Сарайшықтан Астанаға экспедиция шықты
Атыраудағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығы тағы бір игі іске мұрындық болып отыр. Шығармашылық орталық жанынан тарих қойнауындағы ұлттық мұраларымызды қайта жаңғыртып, дамытуды мақсат еткен «Сарайшықтан-Астанаға» атты этно-мәдени экспедиция жұмысын бастады.
Экспедиция Исатай – Құрманғазы, Махамбет – Индер, Жылыой – Мақат – Қызылқоға және Атырау қаласы мен іргелес жатқан ауылдар бойынша төрт бағытта жүреді. Табылған құндылықтар облыс орталығына әкелініп, арнайы комиссиялық сараптамадан өткен туындылардан көрме жасақталып, этно-мәдени мұралар «Жорғабіз» атты этно-мәдени жинаққа топтастырылатын болады. «Ақжелкен» шығармашылық үйінің директоры Нұрберген Дәулетов кітаптың тұсаукесерін Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырғандарын айтады. Қазірдің өзінде облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерге хат жолданып, жергілікті өнер иелері туралы мағлұматтар жинақталу үстінде.
Нұрберген ДӘУЛЕТОВ, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры:
– «Жерұйық» мәдениет орталығы» үкіметтік емес ұйымы халықтық өнерді жаңа заман талабына сай деңгейге жеткізу үшін шеберлер мен туындыгерлерді бір орталыққа біріктіріп, өскелең ұрпаққа өнерлерін үлгі етерлік жағдай туындатуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ қазаққа сай туындыларды (киіз, текемет, алаша, ши, қамшы, ер-тоқым, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар, ұстаханалық жәдігерлер, керамикалық бұйымдар, тоқыма жұмыстары, ұлттық киім үлгілері мен үй жиһаздары мен жабын-төсеніштер), тек қана өнер жәдігері емес, болмыс-бітіміне реңк беріп, қажеттілігін де өтейтін ажырамас өмір салтына айналдыруды мақсат етіп отырмыз.