Қонаев апталығы өтуде
Апта басынан бері Алматыда халқымыздың біртуар перзенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты есте қалдыру апталығы өтуде.
Алматы қалалық мәдениет басқармасы мен «Қонаев мұражай-үйі» мекемесі бірлесіп қолға алған апталық аясында көптеген мәдени шаралар жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, қайраткер мұражайында кітап және фотокөрме ұйымдастырылып, түрлі кездесулер өтпек. Ал ардақты азаматтың қайтыс болған күні 22 тамызда апталықтың түйіні ретінде қала маңындағы Баум бағында қайраткердің құрметіне арналған спорттық жарыстар өтіп, Д.Қонаев ескерткіші алдында жиын болады. Бұдан соң ұлы тұлғаның мұражай-үйінде «Д.А.Қонаев – Өзбекстанда» атты деректі фильм көрсетіледі. Сондай-ақ Димаш Ахметұлы мұрасын зерттеп-зерделеп жүрген тұлғалар мен қайраткердің құрметіне арналған спорттық жарыстарда жетістікке жеткен спортшыларға арнайы дипломдар тапсырылады.
Осынау ірі қайраткер тұлға туралы Елбасы Н.Назарбаевтың «Димекең – өз заманының перзенті болған ірі тұлға. Ол кісінің артықшылығын да, кемшілігін де біз сол заманнан бөле-жара қарауға хақымыз жоқ. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған адам» деген сөзі бар. Сондықтан кеңестік кезеңді бастан өткерген еліміздің тарихы Қонаев есімімен тығыз байланысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаралардың барлығы, негізінен, «Қонаевтың 100 жылдығына – 100 шара» жобасы аясында қолға алынып жатқан игі істердің бір парасы.
Қаперге!
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – (1912.12. 01–1993. 22. 08) үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы. 1960–1962, 1964–1986 жылдар аралығында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. 2012 жылы Қонаевтың 100 жылдығы атап өтіледі.