Ұлт батыры жайлы тарихи фильм
Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы фильм төрт сериядан тұрады. Алдын ала көрсетілімде соның бірінші бөлімі ұсынылды. Тарихи телефильмнің сахнасы Бауыржан Момышұлының таспаға түскен жанды дауысымен ашылды. Батыр дауысы «Хабар» агенттігінің мұрағатында қатталып, сақталып қалған екен.
«Біз майданда болдық, белуардан қан кештік, тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, жеңіспен тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп, оны абыроймен атқардық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жо-оқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлер де аз емес. Ұлы Отан, туған елім, туған жерім!..» – деп басталады таспада сақталған батырдың үні.
Осы жанды дауыстың өзі қандай! Әрбір сөзі нық. Сұңқардай саңқылдап шығады. Тегін адам емес екенін осы бір үнтаспаны тыңдаған адам да бірден түсіне кететіндей. Батырдың аузынан шыққан әрбір сөзі «сүйектен өтеді». Денені шымырлатады. Жүрекке жетеді. Әсіресе Момышұлының: «Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көргенмін» деп айқай салғанда, осыншама қатқыл дауыстан селк етіп сескенбейтін пенде жоқ шығар, сірә. Ал батыр дауысының өзі соншама ауыр болса, оның тұлғасын фильм арқылы сомдаудың жауапкершілігін де түсінуге болады. Осындай жауапкершілікті «Хабар» агенттігі мен телефильм түсірушілер тобы барынша көтере білген десек артық емес.
Тарихи кинолентаның режиссері – Ақан Сатаев. Басқасын айтпайық, тек «Жаужүрек мың бала» көркем фильмімен-ақ жұртшылықтың жүрегін жаулап алған Ақанның өзі ғана емес, оның командасы да кәсіби шеберлер екенін киносыншылары да жақсы біледі. Сондықтан да батыр Бауыржан жайындағы «Хабар» агенттігінің төл туындысы қазақ көрерменінің көңілінен шығатынына сенім мол. Ал фильмнің бірінші бөлімінің сценарийін Тимур Жақсыбаев жазып, ол Александр Бектің «Арпалыс» атты повесінің бірінші бөлімін негізге алған.
Жалпы мазмұнға келсек, тарихи телетаспа әскери қызметте істейтін жас әрі жігерлі Бауыржанның елді қорғауға аттансам деген арманынан басталады. Кейіннен қолындағы күрегі мен қаламсабын қаруға алмастырған Момышұлының қан майданға дайындығы, сосын атқыштар дивизиясын жасақтауға келген генерал-майор Панфилов пен Бауыржанның танысуы, батальон командирі ретінде ұрысқа қосылған Бауыржан Момышұлының алғашқы шайқасы кеңінен баяндалады. Батырдың майдандас достарының екіұдай көңіл күйі, өзіне де, өзгеге де талапшыл командирдің жаужүрек мінезі бар қырынан ашылады. Фильмдегі басты рөл, яғни батыр Бауыржанның рөлін сомдау М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Еркебұлан Дайыровқа бұйырған екен. Батырдың жары Жамалдың рөлін Әсел Сағатова, генерал Панфиловты Виктор Ашанин, лейтенант Қасеновты Саят Есембаев ойнап шыққан.
Еркебұлан ДАЙЫРОВ, актер:
– Бұл – кез келгеннің басына қона бермейтін бақ, сол бақты бағалай білген абзал деп ойлаймын. Маған сенім артқан осы телефильмнің авторы «Хабар» агенттігіне, Ақан ағаға рақмет айтқым келеді. Мен де осы кісілердің сенімдерін ақтап шығуға барынша тырыстым. Шынымды айтсам, осы жолы Баукеңнің шығармашылығына, мінезіне қатты ғашық болдым. Кімді ойнап жатқанымды бұрынғыдан да терең білуім керек қой. Сондықтан Баукеңді зерттеу барысында қазақта осындай азаматтың болғанына қатты қуандым. Біз онымен мақтануымыз керек. Кейінгі біздің өскелең ұрпаққа үлкен тілегім, құлақтарына алтын сырға Бауыржанның кім екенін білсін, танысын. Негізі, Баукеңнің бойындағы тұнып тұрған батырлық әр қазақ жігітінің қанында бар. Егер ол болмаса, осыншама ұлан-ғайыр жерді кезінде біздің жігіттер алып қалмас еді.
Баукеңнің дүниелерін, жиған-тергенін төкпей-шашпай елге жеткізудегі еңбектің зоры – Зейнеп Ахметоваға тиесілі. Батыр атаның келіні Зейнеп апамыз тарихи телефильмнің алдын ала көрсетіліміне арнайы Алматыдан келіп, көңілі алабұртып, тебірене отырып телетуындыны бар зейінімен қарап шықты. Көңілінен шыққанын да жасырмады. Дегенмен дәл осы туындыны жарыққа шығаруда Зейнеп Ахметованың еңбегі де ұшан-теңіз. Мұны жас актриса фильмдегі басты рөлдердің бірін ойнап, батырдың жары Жамалды сомдаған Әсел Сағатова да алға тартады.
Әсел САҒАТОВА, актриса:
– Шынымды айтайын, маған бұл рөл оңайға соқпады. Психологиялық тұрғыдан алғанда да жүгі зор болатын. Өйткені жауапкершілік тым ауыр еді. Сондықтан да кейіпкерге кіріспес бұрын біз Бауыржан Момышұлын, оның жұбайын көргендермен, ол кісілермен араласқан адамдармен көп әңгімелестік. Бибі-Жамалдың қандай адам болғанына қатысты үлкен ізденіске түсуге тура келді. Өйткені батыр тұлғасы бізде барынша жазылғанымен, оның жары туралы ақпар аз еді. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлының туыстарымен көп сөйлестік, естеліктерге ден қойдық. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз үлкен көмек көрсетті. Зейнеп апамыздың батырмен бірге тұрған күндері туралы жазғандарына жүгіндік, ол кісінің өзі де мол мағлұмат берді.
Телефильм Алматының маңында, Талғар қаласында, Минскіде түсірілген. Бұған «Беларусьфильм» киностудиясы да атсалысса керек. Фильмнің қоюшы-операторы Хасан Қыдырәлиевтің де, композитор Ринат Гайсиннің еңбегін де айтпай кетуге болмас. Туындының талғамнан шығуы да осындай шын шеберлердің бірлескен жұмысы арқасында өрілсе керек. Әйткенмен бағасын беру талғамы жоғары, мәртебелі көрерменнің еншісінде. Айтпақшы, тарихи телефильмнің премьерасы «Хабар» телеарнасында 17 желтоқсанда басталмақшы.
Айдос ҮКІБАЕВ, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы:
– Идея бізден болғанымен, оны орындау жағын қазақтың белгілі кинорежиссері Ақан Сатаевқа сеніп тапсырылған болатын. Жалпы, қазақтың даңқты батырлары, қол бастаған көсемдері туралы кинолар, тарихи телефильмдерді көптеп түсіру жөніндегі тапсырманы Елбасы жүктеген еді. Бүгін соны орындаған секілдіміз. Батыр жайындағы фильм түсірудің өзі – ел-жұрт алдындағы зор парыз. Біз сол борышты атқарып шығуға тырыстық.