Ұлылар мекеніне саяхат

Ұлылар мекеніне саяхат

«Ұлы Абай атамыздың басына барып, құран бағыштап қайтсақ» деген мақсат көкейімізде көптен жүруші еді. Сол мақсатымыз өткен аптада іске асып, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар секілді қазақтың біртуар перзенттерін дүниеге әкелген қасиетті топырақ – Семейге, оның ішін­де Жидебай жеріне белгілі абайтанушы доцент-ғалымдар Асан Омаров, Омар Жәлелұлы, танымал ақын Сәруар Қамалова, елордада­ғы №31 орта мектептің мұғалімі, Шәкәрім бабамыздың жиені, фило­лог Нұрбек Қабекенұлы және бір топ тілшілер мен Абайға қатысты түрлі конкурс­тар мен жарыстардың жеңімпаздары бар үлкен делега­ция Семей өңіріне саяхат жасап қайттық. «Ұлылар мекеніне саяхат»  деп атал­ған осынау сапарды Қазақстан-Ресей университеті «Абай­тану» ғылыми-танымдық орталығы, оның ішінде, осы жобаның жүгін арқалап келе жатқан орталық директоры, ақын, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы ұйымдастырды. 
Елордадан арнайы шыққан жолаушы­ларға жол бойы ұлылар туралы әңгімелеп барамын деп «Абай қорының» төрағасы және ғұлама ақынның ұрпағы, сексеннің сеңгіріне шыққан Балташ ата Ерсалимов арнайы келген екен. Шежірелі қарттың әңгі­месі мен жол бойы оқылған ұлы Абай­дың өлеңдері мен әндерін тыңдап, Шәкә­рім, Мұхтар, Жидебай, Семей, «Абай жо­лы» роман-эпопеясы туралы деректі фильм көрген біздер жол ұзақтығын тіпті байқа­май да қалдық. 
Қазақстанның рухани өмірінде Семей­дің алатын орны ерекше. Семей Абай заманында 12 мешіті, орыс мектебі, өлке зерттейтін санақ комитеті, бастауыш білім беру қоғамы, кітапханасы, өлкетану мұра­жайы бар 30 мыңнан аса халық мекен­дей­тін қала болса,  бүгінде ол – 300 мыңнан аса тұрғыны, екі театры, мәдениет ошақта­ры бар үлкен қала.
Ертеден-ақ ежелгі тайпаларға тұрақ болған бұл мекен кезінде Доржынкит, Жеті шатыр атанған. Бекініс іргесі 1718 жылы қаланғанымен, 1776 жылдан бастап іргесі кеңейе бастады. 1782 жылдан бастап уез­дік қалаға айналды. Семей қаласының тарихы жайында Г.Ф.Миллер, Г.П.Спасский, Ф.М.Достоевский, А.Е.Врангель, В.В. Рад­лов т.б. зерттеулер жүргізген.
Жолшыбай қасиетті Кереку жеріне аял­дап,  қас қарая жеткен бізді Семейде «Ха­лық­тық ақындар орталығының» дирек­торы, танымал айтыскер ақын Дәмеш Омар­­баева мен оның шәкірттері ән-жыры­мен, бауырсақ-құртымен қарсы алды.
Ертеңіне Жидебайды бетке алып жолға шықтық. Жол басшымыз әрі таныстырушы­мыз Алма Мұхаметқалиқызы тарих тылсы­мынан сыр шерткен ұлы дала, онда дүние есігін ашқан ғұламаларымыз туралы кеңі­нен әңгімелеп отырды. Жидебай бағытына бет алған жолда алғаш болып тоқтаған орнымыз Күшікбай батыр асуы болды.  Күшікбай асуы – Семейден 51 шақырым қашықтықта орналасқан Арқалық тауынан асатын тұсы. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. 
Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. Жоңғар бас­қын­шыларына қарсы күрескен белгілі ба­тыр­­лардың бірі.  Батырлығымен қоса, нашарға қайырымды, әділдігімен аты шық­қан адам. Академик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің оның батырлығы туралы жазғаны мәлім.
Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасындағы қыстақ қараусыз тұр
Саяхатшылар осы асумен танысу бары­сында ерекше жайттың да куәсі болды. Осыдан бірер ай бұрын М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінде Күшікбай асуында болған қайғылы оқиғаның кейіпкерлері Ғазиза мен оның әкесі Жақып жерленген зират, олар тұрған үй мен қораның орны табылыпты. Асан Омаровтың айтуынша, зират пен тұрақты тапқан белгілі семейлік өнер өкілі Аман­гелді Жүкенов деген азамат көрінеді. Әрі табылған орын әңгімедегі Мұхтар Әуезов суреттеген жайттармен тұспа-тұс келеді екен. Саяхатшылар осы орынның тұңғыш ізашарлары болып қана қоймай, алғашқы зиярат етушілері де болды. «Осы орын табылған бойда «сүйіншілеп» мақала жазғанмын. Бірақ оған назар аударған ешкім болмады. Енді осы тарихи орынды қоршап, арнайы белгі қойса деген тілегіміз бар», – дейді Асан ағамыз.  Аталмыш әңгімедегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, ұят пен намыстан, шарасыздықтан зар кешкен бейшара қыз алай-дүлей бо­ран­ның астында әкесінің қабірін құшақ­таған күйі көз жұмған. Асан ағамыздың тілегі орындалып, бұл орын мемлекет тарапынан қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әуезовтей алып туған киелі ауыл
Келесі тоқтаған аялдамамыз Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай үйі болды. Бөріліге жақын орналасқан Аяққараған­да, Бөрілі тауындағы мөлдір сулы Тұма көлінің жағасындағы киіз үйде Мұхтар Әуезов дүниеге келген. Ерекше қуанған Әуез немересінің дүниеге келгенін хабарлап, ең алдымен Абай ауылынан сүйінші сұратып­ты. Өмірі іргесі бөлінбеген екі ауыл бұл қуанышты бірігіп тойлайды. Казір қалпына келтіріліп, мұражайға ай­нал­ған үйде Мұх­тар­дың балалық, жас­тық дәурені өткен. Осы үйге Райхан атты келін түсіріп, Мұғами­ла, Шоқан есімді бала сүйген. «Еңлік-Кебек», «Қорғансыздың күні», «Бәйбіше-тоқал», «Сыбанның мола­сын­да» сияқты тұңғыш шығармалары осы үйде жазылған. «Абай жолы» роман-эпо­пеясының көп оқиғасын зерек жас атасы – Әуез, әжесі Дінасылдан естіген, бала кезінен санасына сіңірген. Бөрілінің бөк­терінде Мұхтардың әкесі – Омархан, ше­шесі – Нұржамал, әже­сі – Дінасыл, ағасы Қасымбек жерлен­ген.  Ал атасы Әуез қарт тіршілікте көңілі ажырамаған Құнанбаймен өлген соң да бірге жатуды өсиет етіп, қажының жанына жерленіпті. Бұл жерде саяхатшылар Мұхтар Әуезовтің көзі тірісін­де тұтынған заттары­мен, артына қалдырған құнды жәдігерлері­мен танысып, Омархан бабамыздың рухы­на құран бағыштадық.
Заманға сай мәрмәрдан кескінделген «Еңлік-Кебек» ескерткіші бүгінгі ұрпаққа ерекше қастерлі. Осы ескерткішке ат шалдырған біз Ақшоқы тауында орналас­қан Құнанбай әулетінің зиратына аялдап, бабалар рухына тағзым еттік.
Ақшоқы тауының жеке биігі үшеу. Олар  Шеткі Ақшоқы, Үлкен (орта) Ақшоқы, Кіші Ақшоқы деп аталады. Еңлік-Кебек оқиғасы Шеткі Ақшоқыда болған. Қыстау түстігіндегі төбелер шетінде шаншылған биік тұр. Биік төбе Бидайық деп аталады. Бұл Еңлік пен Кебектің жолсыз жазаға тартылған жері. Екеуі ат құйрығына осы жерде байланған. Денелері осы биіктің қарсысынан тұп-тура 14 шақырым қашық­тықтағы сонау бұлды­рап көрінген төбешік­те жерленген. Ол төбе «Абай жолы» рома­нында «Ералы жазығын­да­ғы кішкене төбе» аталады.
Біз ат байлаған Ералы жазығы – Абай ауданының шаруашылық қонысы. Ащысу өзенін қақ жарып ағатын Ералы қорығы бойында Абай көп тарихи оқиғаны бастан кешіріп, інжу жырларының біразы да осында туған.  Тағы бір атап өтерлігі, 1917 жылы маусымда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы киіз үй сахнасында қойыл­ған Ойқұдық қонысы да осы Ералы жазы­ғын­да орналасқан.


Абайдың кіндік қаны тамған жер
Сырт-Қасқабұлақ – Абайдың туған жері. Кұнанбайдың үлкен ауылы осы жер­ден ағып өтетін Қасқабұлақ бұлағының екі жағын бірдей жайлап отырған кезде дүние­ге келген. Жотаның екі жағында екі бұлақ екі жаққа қасқая тартылғандықтан бұл белді Қасқабұлақ жотасы дейді. Семей қаласынан 103 шақырым қашық­тықта. Қазір бұл жерде М.Әуезов атындағы совхоз орталығы орналасқан. Осы жерде бабалар рухына тәу еткен біз атақты Шыңғыс тауының табиғатына тамсандық.
Әне-міне дегенше Қарауыл жеріне де келіп жеттік. Қарауыл – Абай ауданының қазіргі орталығы. Абай ауданы жеріндегі шағын өзеннің атымен аталған. Шыңғыс тауынан басталатын бұл өзеннің бойын  ақын ауылы жиі жайлаған. «Бұл өлке, бұл атырап – сан батырдың тұлпарының ізі қалған, талай саңлақ акынның үні қалған, әншілер мен күйшілердің сазы мен әуені қалған киелі Отан. Абай, Мұхтар, Шәкәрім­дей алыптарды сыйлаған қасиетті топырақ­тың қадіріне жеткен ел бүгінде бұл мекенді «Ұлылар мекені» деп атайды», – дейді жолбасшымыз Алма ханым. Мұнда бізді Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков қарсы алып, аудан туралы кеңінен әңгіме­леп берді.
Абайдың есімімен тығыз байланысты киелі орындардың бірі Жидебай – Семей­ден 180 шақырым қашықтықты қамтитын  Абайдың атақонысы. Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұ­рай­лы жер. ХІХ  ғасырдың орта тұсында аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы қыстау салдырған. 1850 жылы Құнанбай Жиде­бай­дан 15 шақырым жердегі Ескітам деген жерден медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан.
Саяхатшылар Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенесінде аялдап, осында жерленген алыптар Абай мен Шәкәрім, Абайдың інісі Оспан, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың рухына құран бағыштап, зиярат етті. Соңыра Абай ғұмырын өткізген қыстау үй – бүгінгі мұражайды аралап, көзі тірі­сінде хәкім тұтынған заттарды көріп, құнды жәдігерлермен де таныстық. Ұлылар меке­нінің ұлағатына бой алдыра жүріп қайтар күннің қалай келіп қалғанын да аңғармай қалыппыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста