейлі ол кедей болсын) өз сараңдығы да аз қиындық әкелмейді. Өзі тапқан ақшаға өзі киіне алмай, не отбасы үшін дұрыс жұмсай алмай жүретін адамда не береке болсын? Бірақ сараңдықтан қашамын деп ысырапшылдыққа, дарақылыққа, мал шашпақтыққа кетіп қалуға да болмайтыны белгілі.
ҚАРЫЗҒА БАТУ. Бұл адамның бұ дүниедегі абыройын азайтады және ақыретіне де қауіп төндіреді. Қарыз арқалап о дүниеге аттанудың азабы баршамызға мәлім. Ал одан бұрын, қарызданған кісі дәм-тұзы таусылмай тұрып-ақ, қиналып бітеді ғой. Қарызды уақытында қайтара алмай қаламын ба деген уайым, ақшаны тапқаннан кейін берешек адамға апарып бергенше болатын алаң – бұның бәрі күш пен уақыттың жауы. Және жаны тыныш болмаған адамның ойы да тыныш болмайды, сол себепті иманы да әлсіреуі мүмкін. «Қарыз – дін мен абыройды кемітеді» (Дәйләми).
АДАМДАРДЫҢ АШУЫ. Қазақта «өткізіп қойғаның бар ма еді» дейтін сөз бар емес пе? Біреу біреуге міндетсігенде айталады. Ал бір кісіге қарыз болсаңыз, ол сізге уақытша болса да берген ақшасы (яғни, өткізіп қойған нәрсесі) болғандықтан, уақытша болса да сізге өктемдік етпей ме? Қарызды уақытында қайтармасаңыз, ашулануы мүмкін, тілдеуі де кәдік. Сіз амалсыздан көнесіз. Және де ол жақын араласатын адамыңыз болса, осы қарыздың кесірінен араларыңыз сууы да мүмкін. Сол себепті де қарызды шама келсе алмаған дұрыс, алдыңыз ба, қайтаруға асығыңыз, адамдар сізге ашуланбасын.
P.S: Қарыздан қорқу – ата-бабамыздан қалған әдет. Қайтара алмасаң кісінің ақысы болып мойныңда қалады, қайтарғанда да мөлшерден асырмай қайтару керек, әйтпесе өсімге айналып кетуі мүмкін. Алуын алғанмен, қайтару оңай болмайды. «Қарыз күліп келіп, жылап кетеді» деген содақ қалса керек.
Арман Әлменбет,
namys.kz