"Жұп боламыз деп ойламадым": Тоқтар Серіков жары Бейбітпен қалай танысқанын айтып берді
Қалың көпшіліктің көзайымына айналған жұлдызды жұп Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева “Төрлетіңіз” бағдарламасында таныстығы жайлы айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Бейбітті Нұр-Мұқасанның 10 жылдығына орай өткен үлкен концертте көрдім. Қаршадай қыздың дауысына қайран қалдым, себебі мұндай дауысты көптен бері естімеген едім. Сөйтіп келгенше Ұлықпанға: “Біздің қазақ эстрадасына жақсы әнші қыз келіпті” деп айтып келдім. Мен екеуіміз танысып, түбінде жұп боламыз деп ойламадым. 1-2 күннен кейін үлкен тойға барып, екеуіміз қайта жолығып қалдық. Сөйлесіп көрсем менің қазақшамды түсінбейді. Мен орысша білмеймін. Сөйтіп “да, давай, пока, ладно” деп қоштастық. Бқл менің жақсы білетін орысша сөздерім”, – дейді әнші күліп.
Тоқтар Серіковтің айтуынша, жұбайы Бейбітпен шаңырақ көтеруіне ықпал еткендердің бірі – халық.
“Бізді қосқан көрермен, халық. Мен Бейбітті бірінші рет концертте дуэт айтуға шақырдым. Содан кейін халық: “Екеуі жүреді екен” деп өсек айта бастады. Сөйтіп мен: “Халық жүр деп жатыр, көрдің ғой” дедім Бейбітке. Содан көп ұзамай “Үйленеді екен” деген әңігме тарады.Осылайша екеуіміз шаңырақ көтердік. Екеуіміздің Құдай берген төрт ұлымыз бар. Енді Алладан қыз болса деп тілеп жатырмыз”, – дейді Тоқтар Серіков.
Жұлдызды жұптың кенжесі әкесінің туған күнінде дүниеге келіпті. Өнер иесі мұны жұбайының өзіне деген шексіз махаббаты мен Тәңірдің ерекше сыйы деп білетінін айтты.