Смағұл Сәдуақасов – ұлт саясатының жарық жұлдызы

Смағұл Сәдуақасов – ұлт саясатының жарық жұлдызы

Жуырда Алаштың астанасындағы іргелі ғылым ордасы – Еуразия ұлттық университетінде қазақ халқының қайраткер ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 110 жыл, қайтқанына 77 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. «Қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты тақырыпқа бағдарланған алқалы жиын ұлт тарихындағы ірі тұлғаның қайталанбас құбылыс екендігін жаңаша байыптауға арналыпты.
Қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы – 1900 жылы Сол­түстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданын­да туып, 33 жасында-ақ қыршы­ны­нан қиыл­­ған һәм осынша қысқа ғана ғұмы­рында ұлттық, мемлекеттік мүдде тарты­сына ерте араласып, аз жасында артына мол мұра қалдырып, мемлекеттіктің ны­ғаюы жолында көп іс тындырған ерекше құбылыс. Аққан жұлдыздай оның жүріп өткен қысқа жолы әркімге-ақ таңдай қақтырары хақ. 16-17 жасынан қазақ жас­тарының «Бірлік» атты тұңғыш ұйымына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төрал­қасында, Қазақ автономиялық республи­касы Жос­пар­лау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. 20 жасында қазақ жастарының көшбасшысы болса, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген ағарту министрі қызметін атқарыпты. С.Сәдуақасұлының қатаң саясаттың өтін­де жүріп, қазақ мемлекеттігі үшін сіңірген еңбектері, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, баспасөз бен алғашқы театр ісіне қосқан үлесі өлшеусіз. Кеңестік қызыл кезеңнің кесірі қайраткердің еңбегі мен шығар­машылығына бет бұрғыз­бағанымен, Тәуел­сіздіктен бергі зерттеулер оның ұлт тарихындағы тұлғалық ұлылығын қайта жарыққа шығарды. Алаштың арда ұлын жоқтаған кейінгі тарихшы-ғалым­дардың, ұлт жанашырларының ізденісі арқасында біршама бастама көтеріліп, мемлекеттіктің 20 жылдық белесіне қарай таудай шаралар атқарғаны да қуантады. Десе де, мұндай игілікті бастамалардың ең сүбелісі С.Сәдуақасұлының Мәскеудің «Дон зиратханасында» сақталып келген сүйек күлін туған топырағына жеткізу һәм оны мұсылман ғұрпымен жер қойнына тапсыру болатын. Бұған дейінгі баспасөзде көп айтылған қоғамдық пікірдің, діндар мен зиялы пікірінің, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының кандидаты Сабыр Қасымов бастаған бір топ бастамашының жігерінің нәтижесінде Мәскеу мэриясы былтырғы 24 желтоқсанда С.Сәдуақасұлының кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйек күлін Отанына қайтару туралы шешім шығарыпты. Ендігі мақсат – арнайы деле­гацияның Мәскеуге барып, С.Сәдуақасұлы сүйегінің күлі салынған табытты салтанатты түрде Отанына әкеліп, аруағына зор құрмет көрсете отырып, мұсылман рәсімі­мен жерлеу. Елордадағы бірқатар саясат­кер, тарихшы ғалымдардың бас­қосуы осындай игі шараның алдындағы «біс­мілләсі» әрі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Сма­ғұлдай ірі тұлғаның ұлт тарихындағы орнын тағы бір мәрте талқы­лау болып отыр екен.
Конференция барысында Сенат де­путаты Ғарифолла Есім С.Сәдуақас­ұлының тұлғалық құбылысына қатысты баяндама жасап, басты әңгімені Алашорда қай­раткерлерінің ұлттық бостандыққа ұмтыл­ған ерлігімен ұштастырды. «Алашқа қатыс­ты әңгіме бүгінгі егемен елдің күретамырын қаузайтын мәселеге тірелмек. Алаш қайраткерлері екі негізгі тарихи-мәдени істі атқарып кетті. Бірі халқымыздың азат­тық жолындағы өз­деріне дейінгі құнды­лықтарын саралап, олар туралы өз ой­ларын басылым беттерінде білдіріп үлгерді. Екіншілері бірінші миссия арқылы өздерінің заманы мен біздің Тәуелсіз заманымыздың арасына көпір салып кетті. Соның арқа­сында ұрпақтар сабақтастығы жұқарса да, үзілмеді. Ал С.Сәдуақасұлының тұлғалық құбылысына келсек, қайраткер ел болу идеясын тереңнен қозғады. Ондай бірегей тұлғаға сұраныс пен қажеттілік әр заманда болып тұрады. С.Сәдуақасұлы қысқа ғұмырында қазақ болып өтті, елдің мәңгілік болуын армандады. Ал біздің Тәуелсіз еліміздің мығым болуы үшін мұндай ұлт қайраткерлерінің ісі ұрпақ санасынан өшпеуі шарт», – деді сенатор. Осындай кіріспеден кейін алқалы жиынға қатысушыларға арналған ресми һәм лауазымды тұлғалардың құттықтаулары жарияланып, сосын барып тарихшыларға сөз тиді. Әуелде сөз алған Қазақстан тарихшылар қауымдастығының прези­денті, тарих ғылымының докторы, профес­сор Мәмбет Қойгелді С.Сәду­ақасұлының әділетсіз саяси жүйеге қарсы сыны жайын­да әңгіме өрбітті. Сөз басын «С.Сәдуақасұлы кім» деген мәсе­лемен шолды тарихшы.
«Біз әдебиетті, мәдениетті мысалға алғанда аз ғана ғұмыр кешіп, көп мұра берген ақын-жазушыларды жарқ ете ағып түскен жұлдызға балаймыз. Әрине, олардың дана талантына дау жоқ. Ал С.Сәдуақас­ұлына келсек, осынау ұлы тұлғаны саясат­та ағып өткен жарық жұлдыз дегім ке­леді», – деді ол.
Сөз арасында жиынға идеоло­гияшыл саясаткерлердің, депутат­тардың қатысып отырғанын ескерген М.Қойгелді зиялы пікір айтып, ұранды сөз сөйлейтін «шешен­дерге» қаратып өкпесін байқатты.
«Біз шарқ ұрып ұлттық идеология іздеген боламыз. Оны қайдан іздеу қа­жеттігін айтып, сан-саққа ой жүгіртеміз. Әсілі оны іздеудің қажеті шамалы, ол аспанда, ғарышта емес, ол жердің астында да емес. Ол – арамызда. С.Сәдуақасұлының 33 жыл­­дық ғұмыры – нағыз ұлттық идео­логия. Отанды, елін сүюдің, бұған өле-өлгенше қызмет көрсетудің үлгісі. Ойланып қарасақ, сонау зұлматта басын бәйгеге тігіп, ұлтқа қызмет көрсеткендердің артын­да тіпті ұрпағы да қалмапты. ХХ ғасырдағы зиялылардың кейінгі тағдыры бір-біріне аса ұқсас. Соны ұлт қайраткерлері білмеді демеңіздер. Өйткені бұл қайраткерлер не үшін қызмет жасайтынын білді, сол үшін рақаттанып, ерлікке парапар іс атқарды. Яғни ұлттық идеологиямыз осы тұлғаларды үлгі тұту болса, оны насихаттау мүлдем кемшін түсіп отыр. Өкінішке қарай, кино­мыз әлсіз, өнеріміз әлсіз, әдебиетіміз әлсіз, ғылымымыз осал», – дейді тарихшы.
Оның айтуынша, әлгіндей ұлылықты бойына сіңіре еліне қызмет еткен С.Сә­дуақасұлы Қазақстандағы кеңестік идео­логияның бітіспес, қауіпті де қаһарлы оппоненті болды. Бұл тұрғыда тарихшы өз баян­дамасында мұрағат фактілерінде сақталған дәйектерді бірінен соң бірін суырып, өзінің әрбір сөзін сондай тарихтан сақталған дәлелдермен шегелеп отырды. Сөзге сенсек, С.Сәдуақасұлына қарсы сол кездері түрлі тәсілдегі тапсырыспен жа­зылған айыптамалардың өзі де бір төбе екен. Солардың бір парасын М.Қойгелді алға тартып, Сәдуақасұлының саяси ұста­нымына қатысты жасалған тұжырым­мен жұрт­шылықты таныстырды. «С.Сә­дуақас­ұлы коммунистік партияның мүд­десін өзіне мүлдем жат нәрсе ретінде еш қабылдай алмады» делініпті әлгідей тұжырымда.
Сөйтіп, ұлт тарихының бір білгірі С.Сә­­дуа­қасұлын коммунизмнің иде­о­логия­­сы­нан ада етіп, нағыз ұлтшыл тұсын көрсетіп шыққанда, келесі сөз сөйлеуші – тарих ғылымының тағы бір білгірі, доктор Талас Омарбеков бұған мүлдем кереғар пікірді алға тартты.
«С.Сәдуақасұлы Голо­щекинге қарсы шықты, Алашорда идеясын жақтады» деп айта бергенмен, оның азамат ретіндегі, қайраткер ретіндегі тұл­ғасын биіктете алмасымыз анық. Голо­щекинмен айтысқаны үшін ғана оны ұлттық батыр деңгейіне көтере алмаймыз. Бұл тұрғыда мынаны еске салғымыз келеді: С.Сәдуақасұлы – Алашорда қайраткері емес, коммунистік партияның қайраткері. Мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да, тарихи шындық – осы. Ол Қазақстанға ке­ңестік автономия берілген кезде 20 жастағы жігіт болатын. Коммунистік идеяға аса сенген адам ретінде марксизм мен ленинизмді үлкен сезіммен қабыл­дап, терең меңгерген қайраткер. Оны ұлтшыл қылудан бұрын, алдымен коммунист қылып алуымыз керек», – дейді Т.Омарбеков.
Әрине, мұндай пікірдің ұлттың өткенін зерттейтін біршама жұртқа ұнай қоймауы да мүмкін екендігін еске салған тарихшы қайраткердің еңбектерінен «кәмунизмді» қолпаштаған тұсын алға тартты. Әйтсе де мұндағы әңгіменің негізгі ауаны С.Сә­дуақасұлының ғана емес, Алаш қайрат­керлерінің бірқатар басшысының да алғашқы кезеңде кеңестік жүйеге сенге­нінде болып отырғаны анық. Өйткені сол кезеңдегі ұлт зиялыларының басым бөлігі кеңестік автономия негізінде қазақ халқының ұлттық мүддесін жүзеге асыруға болатындығына сенген.
Тарихшылар кезегінен сөз алған Еуразия университетінің проректоры, «Алаш» мәдениет және рухани даму инс­титутының директоры Дихан Қамза­бекұлы С.Сәдуақасұлының мұрасы мен елдік мұрат жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, С.Сәдуақасұлының өмірі – әлі де толық ашылып бітпеген құбылыс. Мәселен, 20 жастағы бала-жігіт өзінен үлкен М.Әуе­зовке, Ж.Аймауытовқа,
Б.Май­лин­ге де­меуші болып, солардың кітаптарын жарық­қа шығарған. Оны айтасыз, қызметке белсене араласқан 28 жасында үш клас­сиктің шығармаларын өзі аударып, оларды «Қазақ­станның болашақ бет-бейнесі» деп Мәскеуге таныстырады.
«Смағұлдың ауы­лынан екі Сәдуақасов шыққан. Оның бірі – молда Сәдуақастың баласы Смағұл, екіншісі – бай Сәдуақастың баласы Ғаббас Тоғжанов. Екі азамат та – елдің қайраткері, ұлттың ұландары. Бірақ кейбір көз­қарас­тары екі бағытта болды. Мәселен, Смағұл­дар Омбыда ұйым құрса, Ғаббас соған қосылмастан, жеке ұйым құрады. Бәрі ортақ бір пікірге келсе, Ғаббастың пікірі олар­дан бөлек шығып жатты. Ал ақыр аяғы Сәдуақас молданың баласы Смағұл қаражаты болмағандықтан, Омбыға оқуға баруға ақшасы болмай, кейіннен бай Сәдуақастың қаражат беріп, қолдауымен оқуға аттанады. Кейіннен 1928 жылы байлар «кәмпескеге» ұшырап жатқан тұста Ақтөбеге айдалып кеткен бай Сәдуақасты өз баласы Ғаббас емес, өкімет жұмы­сын­дағы Смағұл іздеп барған екен», – деп аяқтады сөзін Д.Қамзабекұлы.
Жиын барысында С.Сәдуақасұлының қайраткерлігіне, өміріне қатысты зерттеуді кеңейту, мектепте оқытуға енгізу, тұлға тағылымын айшықтайтын кино түсіру туралы ойлар ортаға тасталып, билікке ұсыныс айтылды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста