Тәуелсіз елімізге Тәңірдің берген тәтті сыйы
Алла оны тіл-көзден сақтаса екен! Екі жасында әріп танып, төрт жасынан өлеңге жақын болған, сегіз жасында «Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сый» деп жүрегінен төгілте жыр жазған қаршадай ғана Жамбыл Дүйсенұлының өзі Алланың қазаққа берген тәтті сыйы секілді. Сәуірдің 5-і күні жасы 8-ге толған бала ақын Жамбылдың сол күні Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен шығармашылық кешінде өрімдей өреннің рухты өлеңдерін тыңдап, айрықша әсер алған жұрттың бәрінің көкейінде осындай ой болған шығар. Ендеше, Алаштың айбынын асырып, рухын асқақтатар ақын ұлыңмен сіз де таныс болыңыз, ағайын!
Әлқисса
Айтарымыздың әлқиссасын бала ақын Жамбыл жайлы естіген алғашқы ақпаратымыздан бастасақ. Осы жылдың ақпан айында Алматыда бір 3-сынып оқушысы шығармашылық кешін өткізгенін естіген едік, бірақ бәлендей мән бермеппіз. Содан наурыздың 21-інде Президенттік мәдениет орталығындағы мерекелік шарада «сол бала керемет өлеңдерін оқыды, ғажап» дегенді естігенде елеңдеп қалдық, расында. Сөйткен Жамбыл сәуірдің 5-і күні Астанада Президенттік мәдениет орталығында Мырзатай Жолдасбековтің мұрындық болуымен шығармашылық кешін өткізді. Келдік. Көрдік. Жырларын тыңдап, тамсандық (тіл-көзіміз тасқа). Қазаққа осындай ұл сыйлаған Аллаға шексіз шүкіршілік дестік.
Сахнада тұрып, шабыттана өлең оқыған қаршадай бала залға лық толған халықты отыз-қырықтағы ақындарға бергісіз ойлы һәм ұтымды ұйқасқа құрылған жырларымен әрі тамсантты, әрі рухтандырды. Халықтың сүйініші шексіз!
Бала Жамбыл өзі жайлы
«Армысыздар, құрметті халайық! Армысыздар, Астана жұрты! Қазіргі тыңдайтын өлеңдеріңіз өзім жайлы. Иә, рас, бүгін – сәуірдің 5-і, яғни менің туған күнім. Мұқағали атамыз өз туған күнінде былай деп жырлапты ғой:
«Бүгін – менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мынау қазақ неге жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едім бәріне,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – десе, ал мен туған күнімде өзімше былай жырлаймын:
Бүгін – менің туған күнім, ой, ғажап!
Тойлап жатыр қошеметтеп бар қазақ!
Банкет жасап берер еді ата-анам,
Жұмыссыз ғой, ақша табу – бір азап!
Туған күнде шабыт кернеп бойымды,
Қазағыма жырдан соғым сойылды.
Арманым жоқ, ел-жұртымды қуантып,
Мырза атам жасап жатыр тойымды», – деп сахнаға еш қысылмай, еркін шыққан сегіз жасар Жамбыл өзі жайлы былай жырлайды:
2003-тің сәуірінде ашқам өмір есігін,
Сарқытымын Жамбыл қарттың,
Жамбыл – менің есімім.
Іште жатып ғашық болдым
бабалардың жырына,
Өлең-жырмен әлдиледі
туған жерім, бесігім.
Екі жаста әріп жаттап,
ата-анама жағыппын,
Төрт жасымда алыс-жақын,
жақсы-жаман таныппын.
Алты жаста аяқтадым
бір мен екі сыныпты,
Жеті жаста сан
жүлдені иеленген алыппын...
Рас, солай! Мен елімнің
ертеңіне жауапты,
Тәуелсіз ел тарландары
болуы керек талантты.
Еркіндіктің қыраны – мен,
елім үшін туғанмын,
Жырлап өтем тал жырыммен
қайсар рухты қазақты!
Мырзатай Жолдасбеков бала Жамбыл жайлы
Бала Жамбылдың кешін ұйымдастырып, шымылдығын өзі ашқан Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтсақ, қазақта бұрын да небір айтулы ақындар, сөз бастаған шешендер, ел бастаған көсемдер аз болған жоқ. Құдайға шүкір, олар бүгін де бар. Сондай ұрпақ сабақтастығы жалғасының бір куәсі – Жамбыл Дүйсенұлы. «Бүгін, сәуірдің 5-і күні, тура сегіз жасқа толды. Мен ойлаймын Жамбылдың 80 жылдығында, Алла жазса, бүкіл Қазақстан дүрлігіп, жер-көкке сыймай, көп қонақ келетін болар деп. Бұл бала ақпанның 23-і күні Алматыда үлкен кеш өткізеді. Кеш жұрттың көңілінен шығып, көкейіне қонады. Содан кейін, неге екенін білмеймін, маған сәлем жолдапты. «Мырзатай атама сәлем айтыңдар: сәуірдің 3-і күні Президент сайлауы өтеді, Нұрсұлтан атам қайта сайланады, мен сәуірдің 5-і күні сегізге толамын. Сол күні мен Астанада Президенттік мәдениет орталығында шығармашылық кешімді өткіземін», – депті. Қалай «жоқ» деп айтасың?! Өзім аң-таң болдым, астапыралла, бұл қандай бала болды деп. Ойланып-толғанып, ақыры телефон шалдым», – деген М.Жолдасбеков бала ақынның өлеңдерін тыңдаған соң ерекше әсер алғанын, оның ақындығына шүбәсі қалмағанын айтады. Тіпті Жамбыл деп атауға жүрексініп, Жәке дейтінін де жасырмады. «Алланың қазаққа берген сыйы ма екен дедім, Алла амандығын берсе, осы бала қазақтың сөзін ұстағалы тұр. Осы баламен бірге Жамбылдың да, Мұқағалидің де рухы туған халқының ортасына қайтып оралғандай болып көрінеді маған», – дейді кезінде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын зерттеген Мырзекең.
Өлең-жырдың қос алыбы – Жамбыл мен Мұқағалидің жалғасы
Бала Жамбылдың түйдек-түйдек жырларын тыңдап отырып, оның бойына Жаратқан иеміз айрықша рух бергеніне күмәніңіз қалмайды. Өйткені ол – анасы Кәмшат пен әкесі Дүйсеннің 15 жыл зарығып күткен тұңғышы. Енді қараңыз, сөйткен бала Жамбыл жырдың қызыл жолбарысын жетектеген ата Жамбылдың жерінде туса, анасы, яғни нағашы жұрты – «ақындықтың Хан-Тәңірі» атанған, Мұқағали туған Нарынқолдың Қарасазынан. Оның ұйқасы орайлы, сөзі шұрайлы, ең бастысы, әр сөзінен қазақтың өр рухы айқын аңғарылып тұратыны да содан болар.
«Жыр жазу да оңай емес білгенге, Оңай емес шын жылап, шын күлген де. Тіл күрмеліп, сөз таппайсың оңдырақ, Өлең келіп жан-жағыңнан бүргенде», – деп бастаған «Оңай емес» атты өлеңінде бала Жамбыл таңды таңға ұрып, шабыттың шаттығына бөлену мен ақындықтың жауапкершілігі қандай екенін шынайы өрнектейді. Ал енді «Тілім – тағдырым» өлеңінде: «...Тілім менің – тағдырым, жан дауысым, Кеудемдегі өрлігім, мән-маңызым. Шыбын жанды қиямын өз жолыңа, Тіршілікте сан ғасыр самғау үшін...» – деп, бүгінде өз тілін өзі білмей жүрген мыңдаған бауырымызға ой салады.
Жалпы, бала Жамбылдың осы уақытқа дейін жазған өлеңдері 50-ге жуықтайды екен. Оның ішінде «Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сый» атты рухы асқақ өлеңі де бар. Оның бәрін және сол кештен алған әсерді бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, әрине. Сондықтан Мырзатай Жолдасбековше айтсақ, «Жамбыл қазаққа ылғи керек болатындықтан», бұл мақаламызды осымен түйіндеп, кішкентай ақынның үлкен кешіне куә болған бірқатар азаматтың пікірін ұсынғанды жөн көрдік.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, мәдениет министрі:
– Жамбылдың әлгіндей үлкен адамдардың санасына, қалыптасқан ақындардың ойына орала бермейтін мінсіз шумақтарын көргенде, шындығында, бір таңғажайып талант дүниеге келген деп айтуға болады... Былайша айтқанда, Жамбылдың ақындық мектебінің бірінші бөлігі қалыптасқан. Ендігі көп нәрсе ата-анасына байланысты. Сондықтан ата-анасына айтарым: біріншіден, Жамбылды тіл-көзден таса ұстау қажет; екіншіден, сахналарға көп шығара бермеу керек; үшіншіден, той-томалақтарға қатыстырып, ағаларының мерейтойларына өлең арнатпаған жөн; төртіншіден, қазақ тілімен шектеліп қалмай, басқа пәндерді де жақсы оқысын. Мұндай азаматтар кішкентайынан тіл меңгеруге бейім болады. Сондықтан өзге тілді, әсіресе ағылшын тілін үйренсе, мүмкін, кейін ағылшын тілінде де ана тіліндей жазып кетер. Жасыратыны жоқ, қазақтың небір таланттары ағылшын тіліне кезінде дұрыс аударылмағандықтан, орыс тілінің аясында қалып қойды. Сондықтан Жамбыл атаң қазақ поэзиясының биігінен орын алса, сенің әлем әдебиеті мен поэзиясының төрінен орын алуыңа тілектеспін!
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Керемет! Бұрын, мысалы, «қаз дауысты Қазыбек пәлен жасында бүй депті» деген әңгімелерді естігенде, көзімізге елестете алмаушы едік. Мынау бала Жамбылды көріп, сол баяғы ата-бабаларымыздың рухы қазаққа қайта келгеніне, яғни қазақтың мәңгілік екеніне көзім жетіп тұр. Тәубе деймін. Бір Жамбылды бір Жамбыл жалғап отыр. Оның өлеңдері періште-жүрегінен шығып жатыр. Мен өзім ана тілінен безіп, лағынет айтып жүрген бауырларымыз осы бала Жамбылдың жырларынан кейін оянатын шығар деймін. Алла тағала қазақтың асыл рухын, жырын Жамбыл арқылы қайта жеткізіп отыр. Олай болса, Алла қазақ қылып жаратқан ұл болсын, қыз болсын өзінің тілін жасы 80-ге келсе де, үйренуі тиіс. Аты-жөнін қазақша жазуы керек. Ұлы Жамбылдың да, бала Жамбылдың да жырын жатқа айтпаған қазақ қазақ емес. Жамбылдың жасы ұзақ болсын! Ол – шын мәнінде, Алла тағаланың қазаққа берген сыйы!
Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор:
– Ризамын, алған әсерім керемет! Бұл – бір үлкен, ерекше құбылыс! Енді өссін, өркендесін деймін. Ең бастысы, тіл-көзден аман болсын!