«Жаужүрек мың бала» мыңдаған баланың отаншылдық рухын оятуда
Астана қаласының «Жастар саясатын қолдау» мемлекеттік қоры Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өзгелерге үлгі боларлық тамаша бір шараға мұрындық болып отыр. Кешеден бері «Жастар саясатын қолдау» мемлекеттік қоры кәмелеттік жасқа толмаған балалар үйі тәрбиеленушілерін, мүмкіндігі шектеулі, жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балаларды Астанадағы кинотеатрларға апарып, «Жаужүрек мың бала» фильмін тегін көрсетіп жатыр.
Тегін көрсетілім мамыр айының 18-19-ы және 21-23-і күндері болады екен. «Барлығы 3 мыңға жуық баланы қамтуды жоспарлап отырмыз», – дейді «Жастар саясатын қолдау» мемлекеттік қоры директорының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков. 3 мың жасөспірім қазақтың жаужүрек жұрт екенін сезініп, кешегі сүйекке сіңіп қалған құлдық санадан бір сілкінеді деген сөз.
Демек, өте құптарлық іс! Балаларды анау-мынау фильмге емес, дәл «Жаужүрек мың балаға» әкелгені қуантты. Мұндай шара республика көлемінде атқарылса, нұр үстіне нұр болатын еді. Қай қазақтың болсын рухын шыңдап, жігерлендіретін қазақ киноларының арасында бұл фильмнің төбесі биік екені бірден байқалды. Жұрт мойындады. Алғашқы күндерінде-ақ кассадан 1 млн доллар пайда тапқан қазақтың қай фильмі бар еді?! Сұраныстың көбейгені – көптің көңілінен шыққаны. Жалпы, бұл фильмге мемлекеттік қызметкерлерді міндеттеп апарса да, артық болмайды. Қазақ кино өнерінің деңгейін көтеруге қосар үлесіміз де болар еді. Өкінішке қарай, бізде әлі де болсын ондай отаншылдық сезім жетіспейді. Бұл жағынан Түркияның жұртынан үлгі алуға болады. Тұтынатындары – отандық азық-түлік, отандық киім, көретіндері – отандық фильм. Себебі олардың сана-сезіміне отаншылдық қасиеті жақсы сіңген.
Айтпақшы, мұндай шараны Назарбаев университеті де ұйымдастырғанын атап өтпеске болмайды. Университеттегі бірқатар ұстаздар қазақ студенттері мен өзге ұлт өкілдерінің оқушыларын фильмнің қазақша көрсетіліміне алып барыпты. Бір күннің өзінде 110 студент барған, яғни бұл дегеніміз – 110 адамның жүрегіне отаншылдық, елдік, қазақы рухтың дәні себілді деген сөз. Одан кейін де барушылар саны толастамаған. Міне, бізге «Жаужүрек мың баладай» фильм керек және сол фильмнің аясында атқарылар осындай шаралар қажет.
Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ, Астана қаласының «Жастар саясатын қолдау» мемлекеттік қоры директорының орынбасары:
– Батыс өркениеті басым болған бүгінгі жаһандану заманында ұлттық келбетімізді ашық айқындап, қазақ елі қанатын кеңге сермеуде иек артар өскелең ұрпақ пен жастарымызға бүгінгі Тәуелсіздіктің терең тамыр-тарихынан сыр шертіп, отансүйгіштік тәлім-тәрбиені одан әрі күшейту қоғамның барлық саласының басты ұстанымдарына айналуы тиіс. Себебі болашағы бүгіннен бастау алған жастарымыз бай тіліміз бен мәдениетімізге қанық, ұлттық рухы биік болуы керек. Ал «Жаужүрек мың бала» жобасы жастарымыз үшін рухани азық болумен қатар, олардың бойындағы патриотизмнің, мораль мен парасаттылық нормаларының, тәні мен жанының дамуы үшін тәрбиелік мәні зор болып отыр.
Ернат ҚАШҚЫНОВ, Назарбаев университеті қазақ тілі кафедрасының кеңесшісі:
– «Жаужүрек мың бала» фильмі жастарымыздың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятты. Осындай шебер туындының мамыр айында кинотеатрға жолдама алуы Назарбаев университетіндегі жеделдетілген қазақ тілі курсымен тұспа-тұс келді. Мамырдың 14-і күні қазақ тілі кафедрасының ұйымдастыруымен осы курста оқып жатқан 110 студент «Азия парк» ойын-сауық орталығына барып, фильмді қазақ тілінде тамашалады. Киноны көрген жастар ертеңінде ой-пікірлерін, көрген-білгендерін арнайы пікірталаста ортаға салды. Әрі тіл үйренуші жастар сезімдерін тек қана қазақша жеткізуге тырысты. Олардың фильмнен алған әсері керемет болды. Мәселен, Ерлан Кенешов деген студентіміз: «Қазақтарда ер жігіттің көзіне жас алуы ерсі болып есептелетіні белгілі. Бірақ «Мың баланы» көріп отырған сәтте тебіреніп, екі көзім бірнеше рет жасқа толғанын мойындаймын», – деп ағынан жарылды. Қазақтар туралы түсірілген тарихи фильм өзге ұлт өкілдерін де бейжай қалдырмаған. Сергей Бочаров: «Киноның сапасы өте жоғары. Актерлер шебер ойнады. Осы фильм арқылы қазақ халқын тани түстім», – деді. Фильмге барған студенттер алған әсерлерін басқа құрбы-құрдастарына да айтып берген. Содан кейін де жастар кинотеатрларға ағыла бастады.
Аягөз, №61 мектеп мұғалімі:
– Меніңше, бұл – оқушыларымыз үшін өте жақсы іс-шара. Мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балалардың мұндай фильмдерді кинотеатрлардан тамашалауға мүмкіндіктері бола бермейді. Біз бүгінгі көрсетілімге 39 бала әкеліп отырмыз. Барлығы да алдын ала естіп-білгендіктен, асқан қызығушылықпен келді. Бармаймын деген оқушы болмады.
Майра СЕМБАЙ, №61 мектептің 8 «б» сыныбы оқушысы:
– «Жаужүрек мың бала» қазақ киноларының ішінде үздік шыққан фильмдердің бірі деп есептеймін. Отанды сүюге үлгі көрсететін фильм. Мен осымен үшінші рет көріп отырмын бұл фильмді. Көрген сайын рухтанып қаламын. Бір жалыққан емеспін. Ең бастысы, қазақ үшін бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарарлықтай бірлік қажет екен. Сонда ғана алынбайтын қамал, жеңілмейтін жау жоқ. Мен осыны ұқтым.