Әсіре діншілдік несімен қауіпті?
«Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді».
Хадис-шәріп
Идеология саласында орын алып отырған олқылықтар, әсіресе дін атын жамылған үлкенді-кішілі келеңсіздіктер қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Соңғылардың қайсыбірінен де дінде шектен шығудың құлағы қылтияды. Ендеше, «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, шектен шығушылықтың табиғаты мен онан келер кеселді жақсы білгеніміз абзал.
Әсіре діншілдік неліктен қауіпті және ол неден туады? Баланың қиянатшыл һәм қатыгез болып өсуіне құдайсыздық қалай әсер етсе, әсіре діншілдік тәрбие де солай әсер етеді. Неге десеңіз, екеуі де сағат маятнигінің қос шеткі нүктесі сияқты бек шетін жол.
Қиянатшылдық – өзімшіл менмендіктен, яғни «менікі жөн, өзгенікі бұрыс» деген ой жүйесінен туады. «Біз ғана тура жолдамыз» дейтін діні, жүрегі қатты тәкфирші ағымның өкілдері соның мысалы. Олар атеистер тұрмақ, намазы жоқтарды кісі құрлы көрмейді. Әлем ой алыптары: «Адам бол! Ол үшін мейірімді, әділетті бол!» және «Кекшіл болма, көпшіл бол!» дегенді айтпады ма?! Әркімге де аян, Абай, Шәкәрім «Адамды сүйе білу керек» деген гуманистік идеяны берік ұстанды. Хакім Абай 38-қара сөзінде қиянатшыл жандарға «жарым адам», «жарым мұсылман» деген «диагнозын» қояды.
Енді қатыгездік мінезге келер болсақ, ол – мейірімділіктің (шапағаттың) антиподы. Хүкім шариғат бойынша мейірімді жандар Құдайдың шапағаты шеңберінде қалып, өздері де шама-шарқынша шапағат жасайды. Керісінше, қатыгез пенделер шапағаттан құр қалмақ. «Құдай залымды сүймейді» дейді айқын аяттар, ал сахих хадисте: «Алладан ең алыс адамдар – олар жүрегі қатайғандар» делінген. Мынаған қараңыз, қазақта «жетесіз», «жетесіздік» деген ауыр сөз бар. Ол Құдай жетекке алмаған, сол себептен шапағат бұйырмаған «бақытсыз байғұс» деген мағынаны білдіреді. Кейбір жастарымыз Құдайдың емес, ғаламтордың жетегінде жүр қазір.
Жалпы дінде шектен шығушылық дүмшеліктен, көбіне иман мен тағатты айыра алмаудан туады. Иман – бір Жаратушы барына нанбақ, демек, оның аясына Құдайдың ісін, заңын танып-білу кіреді. «Алланың нұрын ала білу», «Иманды жүрекке сіңіру» дейтініміз сол. Діни тағаттың (немесе тағаттылық) жөні басқа. Ол – сыртқы ғибадат (дәрет, намаз оқу, ораза тұту т.б.), былайша айтқанда, діни танымның үстіңгі жұқа қабыршағы. Бірақ өз алдына бір өріс болғандықтан қарапайым көпшілік бақытқа тағат арқылы жетеміз деп ойлайды. Құдайдың сүйікті құлы болу жолы тағатта деп сенім артады. Жақсы амал деген тек құлшылық рәсімдері деп түсінеді. Ислам әлемін аяқтан шалып, бізді діңкелетіп отырған дүмшелік табиғаты, міне, осы.
Байсалдылық пен сабырдың керек емес жері жоқ, әсіресе дінде керек. Мәселе сонда, көкірек көзіне ғана ашылатын хақиқат, түйсіктер адамға өзінің өмір тәжірибесі және көрген-білгендері арқылы келеді. Бұл - аксиома. Атам қазақ «Ер адамның ақылы жасы 40-тан асқанда толысады», «Ақылды алпыстан асқаннан сұра» демей ме. Жарықтық Абайдың: «Әрбір наданның (жас адамның деп ұғыңыз – А.О.) біз тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады» деген ескертуі де еріксіз ойға оралады.
Қорытып айтқанда, әсіре діншілдік – қоғамдық сананы еліктеушілік пен тақлиди иман (еріп иман келтіру) ауаны жайлап алған жерде пайда болатын құбылыс. Бұл діннің адамды еліктіретін құпиясы, батини сыры – көркем мінез бен ой-парасат жүйесін қалыптастыру сыртқа тебілетін жағдай.
Осы ретте дәстүрлі емес діни ағымдар алаңына көз жүгіртелік. Ислами теріс ағым өкілдері бізге намазды қалай оқу (әминді іштен, әлде дауыстап айту керек пе, қолды кіндіктен төмен әлде жоғары байлау керек пе т.с.с.), мәйітті қалай жерлеуге қатысты ұсақ-түйек мәселелерге ғана әкеліп таластырып қояды. Қане, мұның қоғамдық сананың толысуы, жаңағы қисық-қыңыр мінездің түзелуі, мейірім-шапағаттың гүлденуі сияқты біздің қоғамға ауадай қажет парасат өрісіне қатысы бар ма?! Сірә да, жоқ.
Келесі дәйекті бұрындары көз көріп, құлақ естімеген діни ұйымдардан алайық. Қазақстандағы тоталитарлық ағымның бірі – «Иегова куәгерлерінің» өкілдері «қан құймаймыз» деп қасарысып, өзге түгіл, туған баласын өлімге қияды. Сол сияқты евангелистер, кришнаиттер мен баптистер «Құдай жолы бізге ғана ашылды» деп кеуде соғып жүріп, талай отбасының түбіне жетті. Тегінде, шетелдік миссионерлердің заң шеңберінен аспай-ақ, «қатыгездіктің елшілері» аталуы жайдан-жай емес, «Махаббат – Құдайдың аты» деген христиандық басты принцип көбіне солар тарапынан аяқасты етілуде. Өйткені олардың іс-пиғылынан, байқап отырсақ, қазақты қазаққа қарсы қоюшылық пен «бірің өліп, бірің қал» деген позицияның иісі аңқиды.
Сайып келгенде, дінде шектен шығудың қай түрі де жастардың санасын улап, қоғамда жаңа сөз етілген қиянатшылдық пен қатігездіктің дәнін себеді. Шектен асушылыққа бой алдырып алсаң болды, бітті, өзінің де, өзгенің де өмірі құнсыз көрінбек. Дін «ұстазы» бұйрығын ойланбай орындауға даяр зомбилер осы ортада өсіп-өнеді. Бұл жерде әлемді түршіктірген жиһад жарылыстары мегзеліп отыр. Ауғанстан, Сирия, Ирак және Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде адам қаны судай ағуда, лаңкестік шеңбері кеңея түсіп, сонау Кенияда сауда орталығында 70 адам өліп, 200-і жарақат алғанына көп бола қойған жоқ. Сөйтіп, жұмыр жер бетінде тыныштық орнамай тұр әзірге. Біреу біледі, біреу білмейді, алғашқы діни фанатиктер – харижи топтар тарих сахнасына сонау VІІ ғасырда шыққан. Бүгінгі сәләфші, уаххабшы топтар аяқтары салбырап аспаннан түскен жоқ, олар - сол харижилік ойлау жүйесінің «өнімдері». Сүннит, мейлі, шиит болсын содыр адамға бәрібір, шаһиттік жарылыстар асыл дініміз үшін деп, рақымды, мейірімді Алланың атымен жасалуда (орындаушының «исламист» аталып, Ислам дініне деген қорқыныш сезімі – «исламофобия» әлемге таралуы содан).
Жасырып-жабары жоқ, әсіре діншілдік «вирусы» біздің елімізге де жетіп, алған бағыттарынан еш қайтпайтын қисық мінезді топтарды қалыптастыруда. «Бізге қосылмайтын қауымның бәрі адасушылар. Олардың жазаға ұшырайтын уақыты келеді» дейді. Осыған иланған жастарды ортаға қайтарып көр. Қандай уәлі уәжді айтсаң да, сіздің айтқаныңыз – далбаса, сізді Ібіліс сөйлетіп отыр, мұның жазасын Алланың өзі-ақ береді деп, орнынан тұрып жүре беруі мүмкін (шындығында сабыр, төзім, толеранттылық мінез қарапайым адамнан гөрі діндар тақуа адам бойында молырақ болуы керек емес пе). Өмір тәжірибесі аз, діни сауаты төмен, көрген-білгені шамалы. Бірақ басы қатты асаудай бұра шауып, жеңістік бермейді. Екі жастың бірін жасамай жатып, өзім білемдікке салыну, әке-шешеге құлақ аспау, үлкенді тыңдамау қадеті. Осы штрихтерден-ақ дінде шектен шығудың сипатын, оған салынған жасөспірім замандастың әлеуметтік бейнесін (сақалды өсірген, балақты қиған, қабағы қатыңқы, түсі суық дегендей) көзге елестетуге болады.
Енді дінде шектен шығушылық қаупінен, жағымсыз құбылыстың алдын алу мәселесіне ойысалық. Бүгінгі таңда уағыздарын тықпыштап, көше-көшеде кітаптарын таратқан иеговистер, евангелшілдер, кришнаиттер секілді дәстүрсіз діни бірлестіктердің жолы жіңішке қазір. «Модаға» айналған оккульттік (емшілік, тәуіп, көріпкелдік т.б.) қозғалыстың да заң негізінде тынысы тарылып отыр. Сол сияқты Әбдууахабтың жолын қуған «аят, хадисті ақылға салма», «еріп иман қыл» дейтін сәләфи, «кәпір» деп шоқпар ала жүгіретін тәкфирші, әркімнің есігін қағып, ауыл-ауылды аралаған таблиғи-жамағатшы сияқты тіркелмеген діни ұйымдардың жұмыстарына тыйым салынды. Осынау оң ахуал өздігінен орныққан жоқ, әсте. Ол - мемлекеттік тұрғыдан тер төгудің татымды жемісі. Діни фанатизм таралуын тежеуге және экстремистік топтарды оқшаулау мен құрықтауға байланысты жұмыстарды мемлекеттік органдар жалғастыра беруге міндетті.
Бірақ радикализмді болдырмау күллі халықтық іс-шараға айналса игі. Бұл ретте амалдардың ең сенімдісі – жас буынды рухани біліммен суару деуге керек. «Антивирустың» екіншісі – ұлттық құндылықтар (тіл, тарих, салт-дәстүр) мен отбасылық тәрбие (бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет т.б.). Қалың жұртшылық осы бағыттарға күш салса, сол жақсы. «Айтылмаса, сөздің атасы өледі» дегендей, тағы бір пысықтайық, иман Құдай ісін танып-білуге тіреледі, тағат – адамның ісі, дін ісі ғана. Иман – жүрек тазалығы һәм ғылымның шексіздігі, тағат – діни дәстүр мен рәсімдер жиынтығы. Иман – барша адамзатқа ортақ және өзгермейтін дара құндылық, ал тағат тарам-тарам болып түрлене береді. Ислам бір, бірақ сенім жолы бөлек-бөлек болады.
Абай 38-қара сөзінде: «Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирінен (сыртқы) қалып, сыр ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? …Бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы (ішкі) иманның көлеңкесі һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған», – дейді. Өзіңіз де ойлаңыз, иман мен тағаттың айырмасын бұдан да анық айту мүмкін бе? Дана Абай діннің ішкі және сыртқы жақтары барын, гәп ішкі сенім, иманда екенін ескертіп отыр.
Егер ми мен жүректі қоспай тұрып, ақ қағаздың бетінде тек саусақтың ұшымен қаламды әрі-бері жүгірте берсек, онан шығар нәтиже қайсы? Ол әрекет мән-мағынасыз, құр шимай болады. Сол сияқты соқыр сенім, құр тағаттылық татымды жеміс бермейді. Иман шарты – Жаратушы Құдіретке жүрекпен сену. «Жүрек жұмсаруы» үшін Алланың хикметін сезу, ғылым-білімді азық қылу шарт. Әлем ой алыптары қақсап айтқан жайт, міне, осы.
Енді ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбие жайына ойысалық. Олар түрлі себептерден семіп, ортайды қазір. Дінқұмар, бірақ қазақы салт-дәстүрді білмейтін адамдар аз емес. Қазақ асып, Сирия жеріне жетті кейбірі.
Бұрынғы үлкендер: «Балам, егер адам болам десең, онда сен өтірік айтпа, ұрлық жасама және кісінің хақысын жеме, адал бол! Дәйім жүрегіңнің түбімен Алла тағалаға сеніп, сыйынып жүр! Иманды болудың, онан пайда алудың мәнісі осы!» десетін. Бұл өсиеттер мен «Құдай залымды емес, әділ адамды, жақсы істерді істегенді сүйеді», «Жақсы істерді кім көп істейді, жақсы мұсылман сол» деген аят-хадистердің ауылы алыс емес.
Сол сияқты біздің қазақ «Ар-ұяты бардың иманы бар», «Жаным – арымның садақасы» деп білген (имани ілімді «ар-ождан ілімі» атағаны сол). «Аққа Құдай жақ» дегені, әділет – Құдайдың заңы деп білгендігі. «Қарғыс алма, алғыс ал!», «Қайырымдылықтың қайыры бар», «Жетім көрсең, жебей жүр», қысқасы, «обал-сауап» жүйесі қазақтың қанына сіңген қағида болды. Демек, қазақта құдайылық идеясы басым, Алланың нұрын ала білу және иманды жүрекке сіңіру ұлттық таным-түсініктің мәйегі болған. Сонымен қатар «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», «Күйесіз қазан, күнәсіз адам жоқ» деп адасқан пенделерді кешіре де білген.
Сөйтіп, сахара тіршілігінде имандылық, адамгершілік ұғымдары қабыса табысты. Айтпағым, «дәстүрлі Ислам», сол сияқты «қазақы ислам» өз алдына бөлек дінді емес, «Исламдағы қазақ жолы» (яғни ата-бабалар жолы) дегенді білдіреді. Тарих ақиқаты тұрғанда, қазаққа дінді тыңнан үйретеміз деу - «түйе үстінде отырып, сирақ үйітем» деген тәрізді күлкілі, бекерге тер төгу.
Республикалық газеттердің бірінен «Дінге бет бұрғызамыз деп біз небір талантты ақындарымыздан айырылып қалып жатырмыз» деген пікірді оқыдым. Ана бір жылы «Судағы акробатикадан, бұйыртса, Азия чемпионы болар деп үкілеген қазақ қыздары тобы дінге кіріп, спортты тастап кетті» дегенді Астанадағы Еуразия ұлттық университеті ұстазының аузынан естігенім бар. Бақсақ, діндеміз деп, өнерде, спортта, ғылым жолында жанбай жатып, сөнгендер аз емес. Бұл жағдай алаңдата ма, алаңдатады. Артқы толқын інілерге дін шарбағына қамалудан қаш, өзіңнің еркін ойлау мүмкіндігіңді сақта, аяла деп оң бағытқа сілтеуге тиістіміз.
Сөз соңы, әсіре діншілдік қай тұрғыдан да залалды. «Бас жоғары жаралған, мойын төмен, қарашы, дене біткен ретімен» деп ұлы Абай білмесе айта ма, сыртқы атрибуттерден гөрі бізге жан отын өшірмеу, ішкі сарайдың жарықтығы қымбат. Иман кемелдігі деген не өзі? Ол үшін ғылымды азық қыл және «үш сүюді» (мейірім, әділетті болу) ұстан дейді ұстазымыз Абай. «Басты байла жолына, малың түгіл» деп дін жолына емес, осы иманигүлге сілтеген болатын.
Хадистегі: «Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген ескертудің мәні осы арада сияқты. Міне, жас буынға да, бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да осы ақиқатты баса айтқымыз келеді.
Асан ОМАРОВ,
ҚР Дін істері агенттігі жанындағы
«Дін мәселелерін зерттеу және талдау
орталығының» жетекші ғылыми қызметкері