Орыс баласы домбыра іздеп жүр
Ол қырықтан астам шығарманы киелі домбырамен нақышына келтіре орындайды. Оның ішінде құдіретті қазақ күйлері, әуезді әндері де бар. Бірақ бойындағы бар талантты қалың жұртқа паш еткізуге қауқары болғанымен, қолы қазақтың бір домбырасына жетпей жүр! Төкпе күйді төгілтіп, шертпе күйді шегіне жеткізе шертуге Мишаның арнайы концертке арналған аспабы жоқ.
Михаил Глазыриннің жасы – 19-да. Ұлты орыс болғанмен, оның жүрегі қазақ деп соғады. Бұны Мишаның өзі де мақтанышпен айтуда. Бозбаланың домбыраға ден қойғанына тоғыз жылдан асты. №1 музыкалық мектепте оқып жүрген кезінде нағашы ағасы Нүсіпбек Жүнісов оны осы бір киелі аспапқа баулиды. Содан бері орысша тәлім-тәрбие алып жатса да, талабы бар бала іште қайнап жатқан талантымен маңайындағыларды тәнті ете бастапты.
Михаилдың өзге ұлт өкілі болса да, қазақ рухын асқақтатуға барын да, жанын да салып жүргенін Халықаралық қазақ тілі қоғамының облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбай да растап отыр. Орал ағаның айтуынша, ол Мишамен осыдан бес жыл бұрын танысыпты. Зерек баланың домбыраның құлағында ойнап отырғанын көргенде қатты қуанған. Содан Михаилды өзіне шақырып алады. Бүгінде домбырашы жігіт Халықаралық қазақ тілі қоғамының облыстық филиалының басқарма мүшесі. Қазақша жақсы түсінеді, аздап сөйлейді де.
Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің ІІ курс студенті Михаил Глазырин бүгінде екі мамандық бойынша білім алуда. Бірі колледждің үрмелі-ұрмалы аспаптар бөлімінде тромбон мамандығы бойынша іштей оқыса, сырттай домбыра бөлімінде күйшілік шеберлігін шыңдауды қалыптастыруда. Жеткен жетістігі де жоқ емес. Музыкалық мектепте оқып жүргенде 2006 жылы домбырашылардың облыстық байқауына қатысып, дипломант атанса, өткен жылы үрмелі-ұрмалы аспап орындаушыларының республикалық байқауында үшінші орынды иеленіпті.
Орал ШӘРІПБАЙ, Халықаралық қазақ тілі қоғамының облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
– Михаилдың біраз уақыт бұрын қаладағы мектептердің бірінде домбырада ойнап отырғанын көзім шалды. Содан талабы барына көзім жетіп, өз қамқорлығыма алдым. Ол домбырада күй тартқанда кәсіби күйшілерден кем түспейді. Әсіресе «Аққу» мен «Балбырауынды», «Ақсақ құланды» бабына келтіре орындағанда тыңдаған адамның жүрегі шымырлап, керемет бір әсер алады! Сондықтан қалада өткен әрбір шарадан қалыс қалдырмауға тырысамын. Өйткені Мишаның бойында туа біткен табиғи талант бар. Керемет дарын бар. Бірақ бір өкініштісі, оның осы өнерін шыңдайтын арнайы концерттік домбырасы жоқ.
Осыдан болар, концерт болар алдында Михаил мен Орал Шәріпбай қосылып қаладан домбыра іздеп шарқ ұрады. Оның өзін жалынып жүріп жалға әрең табады. Өйткені кез келген домбыра күй ойнауға келе бермейтіні баршаға аян. «Концерттік домбыраның құны 40-50 мың теңге көлемінде тұрады. Күйдің құдіретті үнін халыққа жеткізу үшін сондай арнайы аспап болуы тиіс. Бірақ ондай мүмкіндік Мишада жоқ. Өткенде тіпті қала әкімі журналистермен кездескен сәтте Михаилды шақырып алып, қаншама адамның алдында күй тартқыздым. Ондағы бар ойым ұлтына қарамай, қазақтың рухын асқақтатып жүрген оны құр сөзбен емес, шынайы іспен дәлелдеп жүрген осы бір жас жігітке жібі түзу домбыра табылса, демеушілер соған қолұшын берсе деген үлкен арман тілегім болды», – дейді Орал аға.
Михаил ГЛАЗЫРИН, домбырашы:
– Мен негізінен 3-сыныптан бастап музыкаға ден қойғанмын. Соның ішінде домбыраны ерекше жаныма жақын тарттым. Осы аспапқа бет бұрғалы үйдегі ағам да, анам да қазақ күйлерін тыңдайтын болды. Соңында қазақ тілін де меңгере бастады. Қазір барлық туыстарым қазақ домбырасынан төгілген шығармаларымды сүйіп тыңдайтын жағдайға жетті. Мен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Нұрғиса сынды атақты күйшілердің күйлерін шертпесем тұра алмаймын.