Ұстанымына адал Ислам

Ұстанымына адал Ислам

1990 жылдардың басында, елімізде әлі тәуелсіздік таңы ата қоймаған кезеңде Республикамыздың кейбір жоғары оқу орындарында араб, парсы, түрік тілдерін оқыту ісі қолға алынып, студенттерге шығыс тілдерінен дәріс беруге шетелдік мамандар шақырыла бастаған болатын.
Сол жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетіне (кезіндегі С.Киров атындағы ҚазМУ) арнайы шақырумен тарихи Отанына парсы жерінде туып-өсіп, Түрік елінде еңбек етіп жатқан бір азамат келді. Ол – қазіргі кезеңде бүкіл Алаш жұртына белгілі әдебиетші – ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, қазақтың талай жастарына ұстаз бола білген Ислам Жеменей болатын.

Парсы тілінің хас маманы    
Ислам Жеменейдің Тәуелсіз Қазақ елін­дегі еңбек жолына көз жүгіртер болсақ, алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да­ғы оқытушылық қызметі көзге ілігеді. Өзінің дербес жолын таңдап алған елімізге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сыртқы байланыстарын дамыту үшін шет тілін біле­тін мамандар өте қажет еді. Қазіргі кезде шет тілдеріне мамандар  даярлайтын бір­не­ше оқу орны, қаншама орталықтар жұ­мыс істеп жатса, XX ғасырдың  90-шы жыл­дарының басында ондай орындар ҚазҰУ-да жаңадан ашылып жатқан бола­тын. Өз жұмысының Тәуелсіз еліміз үшін аса зор екенін түсіне білген ғалым шет тілдерін білетін шәкірттер даярлау ісіне өте құлшыныспен кірісіп кетеді. Ол парсы тілін үйренетін студенттерге арнап оқу құрал­да­рын және парсы-қазақ, қазақ-парсы сөз­діктерін шығарады.  Төрт-бес жыл ішінде Ислам Жеменей Ұлттық Университетімізде парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген бірнеше ондаған мамандар тәрбиелеп шығарады. Қазіргі күнде олардың алды Сыртқы Істер Министрлігінде, Ауғанстан, Пәкістан, Иран сияқты елдердегі еліміздің елшілігінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Олардың бәрі И.Жеменейді әрі ұстаз, әрі ағайы ретінде сыйлап, құрметпен еске алып отырады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылы Қазақстанның ақпарат кеңістігінде қазақ-түрік тілдерінде «Заман-Қазақстан» газеті шыға бастағанын ешкім де ұмыта қоймаған шығар. Бұл газет қазақ халқының түркі әле­мімен рухани байланыс жасауында белгілі бір роль атқарады. Осы газетті ұйым­дастырушыларының бірі Ислам Жеменей болғанын қазір біреу білсе, біреу білмейді.
90-шы жылдардың ортасына дейін қазақ елінің рухани, мәдени өміріне белсе­не араласқан Ислам біртіндеп ғылымға бет бұра бастайды.
Туған тілдің жанашыры
Тумысынан талантты, шаршауды білмейтін, үлкенді аға деп құрметтейтін, кішіні іні деп сыйлайтын, имандылықты ту етіп ұстайтын  Исекең ғылымдағы ұстазда­ры,  филология ғылымының докторлары, профессорлар – Мекемтас Мырзахметұлы мен  Әбсаттар Дербісәліұлының жетекшілі­гімен  диссертацияларын қорғап, алдыме­нен филология ғылымы бойынша ғылым кандидаты, көп ұзамай ғылым докторы ғылыми дәрежесін иеленеді. Ортаға­сырлық парсы тіліндегі қолжазбалардан қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты көптеген мәліметтерді ғылыми айналымға енгізе отыра, ол парсының классик ақындарының шығармаларынан түрік әлеміне, қазақ халқына қатысты көптеген құнды жаңалықтар табады. Парсы-түрік мәдениеттерінің арасындағы ұқсастықтар мен өзара байланыстар туралы тұшымды тұжырымдар жасайды. Оның осы бағыт­тағы ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала­ларын есептемегеннің өзінде жеке моног­ра­фияларының саны оннан асады.
Ислам Жеменей сонымен бірге әртүрлі қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарда тәрбиелік және ғылыми-танымдық сипат­тағы мақалаларын жариялап, көпшілікке ой тастар пікірлер білдіріп жүр. Оның отан туралы, ел, халық туралы, тіл мен дін тура­лы айтқан ойлары қазіргі кезде идеоло­гия­мызға негіз боларлық дүниелер.  Отанды ақылмен сүю, жүрекпен сүю, сезіммен сүюдің қандай болатынын талдап беруі, нағыз отансүйгіш азаматтың қолынан ғана келетін іс. Оның тіліміздің тағдырына қа­тыс­ты жазған «Мылтықсыз майдан» атты көпшілікке арналған мақаласы осыдан он шақты жыл бұрын  үлкен сілкініс тудырғаны белгілі.
Тарихқа ден қою
Ислам Жеменейдің ортағасырлық Қа­зақстан тарихын зерттеуге қосқан үлесінің өзін бір төбе деуге болады. 90-шы жыл­дардың аяғында Халықаралық Дулати қорының тапсырмасымен ол Мұхаммед Хайдар Ду­латидың «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығар­масын түпнұсқадан қазақ тіліне аударды. 2003 жылы қалың оқырмандар қолына тиген бұл кітап тарих­шы­ла­рымыз үшін ортағасырлық Қазақстан тарихын зерт­теу­ге зор мүмкіндіктер ашып берді. Егер қолдаушылар табылса Исекең түпнұсқадан қазақ тіліне Рашид ад-дин­нің «Жылнамалар жина­ғын», Жувейнидің «Та­рих-и Жахан-гушасын», сондай-ақ Шами­дың, Йаздидің, Әбдразақ Самарқандидің, Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың және тағы басқа парсы тіліндегі ортағасыр­лық авторлардың тарихи шығармаларын аударуға даяр. Оған оның білімі де, күш-қайраты да жетеді. Тек мемлекет тарапынан немесе қоғамдық ұйымдар мен жеке ада­м­дар тарапынан қолдау көрсетілсе бол­ғаны.
Ислам Жеменей – өзінің ғылымдағы адал еңбегі арқылы  қазақ филология ғы­лы­мында ойып алар орынға ие болған ғалым. Өзінің адами қасиеттері арқылы  ғылымдағы аға буын өкілдерімен де, қа­тарластарымен де, кіші буын өкілдерімен де, тіпті басқа қоғамтану ғылымдарының өкілдерімен де  жақсы сыйласып жүрген  нағыз азамат. Оның күні бүгінге дейін жарық көрген еңбектері, айтқан ойлары, жасаған тұжырымдары, білдірген пікірлері  тәуелсіздігіміздің тұғырын тереңдете түскеніне кәміл сенеміз.
Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста