Қазақ деректі фильмінің атасынан айырылдық
Қарттар да қара ағаш секілді біріне-бірі сүйеніп тұратындай... Бірі құласа, қалғандары да соның соңынан топ-топ құлайды... Биыл жыл басынан бері Алаш жұрты аз қайғымен ұшырасқан жоқ. Гүлнар Дулатова, Райхан Жұмабаева сынды аяулы әжелерімізден айырылып едік, енді тағы бір қазаны естірткелі тұрмыз. 97 жасқа қараған шағында ұзақ науқастан қазақ деректі фильмінің атасы, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ораз Әбішев дүниеден озды.
Ораз ақсақал 1916 жылы 1 мамыр күні бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген еді.
1938 жылы Алматыда Қазақ музыкалық театры жанындағы студияны бітірген соң, бірден аталған театр құрамында әнші болып қызмет жолын бастаған болатын. Сахнадан бір көрінген әртіс қалайша сосын өмір бойы қалтарыста жүретін, деректі фильм саласын таңдады деген сауалдың туындауы орынды. Бұл жөнінде атамыз бір сөзінде «балалық шалт қылықпен дауысымды жоғалтып алдым» деген болатын. Алайда онысы содан кейін өзі іргетасын қаласқан деректі фильм саласына «неге кеттім?» деген өкінішті білдірмеген еді. Себебі кино өнеріне Ораз Әбішев кәдімгідей ден қойып, кәсіби түрде кірісті.
Осы жолда Бүкілодақтық кинематографистер институтының (ВГИК) режиссерлік факультетінде оқуға түскен ол «Райхан» фильмінің режиссері Моисей Левин, сондай-ақ Григорий Рошаль, Роман Кармен сынды кино майталмандарының ассистенті болады. «Мосфильм», «Ленфильм» сынды киностудияларда шеберлік мектебінен өткен жас режиссер 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды. 1944 жылы «Қазақфильм» киностудиясының режиссері ретінде көптеген шежірелік-деректі, ғылыми-көпшілік фильмдер түсірді. Оның шығармашылық өнері ұлттық идея мен рухқа, намысқа негізделген және жастарды тазалыққа, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Ұзақ жылға созылған тынымсыз еңбектің жемісі «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сынақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жыраулар», «Аталар жолымен» т.б. тамаша деректі фильмдер десек, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін айғақтаған туындылар ұлттық рухымызды, мәдениетімізді шыңдауға қызмет ететін қазына болып табылады.
Ораз Әбішев «Арман аралы», «Кеншілер әулеті», «Мұқан Төлебаев», «Желден жүйрік» деректі фильмдері үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған. Сондай-ақ режиссер өзінің кино саласындағы ерен еңбегінің нәтижесінде Октябрь революциясы, екі мәрте «Құрмет белгісі», Қазақстан Республикасының «Отан» ордендерімен марапатталып, «Экран шебері» атағын иеленген.
Ендеше, жоғарыда аталған еңбектері мен шығармашылықтағы табыстарын сараптай отырып, біз Ораз Әбіш ақсақалды қазақ деректі киносының атасы дей аламыз. Алаш жұрты жалғаннан жырақ ұшса да, осынау асқақ азаматын ардақ тұта береді. Ораз Әбішев бейнесі қазақстандық кинематографистер мен киносүйер қауым жүрегінде мәңгі сақталады. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!