Қыдырәлі мен Қарақат үшінші ұлды болды
Өнер әлемінде өте жарасымды жұлдызды жұп, жеке өмірде тату-тәтті отбасы болуымен барша қазақтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Қарақат пен Қыдырәлінің шаңырағында тағы да бесік тербелетін болды. Шілденің соңғы аптасы, дәлірек айтсақ 30-ы, қасиетті жұма күні толғағы келіп, Астана қаласындағы Ана мен бала орталығына түскен Қарақат дүниеге салмағы 3,5 келі шекесі торсықтай ұл әкелді.
Қазақ эстрадасының қадау-қадау мәселелерін шешіп, қазақ шоу-бизнесін қалыптастыру үшін барын салып жүрген азамат, әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың енді онымен қоса бала тәрбиесі мәселесіне де кірісіп, Қарақат атты алғаш отандық қуыршақ шығарғалы жатқанына біраз болды. Осы төңіректе Қыдырәлі ағамыздың өзінен сыр суыртпақтамақ болып, хабарласып едік, күтпеген жерден керемет жаңалықтың үстінен түстік. «Білесіздер ме, мен дәл қазір перзентханадан дүниеге жаңа келген ұлымды шығарып алып жатырмын», – деген азаматтың үніндегі әкелік мейірім мен жүрегіндегі қуаныш тұтқаның бергі жағындағы бізді де толқытып жіберді.
Қыдырәлідей қазағын сүйетін азаматтың осыған дейінгі екі ұлының үлкеніне – Бекболат, кішісіне Иманғали деп, екеуіне де Алаштың ардақты тұлғаларының есімін бергенін баршамыз білеміз. Ал енді осы үшінші ұлына қандай ат қояр екен деген сауалға ағамыз: «Әлі ат қойғанымыз жоқ, алайда Әли не Мұхаммед Әли деп қойсақ деген ойымыз бар. Әрі Қыдырәлі, Иманғалиға ұқсас, әрі дініміз исламда да бұл есімдердің маңызы зор», – деп жауап берді.
Тек өнер демей, қазақтың демографиялық ахуалына сүбелі үлес қосып та үлгеріп жатқан Қыдырәлі мен Қарақаттай жұлдызды жұптың бұл ісі көпке үлгі екені даусыз.