Қазақ баласын "Қажымұқан" әлдилесе болмай ма?
1944 жылдың 29 қыркүйегінде КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетіне Қазақстаннан бір таңғажайып хат жетеді. Мазмұны: «...Отанымыз фашист басқыншыларына қирата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің 55 жылын спортқа арнаған балуан, жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды қорғаныс қорына тапсырамын. Осы қаржыға Аманкелді Иманов атындағы самолет жасауға тиісті нұсқау беруіңізді өтінемін». Бұл хатты жолдаушы – адам түгілі, батпандай ауыр ойсылқара тұқымын кеудесіне мінгізіп алып, қыңқ демейтін, төрт дөңгелекті арбаны үстіндегі 25 адамымен қоса тісімен сүйрейтін күш атасы, балуандығымен әлемнің төрт бұрышына қазақтың даңқын шығарған Қажымұқан атамыз.
Берлинде темірді қамырдай илеп, Парижде түйе көтерген
Ерегіскенде 51 пұт кірдің тасын көтерген Балуан Шолақ пен «екі метр бойы бар, астына ат шыдамайтын, 40 кісімен жалғыз өзі қамшымен ғана төбелескен» деген аңыз ерткен Иманжүсіптердің соңын ала даламызды шыр еткен сәби үнімен жаңғыртқан Мұқан да Мұңайтпастай әкенің ғана емес, күллі қазақтың бағына біткен, ғасырда бір туатын таңғажайып ұл болды. Бойының биіктігі – 1 метр 96 сантиметр, салмағы 130 килограмм тартатын алпамса (жазушы Әди Шәріпов тіпті 230 келі, таразыға тартқанда өз көзіммен көрдім деп жазады), сонысымен қатар қандай ауырлықты болсын қауырсын құрлы ғана лып еткізіп көтеріп алатын толағай ұлды ХХ ғасыр басынан-ақ әлем «Муханура» деген атпен танып қана қоймай, оның әр күресін, әр аренаға шығуын асыға күтетін болған. Оған бір ғана қарапайым мысал айтсақ, Берлинде жуандығы бір еліден асатын сым темірді мойнына галстук етіп, беліне белбеу қылып орап, қамырдай илеген балуан бабамыз Парижде сахнаға мініп шыққан түйесін мойнына көтеріп, отырған жұрттың аузын аштырып, көзін жұмдырған. Сондай-ақ талай елде 75 пұт жүк салынған арбаны тісімен сүйреп сахнаға шығарып, алып кеудесіне 20 пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен уаттырғанын көзімен көрген ел түгел тамсана айтып, естеліктерінде жазып кеткен. Әлемнің 59 елінде болып, алтыны, күмісі, қоласы бар 48 медаль алған Қажымұқан бабамыз – тек тума талант қана емес, спорт мектебін бітірген кәсіби спортшы. Алты жылдық арнайы спорт мектебін үш жылда бітірген, жарты ғасырға жуық кілемнен кетпеген балуанның барлық белдесуін тізіп шығу мүмкін емес, тек қандай мықтылардың жауырынын жерге тигізгенін айтсақ та, жеткілікті секілді. Заманында атағынан ат үркетін әлем чемпиондары – жапон балуаны Саракикиді, неміс балуаны Тон Кеннедиді, әлем чемпионы Ганс Каунды, сондай-ақ тағы бір чемпион Стурменді жеңген. Ал ел-жұрт алдындағы абыройы мен даңқын айтпағанда, 1927 жылы Орынборда өткізілген ірі чемпионатта зор табысқа жеткені үшін Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының Орталық атқару комитеті Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген атақ берсе, 1945 жылы ол кісі «Құрмет белгісі» орденін омырауына таққан.
«Алып анадан туады»
Расында, алып күш иесінің анасы Кәбира ауыл арасында ерекше күш-қайратымен көзге түскен. Бір әкелгені айлық отын болатын ағашты көріп, ел-жұрт «бұл Кәбира аман болса, үйіне тоғайды жерімен көтеріп әкеледі» дейді екен. Ал енді алып бабамыздың дүниеге келуі аңызға татырлықтай. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өзінің балуан жайлы кітабында: «Санаулы күн өтсе де, бала туа қоймады. Сүйінші күткен қарт ананың қуанышына уайым араласа бастады. ...Жыл көтере ме дегенде Кәбираға ауыр толғақ келді де, безектетті. Екі күн, екі түн бақанға асылып тұрды. Жаны қысылып, сасқан қарт ана боз қасқа айтқызып, мал шалды. Ақырында арыстай ұл туды. Бала жақсы болса да, тұңғыш тапқан егізінен әрі салмақты әрі үлкен еді. Мөлшерден артық толғақ Кәбираны талдырып тастады», – деп жазады. Туылған соң да оны асқа жарыту кедей отбасына оңайға соқпаған. Жаңа туған сәбидің бір сиырдың сүтіне тоймауы адам айтса сенгісіз, бірақ ақиқат. Ойнауының өзі қызық, өзге балалар асық ойнаса, алып бала өз алдына сиыр мен жылқының топайын қызықтаған. Қорқу дегенді білмеген, тек қысық көзінің қиығымен қарап тұра береді екен. Айта берсек, біртуар балуанның сан қыры таусылмайды. Алайда біздің айтпағымыз бұл емес...
Күш атасы қашан анимацияға айналар екен?..
Қарап тұрсақ, ешқандай аңыз-әпсанасыз-ақ туылуы да, кешкен өмір жолы да тұнып тұрған тарих, қаһарман бейне осы Қажымұқандай-ақ болсын. Атамыз жайлы жазған жазушы, өлең арнаған ақындар да аз болмаған. 1984 жылы солардың басын құрастырған Ғазизбек Тәшімбайдың «Күш атасы» деп аталатын кітабы жарық көрсе, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан» атты хикаяттар жинағын жазып шыққан. Ал кинематография саласында балуан баба жайлы тұңғыш көркем фильм түсірген режиссер Абдолла Қарсақбаев болыпты. Фильм «Знай наших» деп аталатын болса, режиссер Сұлтан Қожықов та 1985 жылы «Қажымұқан» атты фильм жасаған. Онда толағай бабамыз бен француз күресі жөнінен әлем чемпионы атағын алған орыс балуаны Иван Поддубный достығының тарихы баяндалады. Алайда кезінде жасалып қалған осынау құнды дүниенің кейінгі буын өкілдері тарапынан қолдау көріп, жалғаспай қалғаны түсініксіз. Телеарналардан да берілмей кеткені өз алдына, сол тұстан бергі жаңарған, толыққан деректерді қосып, балуан жайында жаңа бір кино, деректі фильм неге жасалмайды? Әсіресе осы тұста осындай батыр, алып, балуан бабалары барын бүгінгі балалар біле ме деген ой туындайды екен. Жап-жасыл, қалқан құлақ, не адам, не аң екені, аң болса да, қандай екені белгісіз Шрэк жайлы мультфильмге де балаларымыз тамсанып, әр жаңа сериясын асыға күтіп жүреді ғой. Егер өзіміздің өмірде болған батырларымыз, осындай аңыз адамдарымыз жайлы анимациялық туындымыз болмаса, балаларымызға әлгіндей жасанды кейіпкер таңсық болмай, қайтсін?! Көкті де ұрықтан бастап екпей ме?! Ендеше, бізге де ерлікті, өрлікті, кеңдікті, дарқандықты бойымызға сіңіру үшін ең алдымен осы бір қасиеттің ұрығын ұрпақтың көкірегіне егу керек екені даусыз. Жалғыз өзі бір сиырдың сүтін ішіп, асық орнына жылқы мен сиырдың тобығымен ойнаған алып баланың күш атасына айналғанға дейінгі өмірі жанды суреттерге толы анимация тілінде тіпті жанып кетер еді. Оны көріп өскен бала да «өскенде кім боласың» десе, өрмекші-адам емес, «Қажымұқан боламын» деп, кеудесін керіп айтары даусыз.
Динар НҮКЕТАЕВА:
– Батырдың да батыры, алыптың да алыбы болады. Қазақтың атын төрткүл дүниеге таратқан әйгілі балуан бабасы жайлы қазақтың бүгінгі қарадомалақтарының бірі білсе, өкінішке орай, көбі біле бермейді. Себебі насихат жоқ, идеология жоқ. Бала санасына бастайтын бірден-бір төте жол – анимация. Басқадай форматты баланың қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан, меніңше, сондай бір ерен күштің иесі, талай аңызға бергісіз ерліктің иесі, қаһарман тұлға – Қажымұқан жайлы мультфильм керек-ақ. Қаншама азулы елдің жауырыны жерге тимеген алыптарын атып ұрған балуан атамыз қазақ баласының санасынан өшіп қалмауы тиіс. Балаларымыздың қиялын қазір қайдағы бір кейіпкерлер жаулап алған, соны тым кеш болып кетпей тұрғанда, осындай өзіміздің қаһармандарымызбен ысырып шығарып тастауымыз қажет!
«Алаш айнасы» мұрағатынан