Нұрғали Түркиядан жүлдемен оралды
Таяуда Түркияның Чешме қаласында өткен XX халықаралық орындаушылар байқауында жерлесіміз Нұрғали Тұрлыбеков жүлделі екінші орынды иеленді. Ал бірінші орын украиналық әнші Валерия Калужскаяға бұйырыпты.
Жерорта теңізінің жағалауындағы Түркияның шағын ғана Чешме қаласы сонау 1700 жылдары болған орыс-түрік арасындағы шайқаспен аты тарихта қалған. Чешме шипалы қайнар бұлағымен де белгілі, сондай-ақ бұл – айтулы өнер орталығы.
Байқау өткізіліп келе жатқан әр жылдары дүниежүзінің танымал әншісі Джанет Джексон, Катрин Денев, «Модерн Токинг», «Снэп» секілді белгілі топтар ән додасының қонақтары болған. Ал байқау тарихында Қазақстаннан тек үш өнерпаз осы халықаралық жарыста бақ сынады. 1986 жылы Роза Рымбаева бас марапатты иемденсе, араға 10 жыл салып Маржан Арапбаева өнер көрсетті, алайда ол жеңімпаздар қатарынан көріне алмады. Биыл елден барған Нұрғали Тұрлыбеков бақ сынады. «Жас қанат» және «Азия дауысы» байқауларының лауреаттары Нұрғали – бүгінде Астанада мемлекеттік филармонияның әншісі. Төрт мыңға жуық көрермен жиналған байқау екі күнге созылды. Түркия сахнасында Канада, Финляндия, Франция, Германия, Италия, Украина, Швеция, Швейцария, Грекия, Литва және Латвиядан келген орындаушылар өнер көрсетті. Ақтық сынға Нұрғалимен қатар үш орындаушы жолдама алды. Қазақстаннан белгілі продюсер, «Азия дауысы» фестивалінің директоры Мұрат Ерғалиев қазылар алқасының мүшесі болды. Қазақстандық жас әнші «Чешма – 2009» байқауында қазақтың халық әні «Бір баланы» орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Сонымен, байқаудың бас жүлдесін украиналық Валерия Калужская қанжығасына байласа, екінші орынды Нұрғали алды, финляндиялық Осмо Айконен үшінші орынды қанағат етті. Байқау қорытындысы бойынша, қазылар алқасы ақтық сынға шыққан үш орындаушының жүлделі болуын әділ деп шешті. Бұған дейін Нұрғали Беларусь, Украина және Ресейде өткен халықаралық байқаудың жеңімпазы атанған.