Сатира жанрының пәрменсіз болуы неден?

Сатира жанрының пәрменсіз болуы неден?

«Сатира – күштілер қаруы» деген қағида бүгінгі заманда өз күшін мүлдем жоя қоймаса да, едәуір әлсіреп қалғаны шындық. Әдебиет деп аталатын алып бәйтеректің үлкен бір бұтағы саналатын сатира жауынгер жанр ретінде де қоғамдағы қозғаушы күшке ие. Жалғандықты әшкерелеп, әділдік үшін күресу жолында осы бір жанрдың арқалар жүгі тым ауыр.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қаймағы қалың қазақы қалжың мен уытты әзілдің салмағы тым жеңілдеп кетті. Қылышынан қан тамған қызыл империя билік құрып тұрған Кеңес заманы тұсында сатира садағынан атылған әрбір оқ нысанасын дәл тауып, сол кездегі қоғамның көлеңкелі жақтары мен әділетсіздіктің бетін ашуға көп мүмкіндік берді. Оның үстіне, кеңес идеологиясы өз мақсатын жүзеге асыру үшін, негізінен, шығармашылық адамдарын, оның ішінде әсіресе сатириктердің қарым-қабілетін баспасөз арқылы тиімді пайдалана білді. Ол уақытта сын-сықақ пен әжуа-фельетондардың, әшкерелеуші памфлеттердің кейіпкеріне айналған қатардағы жемқор басшылардың өзін айтпағанда, түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің де іс-әрекеттері сая­си бюрода қаралып, мәселенің ақ-қарасы айырылып жататын. Өйткені жер-жердегі билік органдары жауынгер жанрдың сардарына айналған қаламгерлермен санасатын. Ал бүгінгі қоғамда сатираның қармағына ілінген қандай мәселеге болсын ешкім селт етпейді. Оқиды да қояды. Онда айтылған жағдайға бас ауыртатын құзырлы орындар да жоқ. Бүгінгі сатира – тек бұқара халықты алдарқатып қана қоятын жеңіл жанр кейпіне түсіп кетті.
Бәріміз ауыз толтырып айтатын әлгі «сатира – күштілер қаруы» деген сөздің авторы – қазақы әзіл-қалжыңды ғылыми-теориялық тұрғыдан бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеп кеткен белгілі ұстаз-ғалым Темірбек Қожакеев ағамыз да кезінде салмақты сатираның сұйылып бара жатқа­нына қатты қынжылған екен. Қазір сати­рик­теріміздің шығармашылығын ғылыми айналымға түсірмек түгіл, бар дүниеміздің өзін талғам таразысына салып, лайықты деңгейде бағамдай алмай жүрген сияқты­мыз. Қаламын қару еткен Асқар Тоқмағам­бетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкі­ров­тер қазақты күлдіріп қана қоймай, ой­лан­тып әрі жылата білді. Осы бір қабыр­ғалы қаламгерлеріміздің туындылары әлі де болса пәрменін жоғалтқан жоқ. Осы бір үштіктің соңын ала қазақ сатирасы тағы бір шоғыр таланттармен толықты. Бүгінгі қауымға есімдері белгілі Сейіт Кенжеах­метов, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш, Есенжол Домбай, Нұртан Төлепберген, Әбдірахман Асылбек, Қажы­тай Ілиясұлы, Дохтырхан Тұрлыбек, Есен­бай Дүйсенбай, Жеңіс Шыныбеков сынды саңлақтар қоғам дертін сүзеген сөзбен түйреп келеді. Одан кейінгі Көпен Әмір-Бек, Толымбек Әлімбек, Берік Садыр, Мұх­тар Шерім, Алпысбай Боранбайұлы, Асқар Наймантай, Ермахан Шайхыұлы сияқты  сатира сарбаздары өздері ден қойған жанрға деген адалдықтарынан айныған емес. Осы қатарға кейін қосылса да, үлкен жанрға зейінімен қалам тартып жүрген Үміт Зұлқарова, Қанат Ескендір, Қанағат Әбілқайыр, Бейбіт Сарыбай, Олжас Қасым секілді жас дарындар қазіргі заман тақыры­бын шама-шарқыларынша қаузап жүр. Біз сатира саласына қатысты көпке белгілі есімдерді ғана атап өттік. Осылардың өзі біршама күш. Олай болса, соңғы уақыттар­да «қазақ сатирасы әлсіреп кетті» деген сөз қайдан шықты. Осының мәнісін тап басып саралап беретін әдебиетші, сыншылар тағы жоқтың қасы. Осы орайда бізге қазақы қалжыңның бағыт-бағдарын бағамдап, оны жан-жақты зерттеп беретін бүгінгі заманның Қожакееві тумай тұр демеске лаж жоқ. Бұған қоса, қаламгер атаулыға ортақ мәселе – қаламақы төлеу, авторлық құқық деген секілді жағдайлар­дың дұрыс жолға қойылмағандығы, осы саладағы продюсер­лік қызмет пен пиар-технология­ның, яғни кең насихаттың жоқ­ты­ғы ұлттық сатираның өркен жаюына кәдімгідей кедергі келтіретіні сөзсіз. Талмай ізденсек, көркем әдебиеттен біршама қол үзіп, қазаққа ғана тән әзіл-қалжыңның қаді­рін жоғалта бастаған бүгінгі қоғамды есті күлкіге елітудің жолы табылар ма екен?! Кезінде мықты дамыған сатиралық әде­биет­ті қазіргі оқырман тұщынып оқиды деу қиын. Қазіргінің адамы қаптаған телеар­на­лар мен интернеттегі қызылды-жасылды шоу-думандар мен жеңіл-желпі жылт етпе әзілдерге құмар-ақ. Алайда жұрттың тал­ғамы солай екен деп, желдің ығына қарай жығыла беру тағы жарамас. Қалай десек те, өз ішінде бірнеше тармаққа бөлініп кететін сан-салалы сатира жанры заман ағымына барынша ілесіп отырмаса, мағы­насын жоймаса да ескірген үстіне ескіре береді.

Бүгінгідей ақпараттық дәуірдегі сапырылысқан қоғамда адамдардың да талғамы өзгерген. Қашан да күлдіріп тұрып ұялту, әзілдеп тұрып ойланту оңай емес. Сондықтан да кез келген дүние жетілдіруді қажет ететіні сияқты сатириктерге тың ізденістер мен жаңаша формалар табу қажет. Бірақ біз сатираны қалай дамытып, шарықтатсақ та, оның қазақы кейпін сақтап қалуымыз қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста