Ер адам табысын ең бірінші қайда жұмсауы тиіс?
Қазіргі таңда көптеген жанұялардағы жанжал ақшамен байланысты екені белгілі. Оның ішінде ер мен әйелдің тапқан табыстарын өз ата-аналарына беруінен ұрыс-керіс туындап жататыны да бар.
Алайда ерлі-зайыптылардың сол үшін ренжіскендері дұрыс па?
Бұл тұрғыда дініміз ата-анаға қамқорлық көрсету – толыққанды, ақыл-есі толысқан әрбір азаматтың міндеті деп санайды.
Қасиетті Құранда: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түу», – деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жағымды жылы сөз айт!», – делінген («Исра» сүресі, 23-аят).
Әрине, ата-ананың жағдайын жасау ең бірінші ер адамның мойнында. Бірақ бұл әйел адамның (тұрмыстағы) өз ата-аналарына тапқан табысынан материалды көмек беруіне болмайды деген сөз емес. Ерлі-зайыптылардың екеуі де ата-аналарына тең дәрежеде көмек көрсетулері тиіс. Ал егер әйел жұмыс істеп, өзі табыс таппайтын болса, күйеуінің рұқсатынсыз оның ақшасынан өзінің әке-шешесіне көмек көрсете алмайды.
Әйелі, балаларының киерге киімі, жерге тамағы болмай тұрып, ер адам барлық ақшасын ата-анасына (өте қиын жағдайда болмаса, екеуінің біреуі ауырып қалмаса) беруі тағы дұрыс емес.
Негізінен, «менің әке-шешем», «сенің әке-шешең» деп бөле жармай, ерлі-зайыптылар өзара ақылдасып, келісіп, өздеріне жетіп, мүмкіндіктері болып жатса, әрине, екі жақтың да ата-анасына барынша көмек көрсетіп тұрулары тиіс және мәселе тек материалдық көмекте емес.