Ресейлік әншілерді тым асыра бағалап, өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз
Игорь Благодарный, жас әнші:
– Игорь, негізі, сізді академиялық вокал әншісі ретінде білетінбіз. Естуімізше, эстрадаға ден қойған сияқтысыз. Илья Жақанов отандық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында: «Эстрада деген сөзді еш уақытта қазаққа қолданбаңдар, ол біздің табиғатымызға, болмысымызға жат», – десе, Бибігүл Төлегенова апамыздың: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол - мен үшін нөл», – дегені бар еді. Егер эстрада әншісі академиялық вокал орындауға талпынып жатса, түсінер едік, ал сіз керісінше шешім қабылдапсыз. Себебі?
– Мен алғашында Күләш Байсейітова атындағы колледжде оқып, білімімді Құрманғазы атындағы консерваторияда жалғастырдым. Реті келіп отырғанда ұстазым, Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімовті айта кетсем деймін. Ол кісінің мен үшін орны ерекше. Негізі, академиялық вокал операға жақындау дүние ғой. Ал опера – музыка саласында шоқтығы биік синтетикалық жанр. Десем де, қате шешім қабылдадым деп ойламаймын. Маған дейін де талай-талай қас шебер деген академиялық вокал орындаушылары эстраданы таңдап, сый-құрметке бөленген-ді. Тарихта мұндай үрдіс қашаннан бар: бұл ретте Муслим Магомаев, Иосиф Кобзон, Толқын Забирова, Мирас пен Құралай сияқты көптеген есімдерді атауға болады. Қалай дегенмен де академиялық вокал мен эстраданы бірге алып жүрудің еш қиындығы жоқ. Иә, эстрадаға қырын қарайтындар бар. Алайда осы жанр елімізде бір емес, бірнеше буынның атын шығарды. Өз заманында дүниеге келген эстраданы, менің ойымша, мүлде жоққа шығаруға болмайды.
Сіз секілді «мұндай академиялық вокал орындаушысы бола тұра неге эстрадаға кеттің?» деп таңғалғандар аз болған жоқ. Алайда академиялық вокал орындаушыларының эстрадаға ауысқаннан қор болып жүргендерін көргенім жоқ. Мойындау керек, эстрада арқылы тыңдармандардың санын арттыруға болады. Өйткені қазір жұрттың көбісі эстраданы тыңдайды. Бәлкім, мен жоғарыда атын атаған жандардың эстрадаға ауысуларының себебі осында жатса керек. Бұл, әрине, опера қалыс қалды деген сөз емес. Операның да өз аудиториясы бар. Соңғы кездері бұл жанрға да ден қойып жүргендер саны артып келеді. Операға кездейсоқ емес, күтіп, іздеп арнайы баратындар қазір жетерлік.
Эстрада да – тарихы тереңде жатқан жанр. Оның қайда, қай кезде пайда болғанын әркім әрқалай айтады. Бірақ зерттеушілердің пайымдауларына қарағанда, ол ХVIII ғасырда пайда болғанға ұқсайды. Ал XIX ғасырда ағылшындардың мюзик-холдарында кең тараған. Қазақстанда бұл жанр «Дос-Мұқсан» мен «Яшлык» тобынан бастау алады.
– Демек, танылу үшін эстрада ең тиімді жол демексіз бе?
– Қарап тұрсаңыз, қазір Қазақстанды эстрада емес, опера әншілері төрткүл дүниеге танытып жатыр. Мәселен, Нұржамал Үсенбаева – әлемдік сахнада орны бар талантты әнші. Ал дәл осындай деңгейге жеткен эстрада әншісі жоқтың қасы. Иә, тыңдармандар санын көбейтуге болады дедім, бірақ көксегенім тек ол емес, эстрада жаныма жақын.
Негізінен, эстрада өз алдына, опера өз алдына даму үстінде. Жастар арасында да операны сүйіп тыңдайтындар жоқ емес. Қанша дегенмен де классиканың берер әсері мүлде басқа. Оның адамның ой-өрісіне пайдалы жағы орасан. Бір айта кетерлігі, эстраданы тыңдайтындар – операға, операны тыңдайтындар эстрадамен шектеліп қалып жатқан жоқ. Қазір көпшілік екеуін бір-бірінен бөліп-жармайды. Соған көзім жетті. Оған әрине қуанамыз.
– Жылт етіп, кейін ғайып болатындар эстрадада жоқ емес. Осы турасында не айтар едіңіз? Сіздіңше оның негізгі себебі неде?
– Менің ойымша, әрбір әнші артында әйтеуір бір естелік қалдырады. Қазір Қазақстанда эстраданың талантты әншілері өте көп, әрқайсысының өз тыңдарманы бар. Өкінішке қарай, солардың басым бөлігін қаржының жетіспеушілігі қинайды. Әсерлі клип, әдемі ән, тіпті жарасымды киімі – барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Неге шетелдік әншілердің өнімдері сапалы болып тұрады, өйткені оларда ақша жетерлік. Мәселен, концерт берсе, тіпті сахналарынан-ақ көруге болады оны. Дәл солай дайындықтарының деңгейі де байқалып қалады. Ал бізде тіпті вокалдан сабақ алудың өзі ақша жағынан қиындық туғызып жатады. Ал кез келген әншінің, тіпті сахнада жүргеніне 20-30 жыл болса да вокалдан сабақ алуды тоқтатпағаны дұрыс. Туабітті дарын болу керек әрине, бірақ соны шыңдауға ақша керек. Ал шығармашылықпен жүрген адамның басқалай жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндігі бола бермейді.
Сіз айтып отырғандай, бүгін бар, ертең жоқ әншілер қатарынан көрінбеуге барымды саламын. Орындауымдағы әндердің ел есінде қалуына аянып қалмаспын. Әрине, ол үшін көп еңбектену керек, жалықпау керек және әнді асығыс таңдамай, оның мағынасына, тыңдармандар жүрегіне жететініне айрықша мән беру керек.
– Қазақ – той-думанға келгенде аянып қалмайтын халық. Қазір қандай той болмасын, әншілерді шақыртуды үрдіске айналдырған. «Кейбір әншілерді жұлдыз етіп отырған той бизнесі» деген де пікір қалыптасқан. «Біз «жұлдыз» деп атап жүрген кейбір өнер адамдарының деңгейі сол той бизнесінің шеңберінде қалып қойды» дейді біреулер...
– Өз басым олай деп ойламаймын. Тіпті бүкіл ел танып, өнерін мойындаған шынайы талант иесі атанып жүргендер де қазір корпоративтік кештерге қуана-қуана барады. Өнер адамы үшін сахнаның үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмауы тиіс. Мені де шақырып жатады, бас тартпаймын одан. Бірақ айтарым, әншілердің сол корпаративтерге баруын бейберекетке айналдыруға болмайды. Оған да дайындықпен бару керек. Өкінішке қарай, өздеріңіз де білесіздер, сөз болып отырғандай, той, кештерге, мәселен, ресейлік әншілерді шақырады да, олардың өнерлерін 30-50 мың АҚШ долларына бағалап жатады, ал өзіміздің әншілерге 2-3 мыңын ойланып береді. Былайша айтқанда, ресейлік әншілерді тым асыра бағалап, өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз. Ал шын мәнінде, олардың бізден айырмашылығы анау айтқандай емес. Бәлкім, дайындықтарында артықшылықтар бар шығар. Мұндай артықшылық – қаржы-қаражатпен келетін дүние. Әрине, бір күнде 30-50 мың доллар тауып жатсақ, біз де сондай деңгейге көтерілер едік.
– Талантты продюсер – сапалы тауар. Бәлкім, Қазақстанда продюсерлік қызметті мейлінше дамыту керек шығар?
– Дұрыс айтасыз, біздің елде продюсерлік қызмет енді-енді қанат жайып келеді. Алыстағыны айтпай-ақ қояйын, көршіміз Ресейде бұл сала біршама алдыға озып кеткен. Жылтырап жатқан бұлақтың көзін ашып, одан сарқылмас дария, яғни жұлдыз жасайтын мектеп қалыптасқан. Бізге де сондай мектеп керек-ақ. Бұл тұрғыда меценаттар аянып қалмаса екен деймін. Әйтпесе Қазақстанның қаласында да, даласында да талантты жастар көп қой. Десек те, мойындау керек, қазір бәсекеге лайық продюсерлік орталықтар бой көрсете бастады.
– Шығармашылық өміріңізде қазір немен айналысып жатырсыз? Алдағы жоспарыңыз?
– Репертуарым әзірге шектеулі. Менің сүйікті комозиторларымның бірі – Шәмші Қалдаяқов. Осыдан біраз уақыт бұрын біртуар композитор Шәмшінің құрметіне ұйымдастырылған концертте бір әнін симфониялық оркестрмен орындап шықтым. Бұл – менің қазақша ән салудағы тұсаукесерім. Жуырда Қытайға барып, бұл күнде арамызда жоқ белгілі әнші әрі сазгер Ермұрат Зейіпханның «Жайлауым» әніне клип түсіріп қайттым. Алла жазса, жуырда тыңдармандарыма ұсынбақпын.
– Әңгімеңізге рақмет!