Мұстафа Шоқай бейітіне ескерткіш орнатылды
Таяуда тәмам елден сүйінші сұрарлық айтулы оқиға болды. Франция төрінде қазақ халқының тұғырлы тұлғасы Мұстафа Шоқайдың жамбасы жерге тиген бейітінің басына ескерткіш бой көтерді. Алты алаштың азаттығын аңсаған ардақты ұлды ұлты осылайша ұлық тұта білді. Сырдың жағасында пәнидің есігін ашқан қайраткер жат жерде бақилық сапарға аттанды. Дүниежүзілік деңгейдегі саясаткер дәм-тұзы таусылғанша түбі бір түркінің басын қосуды аңсады.
Үстіміздегі жылы Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығы тойланып жатыр. Бұл атаулы мерейтой барша жұрттың ортақ тойы десек те жарасады. Заманынан озық туған оның қайраткерлік қасиеті Кеңес үкіметінің орнауы кезеңімен тұспа-тұс келді. Қызыл жалауды желбіреткен большевик басшыларының көздегенін әріден тарқата білген М.Шоқай түркі жұртының түгел болуын қалап, соның жолында тынбай тер төкті. Алайда ол дегеніне жете алған жоқ. Қызылдар тарапынан қуғынға ұшырады. Осының салдарынан шетелге кетуге мәжбүр болды.
Ақтық демі Францияның Ножан-сур-Марн қаласында бітті. Жетпіс жыл бойы оның атын атауға қатаң тыйым салынды. Ардақты азаматтың аңсаған азаттығы түптің түбінде өз халқының бағына бұйырды. Әлемдік деңгейде Қазақстан мемлекетінің аты шыға бастағанына келер жылы тұп-тура жиырма жылдың жүзі болғалы тұр. Осындай ұлан-асыр тойдың қарсаңында орайы келген оң іс барша бұқара үшін жағымды жаңалықтың біріне айналды.
Ескерткіштің ашылуына біздің елімізден көптеген азаматтар барып қайтты. Олардың қатарында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов және өзге де белгілі азаматтар бар.
Базарбай АТАБАЕВ, Мұстафа Шоқай қорының төрағасы:
– Біздің қор 1992 жылы тұсауын кескен. Содан бері талай жылдың жүзі болды. Осы аралықта көптеген жұмыстарды атқарып үлгердік. Тәуелсіздік жолында күрескер атанған тұлғаны елге таныту жолында тынбай тер төктік десек те артық емес. Сол жылдарда елдің Мұстафа Шоқай жөнінде білетіні аз еді. Тіпті қаншама жылдар бойы айтылған жалған әңгіменің жетегінде жүрген жандар аз болған жоқ. Қазір ондай адамдар арагідік кездесіп қалатыны жасырын емес. Шындығын айтқанда, осындай тынымсыз еңбектің арқасында халқымыз қалаулы қайраткерін қайта тани бастады. Ол жайында ғалымдар көптеген еңбектер жазуды қолға алды. Қаламгерлер шығармаларына тұғырлы тұлғаны арқау етті. Белгілі қайраткердің туған топырағында оған арналған ескерткіш бой көтерді. Енді Франция жерінде жатқан қайраткердің мәңгілік мекенінде оның бюстін орнатып қайттық. Әрине, әлі де жасалатын жұмыстар баршылық. Олардың да келешекте орайы келе жатар.
Мен Франция жеріне өзгелерден ертерек аттанып кеттім. Қасымда ескерткіштің авторы, сәулетші Амангелді Кененбаев бар. Ол жаққа барғанда бізді біраз шаруа күтіп тұр екен. Көптеген істерге Қазақстанның Франциядағы елшілігі қол ұшын созды. Кейбір дүниелерді сол елдің заңдылығына бейімдеуге тырыстық. Айтулы шараға келушілер аз болған жоқ. Біздің елімізден барған делегациядан өзге Франциядағы қазақ диаспорасы, түріктер және сол елдің белгілі азаматтары бар. Атап кетерлігі, сол мемлекетте дүниеден озған түркі жұртынан шыққан танымал қайраткерлер аз емес. Солардың арасында тұңғыш рет Мұстафа Шоқайға осындай құрмет көрсетіліп отыр екен. Осының өзін біздің халқымызға деген үлкен құрмет деп бағаласақ жарасады. Аталмыш шарадан кейін Мұстафа ағамыздың адал жары болған Мария жеңгейдің бейітінің басына да бардық. Ол да қашық емес.
Ескерткіш бюст орнату жөніндегі ұсыныс Сыр өңірі басшылығы тарапынан қолдау тапты. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылды. Оған жеті ұсыныс қабылданды. Олардың арасынан жергілікті мүсінші Амангелді Кененбаевтың жобасы үздік деп танылды. Осының нәтижесінде аталмыш жоба Мәдениет министрлігінің ескерткіштер және монументтер жөніндегі арнайы комиссия назарына ұсынылған болатын. Олардың шешімімен А.Кененбаевтың жобасы мақұлданды.
Амангелді КЕНЕНБАЕВ, сәулетші:
– Мен үшін Мұстафа Шоқайдың ескерткіш бюстін жасау қиынға соға қойған жоқ. Бұл бағытта түрлі тарихи деректерді қарауға тура келді. Әсіресе, Мұстафа ағамыздың жары Мария жеңгейдің естеліктері көп көмегін тигізді. Оны жасауға жергілікті “Игілік” қорынан 2 млн теңгеден астам қаржы қаралды. Франция жерінде орнатылған туындыға сол елдегі белгілі азаматтар оң бағасын берді.
Тұғырлы тұлғаны елге таныту бағытында Сыр өңірі денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Махановтың да еңбегі көп. Франция еліне барған делегация құрамында ол кісі де болды.
Тұрғанбай МАХАНОВ, Денсаулық сақтау саласының ардагері:
– Ескерткіш орнатқан бейітке жақын жерде Мұстафа Шоқайдың өмірінің ақырғы жылдарында тұрған үйі бар. Қала басшылығы бұрын ол кісінің үйін көруге келген адамдарға көрсететін басқа дүние жоқ болғанын айтады. Аталмыш ескерткіш осындай олқылықтың орнын толтырып отыр.