Қасиет қонған пір Бекет
Биыл ұлыстың ұраны, бір басына бірнеше қасиет дарыған пір Бекет Атаның 260 жылдығы еліміздің аймақтарында ерекше аталып өтуде. Кіндік қаны Атырау өңірінің Жем бойындағы Ақмешіт елді мекенінде тамған Бекет Ата Мырзағұлұлы – көріпкелдігімен, әулиелігімен, сәуегейлігімен бірге, тарыққанды демеп, зарыққанды жебеген, аса ерекше қасиетімен қоса, сәулет өнерін дамытқан шеберлігімен әрі батырлығымен елге танылған тарихи тұлға.
Атырау өңірінде Бекет Атаның 260 жылдығы ата дәстүрмен пір Бекет дүниеге келген киелі мекенде аталып өтті. Бекет Ата ұрпағы, қазіргі күні атаның Ақмешітінің шырақшысы болып отырған Ислам қажы Мырзабекұлы алғашқылардың бірі болып атаның 260 жылдығына үлкен ас беру туралы мәселе көтерген болатын. Соның алғашқы қадамы етіп, Ислам қажы өткен жылы Бекет Ата туралы жазылған жинақтарды, өзі зерттеген тарихи мағлұматтарды кірістіріп, «Бекет Ата» деген сегіз жүз бетке жуықтаған кітабын жарыққа шығарып, оқырманға жеткізді.
Бекет Атаның аруағына зиярат етуші қауымға қызмет етіп отырған Ислам қажы Мырзабекұлының ас беру туралы ниеті мен тілегін құп көрген пір Бекет ұрпақтарының және жалпы халықтың қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара қыркүйектің 10-11 күндері Ақмешітке таяу Бақа деген жерде өтті. Бекет Атаның аруағына арнап ас берудегі халық бастамасына Маңғыстау мен Атырау облыстарының әкімдері де қолдау білдірді.
Атырау қаласынан ҚР мәдениет қайраткері, өнертанушы Нариман Үлкенбаев пен жылыойлық азаматтар басқарған ұйымдастыру алқасының мүшелері пір Бекет асына келемін деген халықтың жетуіне, барлық мәдени және маңызды діни шараларды көруіне жағдай жасады. Соның нәтижесінде, Атаның асына Түрікменстан, Иран, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан және өз еліміздің барлық аймағынан келген 10 мыңнан аса халық келген қонақтарға арнайы тігілген 130 киіз үйден ас ішіп, пір Бекеттің аруағына арнаған Құран қатымды ұйып тыңдауға, түрлі ұлттық спорттық ойындар мен аламан бәйгені көруге мүмкіндік алды. Атырау өңірінде бұрын-соңды болмаған дүбірлі тойға келген халық алдында сөз алған облыс әкімі Бергей Рысқалиев Бекет Атаның ерекше қасиетіне тоқталып өтіп, облыста ұйымдастырған осы шараны бүкіл қазақ қоғамын біріктіретін үлкен шара деп атап, халық алдында ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың пір Бекетті ұлықтау тойымен құттықтаған хатын оқып берді.
Ғасырларда бір туар тұлға
Астанадан келген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өткен тарихтан сабақтаған келелі ойы, шуақ шашқан пір Бекеттің ерекше қасиеттері туралы айтылған сөзі Бекет Ата тойына келген халықтың санасында біразға дейін жаңғырып тұрарына сеніміміз мол.
Бұдан соң Ата аруағына арналған ас беру шарасы облыстық «Нарын» фольклорлы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Адай» күйімен басталып, Халық артисі Ғафиз Есімовтің және жергілікті орындаушылардың орындауында ән-күй, термелер шырқалды. Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова Бекет Ата тойына орай ұйымдастырылған аймақтық ақындар жыр мүшәйрасына төрайымдық етіп, аймақтарды айтпағанда, Алматыдан келген оралман қандасымыз қатысқан жиырма ақынның ішінен жүлдеге лайықтыларды таңдап, жүлделерін үлестіріп, өзін сағынып қаумалаған халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Бұл шарадағы маңызы жоғары болған ғылыми-танымдық конференцияда Ақмешіт имамы Ислам қажы «Ғасырларда бір туар тұлға» деген тақырыпта баяндама жасаса, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысындағы жоғары оқу орындарындағы профессорлар Бекет Ата туралы өздері дайындаған баяндамаларын көпшілікке арнады.
Ораза айт мейрамымен тұспа-тұс келген пір Бекет Ата тойында жұма намазы оқылып, оның ата-бабаларына дұға оқылып, одан соң Ақмешіттің молдасы Мұхамбетжан Мырзабековтің уағызы тыңдалды.
Қасиетті тұлғаға ас беру рәсімінің алғашқы күнінің соңында жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің «Бекет Ата жолымен» атты 40 минуттық деректі фильмі жұрт назарына ұсынылды.
Жақсылық жалғасын табады
Астың екінші күні аламан бәйгемен басталды. Қасиетті Ата асын ұйымдастыру алқасының төрағасы Н.Үлкенбаевтың айтуынша, аламан бәйге 35 шақырымға көзделіп, осы бәйгеден топ жарып келген арғымақ иесі «Джип» автокөлігіне ие болды. Ал топ бәйге мен жорға жарыста жолы болғандар «Нексия» мен «Жигули» автокөліктерін қанжығаға байлады. Бекет Атаның кіндік қаны тамған жерде өткізілген асқа қатысуға келген он мың халықтың қай-қайсысын сөзге тартсақ та, осы шараның келер ұрпақтар үшін маңызы зор екенін сөз етіп жатты.
Ал поэзия падишасы Фариза апамыздың сөзімен түйіндесек, «Бекет Атаның 260 жыл бойы халық жадында сақталуымен, шын мәнінде, оның Алла тағаланың ерекше жаратқан қасиетті адам екеніне жұрттың бәрін сендіруге болады және мұндай шара Атырау өңірінде бұрын ұйымдастырылып көрмегендігімен де ерекшеленеді».
Алматы мен Атырау өңірінде басталған шара осы аптада Астана мен Маңғыстауда жалғасын табады.