Ұшатын сиырлар – Атырауда
Атыраудағы Шаймерден Сариев атындағы өнер мұражайында өткен ерекше көрме осылай аталды. Ерекше дейтініміз, бұл көрмеге халықаралық Mirca Art Group Stokholm суретшілер қауымдастығының мүшелері, атыраулық Рафаэль Слекенов пен мексикалық қылқалам шебері Рауль Говеоның 45 туындысы қойылған.
Атырау өңірінің Индер кентінен түлеп ұшқан суретші Рафаэль Слекенов өнер саласындағы «Жігер», «Шабыт» фестивальдарының жүлдегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері. Шетелдерде көрме өткізіп, тәжірибе жинақтап жүрген талантты жас. Ал Рауль Говео Пералта Мехикода дүниеге келген. Сан-Луис-Потоси штатындағы архитектура институтында білім алған Рауль мен Рафаэль Варшавада танысыпты. «Рауль – Еуропаға өте танымал суретші, – дейді Рафаэль Слекенов: – Болмысы зиялы, талантты, талғамы биік. Бірге көрме өткізу туралы ойымды айтқанымда, қуана келісті. Рас, Раульдің ата-анасы алғашында қарсы болды. Оларды «стан» сөзімен аяқталатын елдер үрейлендіреді екен, мысалы, Ауғанстан, Пәкістан сынды. Қазақстанға жіберер алдында интернет арқылы біздің ел жөнінде біраз мағлұмат алғаннан кейін ғана жолына батасын беріпті».
Рафаэльдің көрмеге ұсынған суреттерінің басым көпшілігінде судан балық аулаған баланың бейнесі көп ұшырасады. «Бұл – менің бала арманымның көрінісі, – дейді Рафаэль бұл жайлы. – Кішкене кезімде ихтиолог болуды армандадым. Жайық өзенінен балық аулау мені үлкен әсерге бөлейтін, ихтиолог бола алмасам да, суреттерім арқылы арманымның бейнесін көрсеткім келді».
Көрме өткен өнер мұражайының директоры Жайдарбек Зайдуллин Раульдің Қазақстанға келуіне біздің елде Мексиканың дипломатиялық миссиясының жоқтығы біраз қиындық келтіргенін айтады. Тек облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ғана осындай ерекше көрмені көпшіліктің назарына ұсыну мүмкін болыпты. Маусымның 15-іне дейін жалғасатын көрмеден кез келген көрермен өзіне ұнаған картинасын сатып алуына да болады екен.