Таң дидарлы «Таңшолпан»

Таң дидарлы «Таңшолпан»

Жұмыс күндері ерте тұрған еліміздің әр азаматы рухани серпіліс алу үшін ең әуелі теледидарды қосады. Осылай дағдыланған кез келген адам әлдеқашан «Қазақстан» ұлттық арнасының «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының тұрақты көрерменіне айналғаны баршаға аян. Таң сәріде әр қазаққа рухани қуат пен жайдары көңіл күй сыйлайтын бұл бағдарламаның өзі кішігірім телеарна іспетті. Ал оған әлі күнге дейін бәсекелес бола алатын жоба табылмай келеді.

Түнгі сағат 04.00. Қалың ел шырт ұйқыда. Бірақ «Таңшолпанның» журналистеріне дәл осы мезгілде төсектен тұрып, жұмысқа аяңдауға тура келеді. Сағат 06.00-дан асқанда редакцияға жан бітеді. Режиссерлер сценарийді пысықтап, гримерлер жүргізушілердің бет-әлпетін әрлейді. Студияның жарық-көлеңкелері айқындалып, телеоператорлар түсіретін көріністерін дайындауға кіріседі. Суфлерге мәтін салынып, микрофондардың дыбысы тексеріледі. Сағат 06.59. Студия сілтідей тынған. Жүргізушілер сақадай сай. Орталық эфир аппараты бөлмесінен соңғы секундта бұйрық берілісімен, пульттағы режиссер «бісміллә» деп, хабардың пердесін экранға жібереді. Осылайша, телеарнаның беташар хабарымен бірге мәңгілік қозғалыс, ал халық үшін жаңа күн басталады.

329

Бағдарламаның продюсері әрі жүргізушісі Жанар Шәмел үшін боз ала таңда оянып, бой сергіту – күнделікті әдет. Мұнсыз таңмен таласа теледидарды қосатын миллиондаған жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлау мүмкін емес. «Бүгін сағат 04.00-де үйдегілерді оятып алмау үшін үлкен саптыаяққа ыстық шай құйып алып, машинама келіп, салқында дір-дір етіп ішіп отыр едім. Жаныма бір көлік келіп тоқтады. Ішіндегі ер адам мен әйел адам мені көріп, аң-таң болды. Таң қараңғысында буы бұрқырап, көлікте шай ішіп отырған не қылған адам деген шығар. Олардың жүзіне қарап, әбден ішек-сілем қатты», – деп бізді бір күлдірді Жанар. Бірақ 2 сағат 40 минутқа созылатын ақпаратты-сауықтық бағдарлама – әсте оңай жұмыс емес, тікелей эфирдегі «от пен су». Студияда көрерменнің көз алдында микрофон істен шыққан немесе жылжымалы алып бейнекамераның қозғалып келе жатып, адамша жантайып барып сұлап қалған кездері де болды. Осындайда үрей мен арсыз күлкі қатар қысып қалғанда, таңғы бағдарламаның режиссерлері мен жүргізушілері қас шеберлер емес пе, еш абдырамастан, кадр сыртындағы олқылықтарды білдіртпей, жұмыстарын жалғастырып әкетеді.

«Таңшолпан» – бұл көңілашар әнбаяндар, әр эфирде сөз болатын тақырыпқа қатысты қызықты бейнесюжеттер, студияда ой бөлісуге келген танымал меймандардың әңгімесі мен танымдық репортаждар. барлығы 15 түрлі айдармен шығатын дүниелер – бәрі көгілдір экран алдындағы қарапайым жұрт үшін. Күрделі саяси-әлеуметтік мәселелерді талқылау таңғы бағдарламаның мақсаты емес. Хабардың бір ерекшелігі – жүргізушілердің Астанадағы жаңалықтар қызметімен әр сағаттың басында тікелей байланыс жасап, хабар алысып отыруы. Мұндай мүмкіндік өзге телеарналарда жоқ. «Таңғы бағдарламаның өзі бір кішігірім телеарна десем, артық болмайды. Ұлттық арнаның ресми жаңалықтарынан бөлек, «Таңшолпанның» өзінің қызықты жаңалықтары бар, әр айдарымыздың өзі телеарнадағы үлкен хабарлардың шағын үлгілері сияқты. 30-дан астам адам қызмет ететін ұжымда ауызбіршілік мықты. Онсыз тікелей эфирдегі үш сағаттық бағдарламаның жүгін алып жүру мүмкін болмас еді. Таңнан қара кешке дейін жұмыста жүретін бұл адамдардың қайсысы да – кәсібін сүйетін нағыз энтузиастар. «Таңшолпан» жазда өзге хабарлар сияқты уақытша жабылмайды. Биыл да жаз бойы көрерменмен бірге болуымыз мүмкін», – дейді бағдарлама продюсері.

Бағдарламада сегіз жылдан бері қызмет етіп, «әр ханның тұсында бір сұрқылтайды» бастан өткеріп келе жатқан Жанар Шәмелдің айтуынша, ұжым әркез көрерменмен тығыз байланыста. Қандай айдардың қай күні болатынына дейін білетін қазіргі көрермендер редакцияға күнбе-күн хабарласып, ұсыныс-тілектерін айтып жатады. Ал олардың талабын ескеру – «таңшолпандықтардың» басты ұстанымы. Сондықтан ұжым ұлттық арнаның таңғы көрермендері үшін күніне бірнеше жағымды жаңалық жеткізуге, құпия сый әзірлеуге тырысады.

dsc_0133

Студияда қонақта – әнші Алма Аманжолова

dsc_0186

Эфир бітсе де, монтаж жалғаса береді

dsc_0155

Кадр сыртында көп адам...

Таңмен таласа тұратындар
Бірлестік жетекшісі:
Нәзира Бердалы
Жүргізушілер: Жанар Шәмел, Кенже Жұманұлы, Майя Веронская, Берік Көшербекұлы, Маржан Болатханқызы, Нұрлыбек Жеңісбек
Редакторлық құрам: Ермек Тілеген, Жазира Елшібаева, Болатбек Баянхан, Гүлжан Орынбаева, Ақбота Бақтиярова, Гүлжазира Берікқызы, Ләйла Шотарбаева, Нұрболат Сұлтанғазиев, Айнұр Мәуленова, Айнұр Бөлебай
Режиссерлік құрам: Боранхан Мұсабаев, Бимахан Төлебаев, Серік Ыбырайым, Сандуғаш Қалықова, Гүлзира Маханова, Айжан Керімбек
Әкімшілер: Арман Темірбек, Сымбат Найманханқызы

Таңғы көңілге түскен бір қаяу
Былтыр шілденің 17-сінде сұм ажал бағдарлама жүргізушісі Руслан Бөлебайды арамыздан алып кеткен еді. Қаралы күнгі таңертең эфирден шыққан ол жол ережесін өрескел бұзған әлдекімдердің әрекетінен опат болған-ды. Ұжым Русланды марқұм деуге әлі қимай жүр. Оны аңсап, редакцияға өлең, хат жолдап, қоңырау шалып жататын көрермендерде әлі күнге дейін есеп жоқ. Бірақ көпшіліктің көңіліне медеу болатыны, ұжымда қазір Русланның қарындасы Айнұр жұмыс істейді.

Таңғы бағдарламаның тарихынан
Ұлттық арнада 1992 жылға дейін шағын форматтағы таңғы танымдық хабарлар болды. Бірақ тікелей эфирдегі ең алғашқы ауқымды ақпаратты-сазды сауықтық бағдарлама арнаны халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза басқарған тұста «Таңшолпан» атауымен белгілі журналист Иманбай Жұбаевтың жетекшілігімен өмірге келді. Одан кейін бағдарлама «Арай», «Жаңа күн», «Таң сәрі», «Оян, қазақ!», «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалайкүм, ағайын!» атауларымен шығып тұрды. 2008 жылы арна басшыларының шешімімен кезінде Шерхан Мұртаза батасын беріп ашқан хабардың атауы қайтарылып, таңғы бағдарлама қайтадан «Таңшолпан» аталатын болды. Атауы қанша өзгерсе де, оның тұжырымдамасы, көрерменге берері бір еді. Ал бұл хабарда кезінде Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ерманова Иманбай Жұбаев, Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт, Әйгерім Шәймерден, Айнұр Қамысбекқызы сияқты танымал журналистер мен Рүстем Есдәулет, Нұрлан Албан, Нұрлан Әлімжанов сияқты өнер адамдары қызмет еткен.

dsc_0190

Боранхан Мұсабаев, шеф-режиссер:
– Бұл шығармашылық бірлестікте жастар көп, олардың бәрінің әлеуеті жоғары. Таңғы бағдарлама өзінің жан-жақтылығымен көптеген журналиске шеберлік мектебі сияқты. Бұл жерден өткен журналист кез келген хабарды еркін меңгеріп кете алады. Өйткені бұл жер репортаж жасауды да, тікелей эфирде кісіден сұхбат алуды да, монтаж бен режиссерлік жұмысты да үйретеді.

dsc_0149-copy

Кенже Жұманұлы, жүргізуші:
– Телевизиядағы жұмысымды ең әуелі осы арнадан бастағанмын. Бұл жер маған қара шаңырақ іспетті. Сондықтан арна басшылары мені осында жұмысқа шақырғанда, қуана келістім. Дегенмен мен жаңалықтар қызметінде он жылдай жұмыс істегендіктен, алғашқы кездері психологиялық жағынан үйренісе алмай жүрдім. Бірақ қазір көпшілік маған сауықтық бағдарламаны жүргізу жарасатынын айтып жатыр.

dsc_0174

Гүлжан Орынбаева, редактор:
– Мен жүргізетін айдар – «Таңғы репортаж». Әр күнгі эфирдің тақырыбына арналған репортажда тек қана позитивті және елене бермейтін жайттарға назар аударғым келеді. Мысалы, поэзия тақырыбына арналған эфирге кәдімгі танымал ақындардың бірін емес, өлең жазатын, 35 жылдық тәжірибесі бар заңгер туралы материал әзірледім. Менің ойымша, таңғы бағдарламаға арналған репортаждарда осындай ерекшеліктер болуы керек.

0527

Серік Ыбырайым, режиссер:
– Телевизияның көптеген хабары шығармашылық адамын қатып қалған қалыптарға салып тастайды. Ал таңғы бағдарламада әртүрлі жаңа тәжірибелерге баруға болады. Күн сайын хронометражы үш сағатқа созылатын тікелей эфир жұмысы барысында тың амал-тәсілдерді қолданып көруге мүмкіндік бар. Сол арқылы да көрермендердің көңіл күйін көтеруге болады.

img_25041

Болатбек Баянхан, редактор:
– Менің пікірімше, таңғы бағдарлама аясында көрерменге қызықты, жеңіл, көңілді дүниелермен қоса, танымдық мәліметтер де ұсынылуы керек. «Таңшолпанның» энциклопедиясы» айдарын ашқанымыз осы себепті. Мұнда төрт-бес минуттың көлемінде қазақтың жері, ұлы тұлғалары мен олардың ғибраттары жөнінде шағын анықтамалық мағлұматтар беріледі. Таңертең теледидарды қосқан адам аз уақыттың ішінде біраз мәлімет ала алады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста