Жастық пен сергектік фестивалі
Ақтауда жұртшылықты елең еткізген жаңа фестиваль өтті. Аты да ерекше, Аktau Open Fest, яғни қала сені танысын деп аталады екен. Елең еткізген себебі – көбіміз шетелдік телеарналардан ғана көріп, тамашалап келген стритбол, воркаут, «3х3» баскетбол, паркур және брейк данс сияқты жастыққа тән спорттық шаралар Ақтау көшесіне алғаш енді. Айта кету керек, атын атауға тіліміз әрең айналатын бұл жарыстар шетелдерде көше спорты ретінде қатты дамыған көрінеді.
Бұл шара – Ақтау қаласының – 50, Маңғыстау облысының 40 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылған шаралардың бірі. Осы шара кезінде қала тұрғындары граффити шеберлерінің үздік жұмыстарымен де танысуға мүмкіндік алды.
Сонымен, фестиваль аясында ұйымдастырылған жарыстың бірі – ерлер арасында «3х3» баскетбол бойынша бірінші чемпионат. Оған еліміздің Астана, Алматы, Атырау, Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Ақтау қалаларынан командалар қатысты. Әр өңірден үздік командалар бас қосқан ойын тартысты өтті. «Бұл күн қала тарихындағы жарқын әрі қызықты оқиға ретінде есте қалатынына сенімдімін. Баскетболдың бірінші қағидасы – берілмеу, ал екінші қағидасы – бірінші қағиданы үнемі есте ұстау. Осындай ұранмен біз өмір сүріп, жұмыс жасап келе жатырмыз. Бүгінгі жарыс өте қызықты өтті. Алаңға шыққан кезде бірден көзге астаналық команданың мықтылығы түсті. Ойынға қатысқан барлық жігіттерге алғыс айтамын. Жастарға баскетбол ойнаңыздар, баскетболмен өмір сүріңіздер, сонда ғана жеңіске қол жеткізе аласыз дегім келеді. Қала күні құтты болсын, облысымыз өркендеп, қанат жая берсін», – дейді ҚР баскетбол федерациясы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Самсон Аракелян. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды астаналық «Астана» құрамасы еншіледі. Екінші орыннан алматылық «Ритм» құрамасы көрінсе, үшінші орынға алматылық «Ураган» құрамасы көтерілді.
Ал жастар арасында өткен брейк дансқа ресейлік B-Boy Аddu қазылық жасады. Ауа райының ыстығына қарамастан, жастар көп жиналды. «Мен өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсеткен жастарға таңғалып әрі риза болып отырмын. Дайындықтары тамаша, бірінен бірі асып түседі. Осындай жарысқа төрелік жасауға шақырылғаныма ризамын. Жарысқа қатысқан талантты жастар бұрын-соңды мен көрмеген қимыл-қозғалыстарды көрсетіп жатты. Меніңше, олар үлкен додаларда да Қазақстанның намысын қорғап, жүлделі орыннан көріне алады. Маған әсіресе Абай, Аделя, Михаил, Дурасель, Эр-Мекс, Сикошаның өнерлері қатты ұнады», – дейді бізбен тілдескен B-Boy Аddu.
Байқаудың екінші күнінде ерекше биімен көзге түсіп, көрерменнің қолдауына ие болған 16 жас өнер көрсетті. Жарыстың жанашыры әрі ұйымдастырушысы республикалық Break Dance федерациясының жетекшісі Мария Гусейнованың айтуынша, өнердің бұл түріне ден қойған жастар Ақтау қаласында жыл санап көбейіп келеді екен. «Мұның өзі – үлкен жетістік. Өйткені халықаралық деңгейде өткізілетін жарыстарға да облыстың намысын қорғап қатыса алатын жастардың болуы керек. Өз басым бүгінгі жарысқа қатысқан жас жағынан ең кіші биші Аделяның өнеріне тәнті болдым. Жастар бос уақытын текке өткізбей, спортпен айналысып, би билесе, оның өзі денсаулыққа пайдалы ғой», – дейді М. Гусейнова.
Фестиваль күндері BigSom, Skif, AidarBMM, Morriso'n StelsTravoltah, BroMetis сияқты жастар арасында кеңінен танымал рэп орындаушылардың қатысуымен концерт өтті. Фестивальдың хедлайнері ретінде ресейлік лейбл әртісі Black Star inc. – L'One мен италиялық SonPascal да өнер көрсетті. «Көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлауға тырыстым. Бүгінгі кеште жастардың арасында кеңінен танымал Tattoo, Вonny&clyde, «Все танцуют локтями» шығармаларын орындадым. Осындай кең ауқымда ұйымдастырылып жатқан фестивальға қонақ ретінде шақырылып, өнер көрсеткенім үшін өте қуаныштымын. Барлық қала тұрғындарын, қонақтарды әсем қала Ақтаудың төл мерекесімен құттықтаймын. Мен бұл қалаға осымен төртінші мәрте келіп тұрмын, қала маған қатты ұнайды», – дейді Black Star inc. - L'One.
Спорт – денсаулық кепілі. Ол өскелең жастарымыздың нашақорлық, ішімдік, жастар арасындағы қылмыс, бұзақылық тәрізді жаман әдеттерден аулақ болып, жас өмірлерін қызықты да көркем етіп өткізіп, салауатты өмір салтын сақтауға қалыптастырады. Осылай деп ой түйіндеген облыс басшысы Алик Айдарбаев фестивальдан кейін осы шараны өткізуге мұрындық болып жүрген облыстық баскетбол федерациясының директоры, музыкант, репер Самсон Геворгович Аракелянды және ҚР баскетбол федерациясының президенті Абай Әбдісаматұлы Алпамысовты қабылдады.
– Бұл жобаны одан әрі дамытып, Ақтау жастарының өмір салтына енгізуіміз керек. Оған бізде толық мүмкіндік бар. Мұнайлы аймақта көше баскетболын, спорттың тартымды түрлерін дамыту, дамытып қана қоймай, оны жасөспірімдерді қызықтыратындай жүйелі түрде, дұрыс насихаттауымыз қажет. Міне, сіздер осындай игілікті істің бастаушысы, көшбасшысы болдыңыздар және фестивальдің өте жоғары дәрежеде өтуіне, жастардың мазмұнды демалуына күш салдыңыздар. Бұл біз үшін ең маңызды!», – деді Алик Серікұлы өз сөзінде.