Қазақтың «қазақ» болып қалуының өзі – ұлттық құндылықтарының арқасы

Қазақтың «қазақ» болып қалуының өзі – ұлттық құндылықтарының арқасы

Бүгінгі таңдағы әлемдік жаһандану процесіне байланысты материалдық емес мәдениеттің көптеген формалары ұмытылып, тіпті мүлде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Өйткені қоғамда белгілі бір дәстүрлердің өсіп-өркендеуіне, дамуына қажетті жағдай болмай барады. Соған орай халықаралық қауымдастық материалдық емес мәдени мұраның қолданыстан шығып бара жатқан түрлерін табиғи ортасында сақтап қалу, дамыту жолдарын қарастыруда. ЮНЕСКО-ның 2003 жылы өткен конференциясында «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау мәселелері жөніндегі» Конвенция қабылдануы да сондықтан. Ал енді аталмыш терминнің түсінігіне келетін болсақ, ЮНЕСКО анықтамасы бойынша, «материалдық емес мәдени мұра дегеніміз – адамзат ақыл-ойының көрінісі есебіндегі – сөз өнері, музыка, би, білім мен білік және солармен байланысты мәдени кеңістік, ұлттар мен ұлыстардың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, кәсіптері». Осы ретте, ЮНЕСКО жақын арада күллі адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары мен шұғыл түрде қорғалуға тиісті осы сипаттас рухани құндылықтарының тізімін бекітеді. Ал әлемдік тізімге енетін материалдық емес мәдени мұралар белгілі бір ұлт пен ұлыстың символы немесе эмблемасы іспетті болуы тиіс.
Ендігі мәселе – өнері мен мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі тұрғысынан алғанда, қазақтың да әлемдегі кез келген халықпен терезесі тең ұлт екенін әйгілей алатындай қандай керемет мұралары бар? Жалпы, материалдық емес мәдени мұраны іріктеп, сұрыптау және қорғау мәселесіне біз қаншалықты мән бере алып отырмыз? Осы сұраққа орай, еліміздегі Мәдени саясат және өнертану институтының ғылыми хатшысы
Ғалия ТЕМІРТОНҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Ғалия Теміртонқызы, материалдық емес мәдени мұраға шетелдерде, тіпті көршілес Ресейдің өзінде көп көңіл бөлінетінін байқаймыз. Бізде осы мәселеге мән берілу жағы қалай?
– Соңғы уақытта ұлттық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жемісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны көпшілікке аян. Дегенмен онда, негізінен, археологиялық нысандар, кесенелер, тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты материалдық құндылықтарымызға ден қойылған. Бірақ бұдан «материалдық емес мұраларымыз зерттелмей жатыр» деген ой тумауы керек. Мысалы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қыз Жібек» лиро-эпосы, «Көрұғлы» сияқты талай көне жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп, лайықты бағасын берді. Біздің институт та өзінше жұмыстар атқарып жатыр.
Қазіргі таңда түрлі ұлттар мен ұлыстардың арасында мәдениетке қатысты да талас-тартыс туындап кетуі әбден мүмкін. Өйткені олардың көпшілігіне ортақ бірқатар мәдени құндылықтар бар. Осы мәселеге қатысты биылғы ақпанда ЮНЕСКО-ның Бішкектегі штаб-пәтерінде арнайы семинар өтіп, «Материалдық емес мәдени құндылықтардың тізімін жасау және сараптап, талдау» мәселесі сөз болды. Сондағы көзімнің жеткені – өзіміз «ұлттық» деп жүрген құндылықтарымыздың туыстас түркі халықтармен бірлігі, байланысы бар екен. Мысалы, өзбек ағайындар «Алпамыс» жырының аталым анықтамалығын (досье номинаций) жасап қойған және оны өздеріне тиесілі етіп бекіткісі келеді. Мен соны мәселе етіп көтеріп, «Алпамыс батырға» қазақ халқының қаншалықты қатысы бар екенін дәлелдеуге тырыстым. Атап айтқанда, «эпостың сюжеті, оқиға болған жер, қазақ ру-тайпаларының атауы жөнінен алып қарағанда, аталмыш жырға өзге ешкімнің таласы болмауы тиіс» екендігін баса айтып, «соның өзінде мұндай эпостарды, мүмкін, түркі халықтарының ортақ мұрасы ретінде қарастырғанымыз дұрыс шығар» деген ойымды ортаға салдым. Бірақ қалай болғанда да, біз материалдық емес құндылықтарымызды ЮНЕСКО-ның тізіміне әзірге енгізе алмаймыз. Ол үшін бұл Конвенция мемлекеттік тұрғыда ратификациялануы керек. Дегенмен материалдық емес құндылыққа байланысты ол жақта біздің ұлттық комиссиямыз бар.
– Әйтсе де қашан мемлекеттік тұрғыда қолға алынбайынша, бұл мәселе қозғаусыз қала бере ме?
– Қалай болғанда да, Мәдениеттану институты, Әдебиет және өнер, философия, негізі, барлық гуманитарлық институттардың басын қосып, осы тізімді жасауымыз керек. Ендігі мәселе – соны қалай жасаймыз, оның қандай нұсқалары бар? Мысалы, ән-күйіміз, өлеңдеріміз, бәрі соған кіреді, ол жағы түсінікті. Меніңше, бұл жерде қиындық туатындай бір нәрсе бар. Нақтырақ айтсақ, көне заманнан келе жатқан әрбір материалдық мұраның ішінде материалдық емес құндылық, яғни халықтың ой- парасаты, шеберлігі жатыр. Мәселен, саятшылық көп халықтарда бар. Дегенмен бүркіт ұстау, оны баптау, аңға салу – тек қазақ халқына ғана тән. Сондықтан ертеңгі күні тізім жасағанда ән-күй, би сияқты көзбен көріп, құлақпен ести алатын нәрселерден бөлек, осындай көзге көрінбейтін, санадан туындаған даналық түрлерін қалай елеп-екшейміз, қалай сараптаймыз?.. Мұның бәрі – көп болып кеңесіп шешетін жайт.
Тілі тұралап, діні шатқаяқтаған түрлі кезеңдерді басынан кешіргеніне қарамастан, қазақтың «қазақ» болып сақталып қалғанының өзі де – бәлкім, көңілінің төріне мықтап орныққан тап сол ұлттық құндылықтардың арқасы. Яғни әлемдік ақыл-ой мен шығармашылық қуат көрінісінің үздік үлгілері қатарына енуге лайықты жауһар дүниелеріміз жетіп-артылады. Бізге тек соларды, бүгінгі тілмен айтқанда, дүниежүзілік бренд деңгейіне көтере алатындай біліктілік қажет. Сонымен қатар тізім жасағанда оған тек ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдар, ең бастысы, бойына сол құндылықтарды сіңірген және күні бүгінге дейін сол өнердің жалғастырушысы болып келе жатқан адамдар да атсалысуы керек. Әрине, жалпы тізімді жасай береміз. Бірақ ЮНЕСКО-ның тізіміне сай, мұраларымызды әбден елеп-екшеп, өзге халықтардан оқшау дүниелерді ғана саралап алуға тиіспіз.
– Сіздіңше, қандай құндылықтарымыз тізімге енуге лайық?
– Бұл ретте, ән-күйлеріміз, талай ғасырлық тарихы бар әдеби мұраларымыз – өз алдына бір төбе. Мұның сыртында, мәселен, қазақтың шежіресін алсақ, оның аясында біздің қан тазалығына, ата текке қатысты қаншама түсінігіміз жатыр! Біздің институт қазір ұлттық бренд қалыптастыру мәселесін жиі қозғап жүр. Бренд дегеннің өзі де – құндылықтарды көтеру деген сөз. Мерседес десе, Германияны, Самсунг десе, Кореяны бірден білеміз. Сол сияқты мейлі материалдық болсын, мейлі материалдық емес болсын, бізге де, жалпы, мәдени құндылықтардан бренд жасау керек. Және оған лайық игіліктеріміз жоқ та емес. Мысалы, көптеген шетелдіктердің біздің ауылдық жерлерімізге барып, ұлттық тағамдарымыз бен қолөнер бұйымдарымыздың дайындалу әдістерінің қыр-сырын үйренуге ерекше қызығушылық танытып, кейбірі тіпті елдеріне барып, соған патент алып жүрген сыбыстарын естіп те жүрміз. Шетелдіктер мұндайға ерекше алғыр. Пайда табу, біреудің алдын орау жағына шебер. Осылайша, ұлттық құндылықтарымызды кім көрінген иемденіп кете беретін болса, әлемдік сахнада өзіміз қалай көрінбекпіз? Уақыт талабы осындай болып отырғаннан кейін бәрін ғылыми түрде жүйелеп, дәлелдеп, әр құндылыққа паспорт жасағанымыз жөн.
– Жалпы, қалай ойлайсыз, осындай мәдени құндылықтарға әлемдік тұрғыда ерекше мән берілу себебі неде?
– Өйткені кез келген ұлттың күші – оның мәдени қуатында. Және ол тіпті де мақтаныш ретінде, жай ғана сахнадан көрініс табатын нәрсе емес. Мәдениет арқылы халқыңды да, тарихыңды да сақтап қала аласың. Қазақ халқының тумысынан ерекше талантты халық екені ертеде-ақ дәлелденген. Ал бүгінгі күні халық шығармашылығы саласынан шыққан балалар бар ма? Бар болса, көп пе? Біз көп жағдайда сондай тума таланттардан көз жазып қалып жатамыз. Әсілі, мәдениет – үлкен қару. Дүниежүзілік деңгейде біз тек мәдениетімізбен ғана таныламыз, мәдениетімізбен мақтана аламыз. Онда да тек түріміз, аты-жөніміз ғана қазақы болып қоймай, ана тілімізде сөйлеп, ұлттық ән-күйімізді тартып, биімізді билеп тұрсақ, әне, біздің күшіміз, құндылығымыз сонда...

бір пікір
Ұлттық тағамдарымыздың бірі – қазақша ет. Бірақ соны «бесбармақ» деп атау үрдіске айналып барады. «Бесбармақ» дегеннің өзі – біздің құндылығымызға көлеңке түсіретін сөз. Өйткені адамның қолында бес бармақ жоқ. Бір ғана бармақ, төрт саусақ
бар...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста