Дін туралы аңыз
Баяғы бір заманда су тасығыштар ортақ құдыққа келіп үлкен ыдыстарын таза суға толтырып алады. Сосын әрқайсысы өз ауылына аттанады. Су келді деп ауыл адамдары су тасығыштың маңайына жиналады. Бірақ ауыл адамдарының ыдыстары таза болмапты.
Бірінші ауылдың ыдыстары таңқурай тосабынан босаған екен.
Екінші ауылдікі балықтан босапты.
Үшіншісінікі ішімдік сасып тұрыпты.
Су тасығыштар ыдысты тазаламаса су бүлінетінін айтып ескертеді. Бірақ ауыл адамдары бұл сөзге тоқтамайды. Елді сусамыр етіп тастап кетуге болмайды ғой. Амал жоқ сол ыдыстарына мөлдір судан құйып беруге тура келеді.
Су құйылған ыдыстың дәмін бойына сіңіреді. Әр ауылдың адамы судың дәмі осындай екен ғой деп ойлайды. Кейін өзге ауылдың тұрғындарымен кездесіп судың дәмі мынандай деп әңгіме-дүкен құрады. Әр ауылдың суы әр басқа екенін білгенде бөлек бастаулардан алынған болар деп топшылайды. Өзара кімнің суы ең таза деп дауласады. Осы даудың аяғы кері кетіп, тартыс ұзаққа созылыпты. Бір-бірінің суын сыйламаған көршілерін жау көретін болыпты.
Өздерінің білместігімен судың сапасын емес, өздері дарытқан дәмін бағалағанын байқамапты. Дін де су сияқты. Ол саф таза. Ізгілік дарытушы. Тек кей адам оны өз білместігімен бүлдіріп жатқанын байқамайды.